Әлемде: Путин Трамптың Украинадағы энергетикалық нысандарға шабуылды тоқтату туралы үндеуіне келісті

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын назарларыңызға ұсынады.

Путин Трамптың Украинадағы энергетикалық нысандарға шабуылды тоқтату туралы үндеуіне келісті, бірақ толық атысты тоқтатуға келіскен жоқ

Фото: Elijah Nouvelage/Alexander Nemenov/AFP

ВВС агенттігінің мәліметінше, президент Владимир Путин Украинадағы атысты дереу және толық тоқтату идеясынан бас тартып, тек АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлескеннен кейін энергетикалық инфрақұрылымға шабуылдарды тоқтатуға ғана келісім берді.

Ресей көшбасшысы Трамп командасы жуырда Сауд Арабиясында украиндармен бірлесіп әзірлеген бір айлық жан-жақты атысты тоқтату туралы келісімге қол қоюдан бас тартты.

Ол жан-жақты бітім тек шетелдік әскери көмек пен Украинамен барлау мәліметтерімен алмасу тоқтатылған жағдайда ғана жүзеге асуы мүмкін екенін айтты. Алайда Украинамен одақтас еуропалық елдер бұған дейін мұндай талаптарды қабылдаудан бас тартқан болатын.

АҚШ-тың Украина бойынша келіссөздері жексенбі күні Сауд Арабиясының Жидда қаласында жалғасады, - деп мәлімдеді АҚШ-тың Таяу Шығыстағы арнайы өкілі Стив Уиткофф.

Үш жылдан бері созылып келе жатқан ауыр соғыста Ресей жақында алты ай бұрын украин әскерлері басып алған Курск облысының аумағын қайтадан бақылауына алды.

Сейсенбі күні Трамп пен Путиннің телефон арқылы сөйлесуі АҚШ-тың бір апта бұрынғы ұстанымынан шегінгенін білдіреді. Дегенмен екі көшбасшы да Таяу Шығыстағы бейбіт келіссөздерді дереу жалғастыруға келісті.

Өткен сейсенбіде АҚШ делегациясы Жиддада украин әріптестерімен кездесіп, Киевті құрлықта, әуеде және теңізде "дереу" 30 күндік атысты тоқтату туралы ұсынысты қабылдауға көндірген еді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай,  АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин кеше телефон арқылы сөйлесті. Екі ел басшылары 2,5 сағатқа созылған телефонмен сөйлесуінде екі тарап нені талқылағаны белгілі болды

Дональд Трамп Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында ресейлік көшбасшы Владимир Путинмен телефонмен сөйлескеніне қатысты пікір білдіріп, "Бұл соғыс мен президент болғанымда ешқашан басталмас еді" деді.

Белгілі болғандай, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Путин мен Трамптың Украина бойынша келіссөзінің қорытындысын құптайды.

Белградтағы наразылықтар: сербтер неге ашулы?

Фото: Iva Manojlović/DW

Белград көшелерімен жүздеген мың адам шерулетіп өтіп, Сербиядағы жүйелік жемқорлыққа қарсы наразылық білдірді. Бейбіт демонстранттарға қарсы дыбыстық қару қолданылды деген қауесет жаңа наразылық толқынын туғызуы мүмкін, деп хабарлады Deutsche Welle.

Екі демалыс күні бойы Сербияның ашулы азаматтары ел тарихындағы ең ірі наразылық акциясына қатысу үшін Белградқа ағылды. Мыңдаған студент шеруге қосылу үшін шағын қалалардан астанаға жетті. Серб билігі қоғамдық көлікті тоқтату арқылы демонстрацияға кедергі келтіруге тырысқанымен, наразылық білдірушілер астана көшелерін толтырып, ең маңызды қалалық нүктелерді иеленді.

Мен мұнда өз балам үшін, ұлымның болашағы жарқын болуы үшін келдім, – деді наразылыққа қатысушы бір жас жігіт DW-ге.

Полицияның мәліметінше, Белградтағы шеруге шамамен 107 мың адам қатысқан. Алайда, жаппай акцияларды бақылайтын “Қоғамдық жиналыстар архиві” үкіметтік емес ұйымы 275-325 мың демонстрант туралы хабарлады, мүмкін, олардың саны одан да көп болған.

Сербия азаматтары жүйелік жемқорлыққа наразы

Фото: Nenad Mihajlovic/AFP/Getty Images

Наразылық акциясын үш айдан бері елдегі университеттердің басым бөлігін бұғаттап отырған студенттер ұйымдастырды. Оларды профессорлар, мұғалімдер, медицина қызметкерлері, заңгерлер, ІТ-мамандар, соғыс ардагерлері, байкерлер мен фермерлер қолдады. Тіпті фермерлер шеруге тракторларымен келді.

Біз осындамыз, өйткені бұл батыл жастарды қолдағымыз келеді. Олар тек заң үстемдігі орнаған елде өмір сүргісі келеді, – деді DW-ге шеруге шыққан егде жастағы адам.

Наразылық білдірушілер ең алдымен 2024 жылдың қарашасында Сербияның солтүстігіндегі Нови-Сад қаласының теміржол вокзалында төбенің құлауы салдарынан 15 адамның қаза табуына кінәлілерді жауапқа тартуды талап етті.

Бұдан бөлек, олар Сербиядағы жүйелік жемқорлыққа ашулы. Наразылық білдірушілер бұл үшін билеуші Серб прогрессивті партиясын (СПП) және президент Александр Вучичті кінәлайды. Олардың пікірінше, Вучичтің кесірінен елде демократиялық институттар бұзылып жатыр.

Фото: Filip Stevanovic/Anadolu/picture alliance

Бұл – бүкіл Сербия бірігіп отырған сирек сәт. Егер осыдан кейін ел өзгермесе де, біз өз дауысымызды бәріміз бірге жеткіздік және ең болмағанда, бізді тыңдағанына көз жеткіздік, – деді Белградтағы наразылыққа қатысушы.

Тағы бір наразылыққа қатысушылардың бірі қоғамның ұжымдық санасы өзгергенін атап өтті.

Бұл басталғалы бері бірнәрсе өзгерді: ең бастысы – қоғамның ұжымдық санасы. Әзірге бұл жеткіліксіз, бірақ бұл – керемет бастама, – деп қосты наразылыққа шыққан бір жас әйел.

Tesla инвесторы Илон Маскты басшылықтан кетуге шақырды

Фото: Reuters

Sky News агенттігінің мәліметіне сүйенсек, активтерді басқарушы Росс Гербер аталған агенттіктің арнасына берген сұхбатында Масктың уақытын тым көп нәрсеге бөлетінін, ал АҚШ президенті Дональд Трамппен жұмыс істеуі оны даулы тұлғаға айналдырғанын айтты.

Tesla-ның алғашқы инвесторларының бірі Sky News-ке Илон Маск егер үкіметтегі жаңа жұмысынан бас тартпаса, автокөлік өндіруші компанияның бас директоры қызметінен кетуі керек екенін мәлімдеді.

Росс Гербер Sky Business Live бағдарламасына берген сұхбатында Трамптың кеңесшісі атанған кәсіпкердің назарын басқа салаларға тым көп аударуы оның тиімділігін төмендеткенін және оны "кереғар тұлғаға" айналдырғанын айтты.

Ол Масктың сайлаудан кейінгі Трамп әкімшілігінде Мемлекеттік басқару тиімділігі департаментін (DOGE) басқара бастағанына назар аударды.

Бұл шешім үкіметтің кең көлемді қысқартуларын жоспарлауына байланысты қоғам наразылығын және жаппай қарсылықтарды тудырды.

Менің ойымша, Tesla-ға жаңа бас директор қажет. Бүгін мен бұл туралы ашық айта бастаймын деп шештім, және бұл – осы мәселені көтеріп отырған алғашқы бағдарлама, - деді Гербер.

Оның сөзінше, Tesla-ны басқару үшін жаңа адам керек. 

Бизнеске тым ұзақ уақыт бойы дұрыс көңіл бөлінбей келді. Tesla өте маңызды істермен айналысып жатыр, сондықтан Илон не компанияға қайта оралып, басқа қызметтерден бас тартып, Tesla-ның толыққанды бас директоры болуы керек, не үкіметке назар аударып, өз жұмысын жалғастырып, бірақ Tesla-ға лайықты басшы табуы керек, - дейді Росс Гербер.

Гербер жүргізуші Даррен МакКэффриге компанияның "абсолютті дағдарыста" екенін айтты және бұл жағдай оның соңғы айларда акцияларының едәуір бөлігін сатуының басты себептерінің бірі болғанын мәлімдеді.

Tesla-ның құлдырауы Трамптың президенттік қызметіне кірісуіне дейін басталды. Сол кезде оның сауда соғысы басталуы мүмкін деген қауіп пайда болған еді.

Желтоқсан айынан бері Tesla-ның нарықтық құны 800 миллиард доллардан астамға төмендеді, ал сейсенбі күні АҚШ-тағы сауда-саттық кезінде тағы 4%-ға құлдырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы