Әлемде: Таяу Шығыстағы қақтығыс, Еуропада мигранттар дауы, Иран ураны, Пәкістанның Газаға көмегі
BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Израиль Йемендегі нысандарға әуе соққысын жасады
Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Йемен аумағындағы әскери нысандарға бірқатар әуе шабуылын жасағанын хабарлады. Сана қаласындағы президенттік сарай да соққыға ұшыраған.
Әскерилердің мәліметінше, "Асар" мен "Хезаз" электр станциялары және жанармай қоймасы атқыланған. ЦАХАЛ бұл нысандарды хуситтер әскери мақсатта пайдаланғанын мәлімдеді.
Соққы жасалған нысандардың ішінде – президенттік сарай орналасқан әскери кешен, „Асар“ және „Хезаз“ электр станциялары, сондай-ақ хуситтердің әскери әрекеттеріне пайдаланылған жанармай қоймасы бар, – делінген Израиль армиясының хабарламасында.
Бұдан бөлек, Израиль ӘӘК атқыштары Сана маңындағы әскери инфрақұрылымға соққы берді. ЦАХАЛ бұл операция хуситтердің Израиль аумағына жасаған бірнеше шабуылына жауап ретінде іске асқанын атап өтті.
Санадағы президенттік сарай хуситтердің әскери операциялар жүргізетін әскери кешен аумағында орналасқан, – деп толықтырды армия.
Иран уран байыту деңгейін төмендетуді қарастыруда
Иран билігі БҰҰ санкцияларының қайта енгізілуін болдырмау және Батыспен қатынастағы шиеленісті азайту үшін уран байыту деңгейін төмендетуге дайын екенін мәлімдеді.
Ирандық ресми өкілдердің дерегінше, Ұлттық қауіпсіздік жоғарғы кеңесінің жаңа хатшысы Али Лариджани уран байыту деңгейін 60 пайыздан 20 пайызға дейін азайту бастамасын көтерген. Оның пікірінше, бұл қадам Израиль мен АҚШ тарапынан жаңа шабуылдардың алдын алып, соғыс қаупін төмендетуі мүмкін.
Жақында сайланған президент Масуд Пезешкианның реформистік үкіметі де ядролық бағдарламаның бір бөлігін қысқартуды талап етіп, күштік құрылымдарға қысым көрсетіп отыр.
Алайда бұл бастамаға қарсы тараптар да бар. Әсіресе, Ислам революциясы сақшылары корпусы қарсы болып отыр. Соған қарамастан, Иран басшылығында Батыспен диалогты қайта жандандыру үшін белгілі бір жеңілдіктер жасау мүмкіндігі талқылануда.
2026 жылдан бастап Чехияда мигранттар мен босқындарға талаптар күшейтіледі
Чехия президенті Петр Павел мигранттар мен баспана іздеушілерге қатысты ережелерді қатайтатын заңға түзетулерді бекітті.
Жаңа тәртіп 2026 жылдың қаңтарында күшіне еніп, рәсімдерді жеделдету, заңбұзушылықтың алдын алу және шетелдіктерді бақылауды күшейтуді көздейді.
Енді бір жыл ішінде үш рет құқық бұзған шетелдікке ол жерде тұруға рұқсат берілмейді, тұру уақыты да ұзартылмайды. Елден шығарылғандарға қайтадан баспана сұрау мүмкіндігі де шектелмек.
Бұл өзгерістер ЕО-ның ортақ миграциялық пактіне сәйкес қабылданған.
Бұған қоса, Чехия Еуроодақта 150 км/сағ жылдамдық шектеуін енгізуі мүмкін алғашқы ел болуы ықтимал.
Пәкістан Газа секторына 100 тонна азық-түлік жөнелтті
Пәкістан Израильдің шабуылы мен блокадасынан аштық жайлаған Газаға 100 тонна гуманитарлық жүк жіберді. Жүк құрамында ұн, дайын тағамдар, май, тосап және жемістер бар. Ол премьер-министр Шахбаз Шарифтің тапсырмасымен Лахор қаласынан жөнелтілді.
Бұл – Пәкістанның Газаға жолдаған 19-шы көмегі. Жалпы көлемі 1915 тоннаға жетті.
БҰҰ қолдауымен жұмыс істейтін ұйымның 2025 жылғы 15 тамызда жарияланған есебінде Газа секторындағы аштықтың "катастрофалық деңгейге" жеткені айтылды. Қақтығыстар салдарынан 500 мыңнан астам адам аштық пен ауыр гуманитарлық жағдайда өмір сүруде.
Аймақта әсіресе балалардың аштықтан көз жұмуы көбейген. Жергілікті және халықаралық ұйымдар Израильді "аштық пен шөлді қару ретінде қолдануда" деп айыптап отыр.