Әлемде: Қытайдағы парад, Ауғанстандағы зілзала, Жерар Депардьеге айып, Башар Асадқа ордер

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Қытайдағы әскери парад

Тяньаньмэнь алаңында 3 қыркүйекте қытай халқының жапон басқыншыларына қарсы соғыста және Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 80 жылдығына арналған Қытай тарихындағы ең ауқымды әскери шеру өтті. 

виедодан скриншот

Шеруге Владимир Путин, Ким Чен Ын, Қасым-Жомарт Тоқаев және басқа да ірі көшбасшылар қатысты. 

Шеру барысында гипердыбысты зымырандар, дрондар мен басқа озық әскери техника көрсетілді. 

Шеру қонақтарына қытай тікұшақтары жеңістің 80 жылдығына орай әуеде 80 деген санды бейнеледі.

Ауғанстандағы жер сілкінісінен қаза тапқандар 1400-ден асты

Х/CNBCTV18Live

Ауғанстанда 5,2 магнитудалық жаңа жер сілкінісі тіркелді. Ол Джелалабадтан 34 км қашықта, 10 км тереңдікте болды. Қаза тапқандар мен жараланғандар жайлы мәлімет нақтылануда.

Бұған дейін Кунар провинциясында болған 6 магнитудалық жойқын зілзаладан 1411 адам қаза тауып, жалпы зардап шеккендер саны 3124-ке жетті. 5412 үй қирады, Қызыл Жарты Ай дерегінше шығыста 8 мыңнан астам баспана бүлінген. Көп адам үйінді астында қалды.

Эвакуация жүріп жатыр, бірақ таулы аймақ пен қолайсыз ауа райы құтқару жұмыстарын қиындатуда. Жергілікті халық та көмекке қатысып, жаралылар тікұшақпен ауруханаларға жеткізілуде.

Үндістан, Қытай, Ұлыбритания және басқа елдер гуманитарлық көмек жіберуге дайын. ЮНИСЕФ 2000 дана жүк жөнелтіп, онда гигиеналық құралдар, жылы киім, көрпе және ас үй жабдықтары бар.

Депардьенің дауы: Актер тағы сотқа шақырылды

видеодан скриншот

Француз актері Жерар Депардье Париж қылмыстық сотында жауап береді. Ол 2018 жылы 22 жастағы актриса Шарлотт Арнуды екі рет зорлады деп айыпталуда. Тергеу жеті жылға созылып, іс енді сотқа жетті.

2020 жылы Арнудың жаңа шағымынан кейін актерге ресми айып тағылды. Депардье айыпты жоққа шығарып, қарым-қатынас келісіммен болғанын айтады. Ал прокурор керісінше, "айыпты дәлелдейтін нақты айғақ бар" дейді. Егер кінәлі деп танылса, оған 20 жылға дейін жаза кесілуі мүмкін.

Бұл актерге тағылған алғашқы айып емес. 2025 жылы Париж соты оны түсірілім алаңындағы әдепсіз әрекеті үшін кінәлі деп тауып, 18 ай шартты жаза тағайындаған. Сондай-ақ жыныстық қылмыскерлер тізіміне енгізілген.

76 жастағы Депардье 200-ден аса фильмде ойнағанымен, соңғы жылдары оны жыныстық қылмысқа қатысты ондаған әйел айыптап жүр.

Франция Башар Асадты тұтқындауға ордер берді

gazeta.uz

Франция Сирияның экс-президенті Башар Асад пен тағы алты бұрынғы жоғары лауазымды шенеунікке ордер шығарды. Бұған 2012 жылы Хомс қаласын бомбалау кезінде америкалық журналист Мари Колвин мен француз фотографы Реми Ошликтің қаза табуы себеп болды.

Француз билігі бұл істі адамзатқа қарсы және соғыс қылмысы ретінде тергеп жатыр. Ордер Асадтың ағасы Махир Асадқа, барлау қызметінің басшысы Али Мамлюкке және армия штабының экс-басшысы Али Аюбқа да қатысты.

Сириялық шенеуніктер тұрғын үйлерді бомбалауға қатысы барын жоққа шығарған. Башар Асад 2024 жылдың желтоқсанында биліктен қуылып, отбасымен Ресейден пана іздеген.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы