+10

Әлемде: Қызыл теңізде туристер мінген сүңгуір қайық суға батып кетіп, алты адам қаза тапты

Әлемде: Қызыл теңізде туристер мінген сүңгуір қайық суға батып кетіп, алты адам қаза тапты

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын назарларыңызға ұсынады.

Қызыл теңізде туристер мінген сүңгуір қайық суға батып кетті

Фото: ВВС

ВВС агенттігі таратқан ақпаратқа сүйенсек, Мысыр билігі Қызыл теңізде суға батып кеткен туристік сүңгуір қайықтың экипажын тергеді. Оқиға салдарынан бортта болған 45 жолаушының алтауы қаза тапты.

Ресми мәліметтерге сәйкес, Sindbad сүңгуір қайығы бейсенбі күні жергілікті уақыт бойынша таңғы 10:00-де (Гринвич уақытымен 08:00) суға кеткен. 39 жолаушы мен бес экипаж мүшесі құтқарылды. Тоғыз адам жарақат алды, оның төртеуі ауыр халде.

Қайық бортындағы туристер Хургада курорттық қаласының жағалауындағы маржан рифтерін тамашалау үшін экскурсияға шыққан болатын.

Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, қаза тапқан алты ресейлік туристің арасында екі бала болған. Оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз. Sindbad бірнеше жылдан бері туристік сүңгуір қайық ретінде пайдаланылып келген.

Қызыл теңіз аймағының губернаторы Амр Ханафидің айтуынша, қайықтағы 45 жолаушы Ресей, Үндістан, Норвегия және Швеция азаматтары болған. Сондай-ақ, бортта бес мысырлық экипаж мүшесі болған.

Губернатордың мәліметінше, қаза тапқан алты адамның барлығы – ресейліктер. Дегенмен, нақты ақпарат әлі жарияланған жоқ. Билік өкілдері қаза тапқандардың арасында ерлі-зайыпты дәрігерлер болғанын, олардың қыздары ауруханада жатқанын хабарлады.

Амр Ханафи сүңгуір қайықтың ресми лицензиясы бар екенін және оның командирі тиісті ғылыми сертификаттарға ие болғанын мәлімдеді.

Қайықтың суға батуына байланысты тергеу жалғасуда. Ресейдің туристік операторлар қауымдастығы Telegram-да қайықтың маржан рифіне соғылып, 20 метр тереңдікте (65 фут) қысымды жоғалтқанын хабарлады.

Ресейлік туристер Египеттің туризм секторында маңызды рөл атқарады және елдің дағдарыстағы экономикасы үшін негізгі кіріс көздерінің бірі саналады.

АҚШ ұрланған украиналық балаларды бақылау бағдарламасына қысқа мерзімді қаржыландыру бөлмек

Фото: pixabay.com

АҚШ Мемлекеттік департаменті бейсенбі күні Украинадан ұрланған балаларды құжаттау бастамасына қысқа мерзімді қаржыландыру бөлінетінін мәлімдеді. Бұл шешім республикашыл Дональд Трамп әкімшілігі 25 қаңтарда бағдарламаны тоқтату туралы шешім қабылдағаннан кейін қарастырылып отыр, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

АҚШ үкіметі қаржыландыратын бұл бастама Йель университетінің Гуманитарлық зерттеулер зертханасы басқаратын жоба аясында жүзеге асырылды. Бағдарлама Ресей ұрлаған мыңдаған украиналық баланы бақылауға көмектесті.

"Украинадағы қақтығысты бақылау" деп аталатын бағдарламаны тоқтату туралы шешім Трамптың АҚШ салық төлеушілерінің қаражатын америкалық мүдделерге сай келмейтін мақсаттарға жұмсауға жол бермеу үшін кең ауқымды тексеру жүргізу туралы бұйрығынан кейін қабылданды.

Украина билігінің мәліметінше, соғыс кезінде 19 500-ден астам бала Ресейге немесе Ресей басып алған аумақтарға отбасылары мен қамқоршыларының келісімінсіз әкетілген. Киев бұл әрекетті әскери қылмыс және БҰҰ конвенциясында көрсетілген геноцид ретінде қарастырады.

Ал Ресей билігі өз кезегінде балаларды соғыс аймағынан қорғау мақсатында қауіпсіз жерге "ерікті түрде көшіргенін" мәлімдеді.

Аталмыш қаржыландыру бағдарламаны жасаушылар – Conflict Observatory (Қақтығысты бақылау) жобасының мамандары балалар туралы маңызды деректерді тиісті органдарға дұрыс тапсыруды қамтамасыз еткенге дейін беріледі. Бұл – аяқталған бағдарламаларды жабудың стандартты рәсімінің бір бөлігі, – деді бейсенбі күні Мемлекеттік департамент өкілі. 

Осы айдың басында демократ заң шығарушылар Трамп әкімшілігінен бағдарламаны қайта бастауға шақырған болатын.

Бағдарламаның жабылуы 30 000-ға жуық украиналық балаға қатысты спутниктік суреттер мен өзге де маңызды ақпаратқа қол жеткізу мүмкіндігін жоғалту қаупін тудырды.

2023 жылдың наурызында Халықаралық қылмыстық сот (ХҚС) Ресей президенті Владимир Путинге және оның балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Мария Львова-Беловаға украиналық балаларды депортациялау ісі бойынша қамауға алу туралы ордер берген болатын. Ресей бұл айыптауларды "масқара әрі орынсыз" деп жоққа шығарды.

Израильде қайтадан үкіметке қарсы наразылықтар өтіп жатыр

Фото: Yair Palti/Anadolu/picture alliance

Deutsche Welle агенттігінің мәліметінше, мыңдаған израильдік даулы сот реформасы аясында қабылданған заңға қарсы наразылық білдіруде. Сонымен қатар, олар ХАМАС-пен тұтқындарды босату үшін келісім жасасуды талап етуде.

27 наурыз, бейсенбі күні Израильдің бірнеше қаласында мыңдаған адам көшеге шығып, сот тағайындау процесінде сайланған лауазымды тұлғалардың өкілеттігін кеңейтетін даулы заңға қарсылық білдірді. Сондай-ақ, демонстранттар Израиль әскері Газа секторында әскери операция жүргізіп жатқан ХАМАС радикалды исламистік қозғалысымен келісім жасасып, тұтқындарды босатуды талап етті, деп хабарлайды dpa агенттігі.

Сол күні Израиль парламенті – Кнессет бірнеше сағатқа созылған пікірталастан кейін сот реформасының негізгі заңдарының бірін мақұлдады. 120 депутаттың 67-сі заңды қолдап дауыс берсе, тек бір депутат қарсы шықты, ал оппозиция дауыс беруді бойкоттады.

Бұл заңның қабылдануы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға елде үлкен қарсылық тудырған сот реформасын одан әрі ілгерілетуге мүмкіндік береді. 2023 жылы бұл реформа Израиль тарихындағы ең ауқымды наразылық толқындарының біріне себеп болған еді. Алайда, оны жүзеге асыру 7 қазан 2023 жылы ХАМАС жасаған шабуылдан кейін және Газа секторында әскери операция басталған соң уақытша тоқтатылған болатын.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы