18 Ақпан 2026, 10:40 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлемде: Қытайдағы апат, Женевадағы келіссөздер және Перудегі импичмент

Әлемдегі маңызды жаңалықтарға шолу жасап, назарларыңызға ұсынамыз.

Қытайдағы туристік катер апатынан екі адам қаза тапты. Женевада Ресей мен Украина келіссөздерінің жаңа кезеңі басталды. Перуде уақытша президент импичментпен қызметінен босатылды. Сондай-ақ АҚШ-та қарлы дауыл, Жапонияда жанартау белсенділігі артты. BAQ.KZ тілшісі әлемдегі маңызды жаңалықтарға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.

Қытайдағы курортта катер апатынан туристер қаза тапты

Фото: pixabay.com

Қытайдың оңтүстік-батысында орналасқан Чусюн қаласында туристік катер апатқа ұшырап, екі адам қаза тапты. Тағы екі адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Қайғылы оқиға 17 ақпан күні кешке Лянсивань туристік курорты аумағында болған. Xinhua агенттігінің мәліметінше, апаттан кейін оқиға орнына жедел құтқару қызметтері мен өрт сөндірушілер жіберілген.

Алдын ала болжам бойынша, катер басқару кезінде техникалық ақау немесе ауа райы факторлары әсер етуі мүмкін. Оқиғаның нақты себептері анықталып жатыр.

Женевада Ресей мен Украина келіссөздерінің жаңа кезеңі басталды

Фото: x.com/rustem_umerov

Швейцарияның Женева қаласында Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөздердің үшінші кезеңі басталды. Кездесу 17–18 ақпан күндері InterContinental Geneva қонақүйінде жабық форматта өтіп жатыр.

Украина делегациясын Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров бастап барды. Ресей тарапын РФ президентінің көмекшісі Владимир Мединский басқарады.

Келіссөздерге АҚШ өкілдері де қатысуда. Бұған дейінгі екі кезең Абу-Даби қаласында өткен, алайда айтарлықтай нәтиже бермеген еді.

Перуде импичмент: уақытша президент қызметінен босатылды

Фото: wildrussia.travel

Перу Конгресі уақытша мемлекет басшысы Хосе Хериді қызметінен босату туралы шешім қабылдады. Импичментті 75 депутат қолдап, 24-і қарсы дауыс берді.

Фото: wikipedia/Хосе Хери

Barron’s басылымының жазуынша, Хери бұған дейінгі президенттің импичментінен кейін қызметке келген. Прокуратура оны мемлекеттік қызметтерге тағайындаулар кезінде «заңсыз ықпал етті» деген күдікпен тергеп жатыр.

Перу саяси дағдарыс жағдайында тұр: сәуірде өтетін сайлаудан кейін елде жаңа президент билікке келуі тиіс.

АҚШ-та қатты қарлы дауыл ондаған рейсті тоқтатты

Фото: depositphotos.com

АҚШ-тың солтүстік-шығыс өңірлерінде болған қарлы дауыл салдарынан жүздеген әуе рейсі кейінге шегерілді. Әсіресе Нью-Йорк пен Бостон қалаларындағы әуежайлар жұмысына айтарлықтай әсер етті.

Синоптиктер кей штаттарда қар қалыңдығы 30 сантиметрге дейін жеткенін хабарлады. Билік тұрғындарды алыс сапарлардан бас тартуға шақырып отыр.

Жапонияда жанартаудың белсенділігі артты

Фото: Flickr

Жапония аумағындағы белсенді жанартаулардың бірі – Сакурадзима – соңғы күндері бірнеше рет күл атқылаған.

Мамандар атқылау қаупі әлі де сақталып отырғанын айтып, жергілікті тұрғындарға сақтық шараларын күшейтуді ескертті. Әзірге ірі эвакуация жарияланған жоқ, бірақ қауіп деңгейі көтерілген.