Әлемде: Соғыс министрлігі, Ауғанстандағы жер сілкінісі және Конор Макгрегор – президент
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Трамп Пентагонның атын "Соғыс министрлігі" деп өзгертпек
АҚШ президенті Дональд Трамп Пентагонның атауын "Соғыс министрлігі" деп өзгерту туралы Жарлыққа қол қояды.
Ақпаратқа сәйкес, құжатта «Соғыс министрлігі» атауы Қорғаныс министрлігінің қосымша ресми атауы ретінде енгізілмек. Сондай-ақ ведомство басшысы үшін «соғыс министрі» атауы да қолданылады. Қазіргі уақытта Пентагонды Пит Хегсет басқарады.
Бұған дейін The Wall Street Journal Ақ үйде Трамптың екінші мерзімінің алғашқы күндерінен бастап Пентагон мен оның басшысының атауын өзгертуге қатысты «заңнамалық ұсыныстар» дайындала бастағанын жазған. Басылым мәліметінше, бұл өзгерістерді Конгресс мақұлдауынсыз жүзеге асыру жолдары қарастырылып жатыр.
Ауғанстандағы жер сілкінісі
Ауғанстанның шығысында 31 тамыз күні болған 6,0 баллдық жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2200-ден асты.
Кунар провинциясында 2205 адам көз жұмып, кемінде 3640 адам жарақат алған. Сондай-ақ көршілес Нангархар мен Лагман аймақтарында 12 адам қаза тауып, жүздеген тұрғын зардап шекті. Құтқарушылар мен еріктілер үйінділерді аршуды жалғастырып жатыр.
Алайда таулы аймақтардағы қолжетімділіктің шектеулігі құтқару және гуманитарлық жұмыстарды баяулатып отыр. Қайталама жер дүмпулері мен құлаған жартастар жолдарды жауып, операцияны қиындата түсуде.
Қытай 7 млн доллар көлемінде шатыр, көрпе және азық-түлік түріндегі гуманитарлық көмек беруге уәде етті. Бірақ зардап шеккен аудандардың кейбір тұрғындары әлі күнге дейін ашық аспан астында қалып отыр.
ДДҰ жергілікті денсаулық сақтау жүйесі дәрі-дәрмек пен құрал-жабдық тапшылығына байланысты "үлкен қысымға" тап болғанын мәлімдеді. Ұйым 4 млн долларлық шұғыл медициналық интервенцияға қаржы сұрады.
БҰҰ басшысы жер сілкінісін "дағдарыс ішіндегі дағдарыс" деп атап, апаттан 500 мыңнан астам адамның зардап шеккенін хабарлады. Ел созылмалы кедейлік, құрғақшылық және Пәкістан мен Ираннан мәжбүрлі түрде қайтарылып жатқан жүздеген мың босқындар проблемасымен бетпе-бет келуде.
Конор Макгрегор Ирландия президенттігіне кандидатурасын ұсынды
Танымал ирландиялық спортшы, UFC-дің бұрынғы чемпионы Конор Макгрегор 2025 жылғы президенттік сайлауға қатысуға ниетті екенін мәлімдеді.
Президент ретінде мен ешбір заң жобасына халықтың талқылауына шығарылмайынша қол қоймаймын. Егер сіз менің атымды сайлау бюллетенінен көргіңіз келсе, округтегі жергілікті депутаттармен байланысып, менің кандидатурамды ұсынуды сұраңыз, – деді Макгрегор.
Ирландияда президенттік сайлау 2025 жылғы 11 қарашада өтеді.
Украинаға әскер жіберуге 26 ел дайын
Парижде өткен "ниет білдірушілер коалициясы" саммитінде 26 мемлекет соғыстан кейін Украинаға әскери контингент орналастыруға дайын екенін мәлімдеді.
Франция басшысы әскерлер қақтығыс аймақтарына емес, алдын ала анықталған географиялық аумақтарға жіберілетінін атап өтті. Оның сөзінше, бұл қадам «Ресейге қарсы соғыс жүргізуді» мақсат етпейді, керісінше бітім орнағаннан кейінгі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Контингенттің нақты саны кейін анықталады.
Зеленский бұл шешімді «жеңіс» деп бағалап, қауіпсіздік кепілдіктеріне Украина армиясын күшейту, қару-жарақ өндірісін арттыру және ұзақ мерзімді әскери дайындықты сақтау кіретінін жеткізді.
Макрон Германия мен Италияның коалицияға қосылғанын растады. Ал Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер Украинаға алыс қашықтықтағы зымырандар жеткізуге қатысты бастамаларды қолдады.
АҚШ-тың рөлі әлі нақтыланбаған. Зеленский Вашингтоннан «нақты үлесті» күтіп отырғанын айтты. Екі тараптың мәліметінше, жақында президент Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлесуде Украинаға әуе қорғанысы жүйелері мен Мәскеуге қарсы жаңа санкциялар талқыланған.
Израиль Макронға елге кіруге тыйым салды
Израиль Премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Франция президенті Эммануэль Макронның елге сапарына рұқсат бермеді. Бұл шешім француз көшбасшысының Палестинаны мойындау туралы мәлімдемесіне байланысты қабылданды.
Ақпаратқа сәйкес, Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясына қатысу барысында Макрон Израильге баруды жоспарлаған. Алайда Нетаньяху француз президенті Палестинаны мойындау ниетінен бас тартпайынша оның сапарына келісім бермейтінін мәлімдеді.
Еске салсақ, 24 шілдеде Эммануэль Макрон Франция 2026 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында Палестина мемлекетін ресми түрде мойындайтынын жариялаған болатын. Ол мұндай қадам Таяу Шығыста бейбітшілікті ілгерілетуге, ХАМАС қозғалысын демилитаризациялауға және Газа секторында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал етеді деп түсіндірген.
Алайда 20 тамызда Беньямин Нетаньяху бұл бастаманы сынға алып, француз көшбасшысын антисемитизмге айыптады. Оның айтуынша, Палестинаны тану ХАМАС-тың террорлық әрекеттерін күшейтіп, Израильдегі және Франциядағы еврей қауымына қауіп төндіруі мүмкін.