Әлемде: Ресей-Украина келіссөздері, Бангладештегі ұшақ апаты
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Бангладештегі ұшақ апаты
Бангладеш Қарулы Күштері 21 шілдеде Даккада оқу-жаттығу кезінде апатқа ұшыраған әскери ұшақтың механикалық ақаулар салдарынан құлағанын мәлімдеді. Бұл туралы Бангладеш Қарулы Күштерінің ресми сайтында жарияланды.
FT-7BGI үлгісіндегі жаттығу ұшағы Курмитола қаласындағы Хандкар әуе базасынан әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай техникалық ақауға ұшыраған. Ресми мәліметке сәйкес, ұшқыш ұшақты халық тығыз орналасқан аймақтан аулаққа бағыттап, апат салдарын жеңілдетуге тырысқан.
Апаттың нақты себептерін анықтау үшін арнайы тергеу комиссиясы құрылды. Қорытынды мәліметтер тергеу аяқталған соң жарияланбақ.
Оқиға Майлстоун колледжінің маңында орын алған. Ұшақ жерге құлағаннан кейін өртеніп кеткен.
Бұған дейін апат салдарынан кемінде 19 адам қаза тауып, 100-ден астамы жарақат алғанын жазғанбыз.
Ресей мен Украина келіссөздері
Украина президенті Владимир Зеленский Ресей мен Украина делегацияларының кезекті келіссөзі 23 шілдеге жоспарланғанын мәлімдеді.
Бұл кездесу Түркияда өтпек. Президент бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің басшысы Рүстем Умеровпен келіссөздер барысында хабардар болғанын атап өтті.
Бүгін мен Рүстем Умеровпен тұтқындармен алмасу және Түркиядағы Ресей тарапымен тағы бір кездесуге дайындық мәселесін талқыладым. Умеров кездесу сәрсенбіге жоспарланғанын айтты. Толығырақ ақпарат ертең жарияланады, - деді Зеленский өзінің бейнеүндеуінде.
Бұған дейін Зеленский Telegram-арнасында Умеровтың Ыстамбұлда өткен келіссөздер кезінде Ресейге жаңа кездесу өткізу туралы ұсыныс білдіргенін де айтқан болатын.
АҚШ-Иран қатынасы
Иран Сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Тегеранның АҚШ-пен тікелей емес форматта келіссөздер жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.
Біз тікелей емес келіссөздерге дайынбыз, - деді Аракчи, екі ел арасындағы қарым-қатынасқа қатысты сұраққа жауап бере отырып.
Министрдің айтуынша, егер АҚШ өзара тиімді шешімдерге ашық болса, Иран да келіссөздерге кедергі келтірмейді. Аракчи сонымен қатар Тегеранның Халықаралық атом энергиясы агенттігімен (МАГАТЭ) ынтымақтастығын жалғастырып жатқанын атап өтті. Иран МАГАТЭ өкілдерінің елге қайта кіруіне болашақта рұқсат беретінін жеткізді.
Бұдан бөлек, Иран СІМ басшысы елдің зымыран бағдарламасы "жақсы күйде" екенін және бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанын да айтты.
Ал осыған дейін, 19 шілдеде АҚШ президенті Дональд Трамп Иран жаңа ядролық қондырғылар салатын болса, Вашингтон оларды жоюға дайын екенін ескерткен. 16 шілдеде Трамп Иранның АҚШ-пен келіссөздерді қайта бастағысы келетінін айтып, бірақ Вашингтон асықпайтынын, алайда жаңа келіссөздерге қарсы еместігін жеткізген болатын.
NASA Трамп саясатына қарсы шықты
АҚШ-тың ұлттық аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттеу басқармасының (NASA) қазіргі және бұрынғы 300-ге жуық қызметкері Дональд Трамп әкімшілігінің саясатына қарсылық білдіріп, "The Voyager Declaration" атты мәлімдемеге қол қойды. Бұл құжат 21 шілдеде Stand Up for Science қоғамдық қозғалысының ресми сайтында жарияланды.
Біз үкіметтің соңғы саясаты мемлекеттік ресурстарды ысырап етуге, адам қауіпсіздігі мен ұлттық қорғанысқа қауіп төндіруге, сондай-ақ NASA-ның негізгі миссиясына нұқсан келтіруге алып келеді деп санаймыз. Осы хатқа қол қойған біз бұл саясатпен келіспейміз, - деп жазды мәлімдемеде қол қоюшылар.
Ғалымдар мен инженерлер NASA-ның қаржыландыруынан айрылуы, халықаралық миссияларға қатысудан бас тарту, сондай-ақ ғылым мен зерттеулерге берілетін гранттар мен келісімшарттардың тоқтауы – бәрі Трамп әкімшілігінің ғылымнан гөрі "саяси мүддені" жоғары қоятынын көрсетеді деп санайды.
Бұған қоса, 9 шілдеде бірқатар АҚШ басылымдары NASA қызметкерлерінің жаппай жұмыстан кетуі Ай мен Марсқа бағытталған негізгі ғарыш бағдарламаларына кері әсер етуі мүмкін екенін жазған болатын. Мәлімет бойынша, ұйымнан 2694 мемлекеттік қызметкер кетіп қалған, бұл Ақ үй жоспарлаған қысқартулардың жартысына жуық көрсеткіш.
G20 АҚШ-тың сауда саясатына қарсы
G20 елдері АҚШ-тың сауда саясатына қарсы коалиция құруы мүмкін. G20 құрамындағы бірқатар елдердің қаржы министрлері АҚШ-тың бір мезетте бірнеше сауда соғысын жүргізу мүмкіндігінің шектеулі екенін атап өтті.
Министрлердің пікірінше, Вашингтонның келіссөздердегі позициясы әлсірей бастаған. Бұл жағдай АҚШ-тың қазіргі сауда саясатына қарсы тұру үшін болашақта кең ауқымды халықаралық коалиция құру қажеттілігін айқындауы мүмкін.
Bloomberg журналисі G20 елдерінің министрлерімен сұхбат барысында: "Егер АҚШ енді жаһандық ашық сауда жүйесіне қызығушылық танытпаса, қалған елдер онсыз да жалғастырады", – деген ойды жиі естігенін айтады.
Айта кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп шетелдік тауарларға салынатын жоғары импорттық баж салығын 1 тамызға дейін уақытша тоқтатып, осы мерзімнен кейін кейбір елдерге тарифті арттыру туралы ескерту жолдаған болатын. Ескерту жолданған елдердің қатарында Қазақстан да бар.