Әлемде: Қытайды су басты, Газада аштық, Камчатка теңселді, ал алпауыттар келісімін ұзартты
BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Қытайда тасқыннан 38 адам қаза тапты
Қытай астанасы Пекин мен Хэбэй провинциясында бірнеше күн бойы толассыз жауған жаңбыр салдарынан су тасқыны болып, кемінде 38 адам көз жұмды. 80 000-нан астам адам эвакуацияланды. Бұл туралы Қытай билігі ресми түрде хабарлады.
CGTN телеарнасының дерегінше, Пекиннің Фаншань және Мэньтоугоу аудандарында су деңгейі бірнеше сағат ішінде көтеріліп, үйлер мен көліктерді шайып кетті. Мыңдаған тұрғын эвакуацияланып, мектептер мен қоғамдық мекемелер уақытша жабылды.
Жергілікті билік бұл табиғи апатты соңғы онжылдықтағы ең ауыр оқиғалардың бірі ретінде бағалап отыр. Пекин әкімшілігінің мәліметінше, 18 адам із-түзсіз жоғалып кеткен. Құтқару жұмыстарына мыңдаған әскери және азаматтық мамандар жұмылдырылып, тұрғындарға алғашқы көмек пен азық-түлік жеткізілуде.
Мамандар жауын-шашын көлемі әдеттегі нормадан бірнеше есе жоғары болғанын айтып отыр. Синоптиктер алдағы күндері де кей аудандарда жауын-шашын сақталуы мүмкін екенін ескертіп, халықты сақ болуға шақырды.
Су тасқынының салдарынан көптеген инфрақұрылым зақымданды. Жолдар опырылып, электр желілері үзіліп, кейбір ауыл-аймақтармен байланыс үзілді.
БҰҰ мен басқа да халықаралық ұйымдар Қытай халқына көңіл айтып, қажет болған жағдайда көмек көрсетуге дайын екенін білдірді.
Газа: Аштық жайлаған аймаққа айналды
Газа секторындағы гуманитарлық ахуал күрт нашарлады. Израиль мен ХАМАС арасындағы қақтығыстардың салдары онсыз да тығырыққа тірелген аймақта аштық, ауру мен инфрақұрылым күйреуін одан әрі күшейтті.
БҰҰ мен халықаралық агенттіктердің дерегінше, Газа секторындағы соғыс басталғалы 60 мыңнан астам адам қаза тапқан. Оның ішінде әйелдер мен балалар саны басым. Тұрғын үйлердің басым бөлігі қирап, халықтың 80 пайыздан астамы баспанасыз қалған.
БҰҰ-ның азық-түлік қауіпсіздігі бойынша есебі Газа аймағында ресми түрде аштық қаупі туындағанын растайды. Қазіргі таңда 5 жасқа дейінгі 320 мыңнан астам бала тамақ жетіспеушілігінен (малнутриция) зардап шегіп отыр. 500 мыңға жуық тұрғын аштан өлу қаупінде.
Шілде айының өзінде аштық салдарынан 88 бала көз жұмды.
Инфрақұрылым толығымен қираған. Халықтың 95%-ы таза ауыз суға қол жеткізе алмайды. Жарақат алғандар мен науқастарға медициналық көмек көрсету мүмкін емес. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) шілде айында малнутрициядан 63 адамның қайтыс болғанын, оның ішінде 24-і балалар екенін мәлімдеді.
Камчаткада 8.8 магнитудалы жер сілкінісі болды: Цунами қаупі жарияланды
30 шілде күні Ресейдің Қиыр Шығысындағы Камчатка түбегінде жойқын жер сілкінісі тіркелді. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, зілзала магнитудасы 8.8-ге жеткен. Бұл соңғы жылдардағы ең күшті жер сілкіністерінің бірі.
Эпицентрі оңтүстік-шығысқа қарай Тынық мұхитында орналасқан.
Жер асты дүмпуі 3–4 метрлік цунами толқындарын тудырып, Тынық мұхиты аймағында – Жапония, Гавайи, АҚШ Батыс жағалауы мен Канадада эвакуациялар жүзеге асырылды. Жерасты дүмпулері аймақтағы көптеген елді мекенде қатты сезіліп, тұрғындар үйлерінен жаппай көшірілді.
Ресейдің Төтенше жағдайлар министрлігі өңірде цунами қаупі бар екенін ескертті. Жағалауға жақын аймақтарда эвакуация жүргізілуде. Тұрғындарға жоғары аймақтарға шығуға кеңес берілді.
Қазіргі уақытта қираған нысандар мен зардап шеккендер туралы нақты ақпарат жоқ. Құтқару қызметтері оқиға орнында жұмыс істеуде.
Сейсмологтар зілзаланың әсері тек Камчаткамен шектелмей, Жапония мен Алеут аралдарына да жетуі мүмкін екенін айтады. Бұл елдерде де цунами қаупіне байланысты ескерту жарияланды.
АҚШ пен Қытай тарифтік келісімді тағы үш айға ұзартты
АҚШ пен Қытай өзара тарифтік жеңілдіктерге қатысты келісімді тағы үш айға ұзартуға келісті. Бұл шешім 28–29 шілде күндері Швеция астанасы Стокгольмде өткен екіжақты келіссөздер барысында қабылданды. Келіссөздерге АҚШ Қаржы министрі Скотт Бессент пен Қытай Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Хэ Лифэн жетекшілік етті.
Тараптар сауда шиеленісін жұмсартуға бағытталған шаралар пакетін талқылап, өзара сенімді арттыру үшін уақытты ұзарту қажет деген қорытындыға келген.
Бұған дейінгі тарифтік келісім 10–11 мамырда Женевада жасалған болатын. Ол бойынша Вашингтон қытайлық тауарларға салынатын кедендік алымды 115%-дан 30%-ға дейін төмендеткен еді. Өз кезегінде Пекин де америкалық өнімге қойылатын баж салығын 10%-ға дейін қысқартуға келіскен. Аталған келісімнің мерзімі 12 тамызда аяқталуы тиіс болған.
Жаңартылған келісім алдағы үш айда қос тараптың сауда қатынастарын реттеп, тұрақтылықты сақтауына мүмкіндік береді деп күтілуде. Сонымен қатар, тараптар алдағы уақытта толыққанды ұзақ мерзімді сауда келісімін бекіту мәселесін де қарастыратынын мәлімдеді.