Әлемде: Таяу Шығыста қақтығыс ушығып, Панамада танкер жарылды, Пентагон брифингті тоқтатты
Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.
BAQ.KZ cоңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Иран Сауд Арабиясындағы мұнай-химия кешеніне шабуыл жасады
Иран Сауд Арабиясының Эль-Джубайль қаласындағы мұнай-химия кешеніне соққы берді. Бұл туралы сейсенбіде, 7 сәуірде хабарланды.
Басылымның мәліметінше, энергетикалық нысандарда жойқын өрт басталған. Аталған кешен жылына 60 миллион тонна мұнай өндіретіні, бұл әлемдік мұнай-химия өндірісінің жалпы көлемінің шамамен 6-8 пайызын құрайтыны нақтылануда.
Сондай-ақ, Tasnim агенттігі зымыран тигеннен кейін басталған ауқымды өрттің видеосын жариялады.
Бір күн бұрын Біріккен Араб Әмірліктеріндегі нысандар да Иран тарапынан шабуылға ұшырады. Мәселен, Абу-Дабидегі өнеркәсіптік нысанға жасалған шабуылдан кейін атып түсірілген снарядтың сынықтарынан бір адам жарақат алды, деп хабарлады Абу-Даби үкіметінің баспасөз қызметі.
WAM мемлекеттік ақпарат агенттігінің мәліметінше, Эль-Фуджейра портты қаласында телекоммуникациялық компанияның ғимаратына Иранның ұшқышсыз ұшу аппараты шабуыл жасаған, зардап шеккендер жоқ.
БАӘ Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, 6 сәуірде 12 баллистикалық зымыран, екі қанатты зымыран және 19 дрон атып түсірілген. Иранның осы шабуылдары кезінде төрт адам жарақат алды.
Өз кезегінде АҚШ пен Израиль Иранның мұнай-химия нысандарына қайтадан соққы берді. Fars ақпарат агенттігінің мәліметінше, Иранның газ өнеркәсібінің орталығы - Ассалуйе өнеркәсіптік ауданындағы мұнай өңдеу зауытының маңында бірқатар жарылыс болған.
Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац бұл нысанның Иранның бүкіл мұнай-химия өнімінің жартысына жуығын өндіретінін мәлімдеді.
Панамада танкерде жойқын жарылыс болды
Панаманың Ла-Бока ауданында, Panama Oil Terminals S.A. компаниясының нысандарына жақын орналасқан отын паркіндегі жанармай танкерінде жарылыс болды.
Алдын ала мәліметтер бойынша, оқиға кеме бортындағы өрттен басталған. Тұтанған жанармай жарылысқа себеп болып, содан кейін от жақын жерде тұрған бензин тасушы көліктерге таралған.
Оқиға салдарынан бір адам қаза тапты. Болжам бойынша, компания қызметкері өрт пен одан кейінгі цистерналардың жарылысы кезінде құрсауда қалып қойған.
Бірнеше адам жарақат алды, бірақ олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта олар медициналық мекемелерде тексеруден өтіп жатыр. Сондай-ақ отын компаниясының қызметкерлерінде де жеңіл жарақаттар тіркелді.
Панама прокуратурасы Америка көпірі ауданында болған оқиғаға қатысты тергеуді бастады.
Мамандар оқиғаның нақты себептерін анықтау және ықтимал кінәлілерді белгілеу үшін техникалық сараптамаға, дәлелдемелер жинауға және куәгерлерден жауап алуға кірісіп кетті.
Пентагон Иранға ультиматум қойылған күні брифингті күтпеген жерден тоқтатты
Пентагон 7 сәуірге - АҚШ президенті Дональд Трамптың Иран бойынша ультиматум мерзімі аяқталатын күнге жоспарланған баспасөз мәслихатын тоқтатты.
Брифинг жергілікті уақыт бойынша сағат 08:00-ге (Астана уақытымен 17:00-ге) жоспарланған болатын. Журналистердің сұрақтарына Әскери министр Пит Хегсет пен АҚШ Штаб бастықтары біріккен комитетінің төрағасы генерал Дэн Кейн жауап беруі тиіс еді. Баспасөз мәслихатының не себепті тоқтатылғаны айтылмады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Трамп Иранға көпірлер мен электр станцияларына соққы беремін деп сес көрсетіп, Парсы шығанағы елдерінен әлемдік нарыққа мұнай мен сұйытылған табиғи газ жеткізудің негізгі бағыты - Ормуз бұғазы арқылы қозғалысты ашуды талап еткен болатын.
Трамп ультиматумының мерзімі жергілікті уақыт бойынша 7 сәуір сағат 20:00-де (Астана уақытымен 8 сәуір сағат 06:00-де) аяқталады.