Әлемде: Таяу Шығыста шиеленіс күшейді, АҚШ Иран кемелерін жойды, Трамп рекорд орнатты
BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты оқиғаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.
АҚШ Оман шығанағында 11 ирандық кемені жойды. Иран өзін қорғау үшін барлық шараны қолданатынын мәлімдеді. Дональд Трамп әскери белсенділік бойынша рекорд орнатты. Жапонияда 6 балдық жер сілкінісі тіркелді, ал ШЫҰ Ирандағы жағдайға қатысты алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
АҚШ Оман шығанағында 11 ирандық кемені суға батырды
АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығы – United States Central Command (CENTCOM) Оман шығанағында Иранға тиесілі 11 кеменің жойылғанын мәлімдеді. ВВС таратқан ақпаратқа сәйкес, қазіргі уақытта аталған аймақта Иранның бірде-бір кемесі қалмаған.
CENTCOM өкілдері екі күн бұрын бұл аумақта 11 ирандық кеме болғанын, ал бүгінде олардың толық жойылғанын атап өтті. АҚШ тарапы Иранды ондаған жылдар бойы халықаралық теңіз жолдарындағы кемелерді қудалап, шабуыл жасап келді деп айыптады.
Мәлімдемеде теңіздегі еркін жүзу құқығының стратегиялық маңызы ерекше аталып, АҚШ қарулы күштері бұл қағидатты қорғауды жалғастыратыны айтылды.
Иран: «Өзімізді қорғау үшін барлық шараны қолданамыз»
Иранның Сыртқы істер министрінің орынбасары Маджид Тахт-Раванчи CNN арнасына берген сұхбатында АҚШ-ты Иранға шабуыл жасады деп айыптады.
Оның айтуынша, Оман тарапының делдалдығымен өткен келіссөздер оң нәтиже берген. Тараптар техникалық топтарды Венаға жіберіп, келіссөздерді жалғастыруға уағдаласқан. Алайда, соған қарамастан, АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операция жүргізген.
Тахт-Раванчи Иран өзін қорғау құқығын толық пайдаланатынын мәлімдеп, елдің егемендігі мен халқын қорғау үшін барлық қажетті шаралар қабылданатынын айтты.
Трамп әскери белсенділік бойынша рекорд орнатты
Axios порталының жазуынша, Donald Trump АҚШ президенттері арасында ең көп әскери соққы беруге бұйрық берген тұлға ретінде тіркелді.
Басылым дерегіне сәйкес, оның президенттігі кезінде АҚШ жеті ел аумағында әскери операция жүргізген. Олардың қатарында Иран, Нигерия және Венесуэла бар – бұл мемлекеттер бұрын АҚШ әскери операцияларының нысаны болмаған.
2025 жылы Трамп әуе шабуылдары бойынша Joe Bidenге қарағанда көбірек бұйрық бергені айтылды.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы бірлескен әскери операция жүргізіп, Тегеранды қоса алғанда бірнеше ірі қала соққыға ұшырады. Ақпараттарға сәйкес, Иранның жоғарғы басшысы Әли Хаменеи қаза тапқан.
Жапонияның оңтүстігінде 6 балдық жер сілкінісі болды
United States Geological Survey (USGS) мәліметінше, Жапонияның оңтүстігіндегі Жанартау аралдары маңында 6 балдық жер сілкінісі тіркелді. Жер асты дүмпулері 20 шақырым тереңдікте болған.
Қазіргі уақытта құрбандар мен материалдық шығындар туралы ақпарат жоқ. Цунами қаупі жарияланбаған.
Аталған архипелагта тұрақты бейбіт тұрғындар жоқ, тек Ио (Иво Джима) аралында Жапонияның әскери базасы орналасқан.
ШЫҰ Ирандағы жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірді
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы (ШЫҰ) мүше мемлекеттері Иран аумағына жасалған әскери соққыларға байланысты ресми мәлімдеме жасады.
Ұйым барлық тараптарды күш қолданудан бас тартып, қайшылықтарды бейбіт жолмен шешуге шақырды. Мәлімдемеде Иранның егемендігі, қауіпсіздігі және аумақтық тұтастығы сақталуы тиіс екені атап көрсетілді.
Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы мен БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауға үндеді.