Кеше 2026, 10:08
Фото: ©BAQ.KZ коллажы
Әлемде: Перуде тікұшақ апаты, Мексикада қанды қақтығыс, 2028 сайлауда Трамптың мұрагері кім?
BAQ.KZ тілшісі әлемдегі маңызды жаңалықтарға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.
Перуде әскери тікұшақ құлап, 15 адам қаза тапты. Мексикада картельмен қақтығыста 25 әскери қызметкер мерт болды. Трамп 2028 жылғы сайлау туралы мәлімдеме жасап, Иранға жаңа ультиматум қойды. АҚШ-тың шығысында жойқын боран 10 мың рейсті тоқтатты. BAQ.KZ тілшісі әлемдегі маңызды жаңалықтарға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.
Перуде әскери тікұшақ апаты: 15 адам қаза тапты
Перудің оңтүстігінде әскери Ми-17 тікұшағы апатқа ұшырап, кемінде 15 адам мерт болды. Елдің Әскери-әуе күштері растаған мәліметке сәйкес, әуе кемесі су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек көрсетуге бағыт алған.
Тікұшақ Чала-Вьехо елді мекені маңында, Каравели провинциясында табылды. Оқиға орнында 4 экипаж мүшесі мен 11 жолаушының, оның ішінде балалардың қаза тапқаны анықталды.
Әуе кемесі табиғи апат салдарын жою және іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін ұшқан. Апаттың нақты себептері анықталып жатыр.
Мексикада қанды қақтығыс: 25 әскери қызметкер қаза тапты
Мексикада есірткі картелімен болған қарулы қақтығыста Ұлттық гвардияның 25 әскери қызметкері мерт болды. Бұл туралы елдің қауіпсіздік министрі Омар Гарсия Харфуч мәлімдеді.
Шабуылды Cartel Jalisco Nueva Generación мүшелері ұйымдастырған. Қақтығыс барысында штат прокуратурасының бір қызметкері де көз жұмды.
Картель жетекшісі Немесио Осегера Сервантес (Эль Менчо) бұған дейін ең іздеудегі есірткі барондарының бірі саналған. АҚШ билігі оның орналасқан жері туралы ақпарат үшін 15 млн доллар сыйақы жариялаған еді.
Оның қазасы туралы хабардан кейін елдің сегіз штатында тәртіпсіздіктер басталып, жүк көліктері өртеліп, жолдар жабылған.
2028 жылғы сайлау: Трамптың мұрагері кім?
АҚШ-та 2028 жылғы президенттік сайлау қарсаңында Республикалық партия ішінде ықтимал үміткерлер талқыланып жатыр. Axios дерегінше, президент Дональд Трамп таңдауды екі саясаткердің арасынан жасауда:
• Джей Ди Вэнс;
• Марко Рубио.
Трамптың «армандаған тандемі» – Вэнс пен Рубио. Сондай-ақ ол Қаржы министрі Скотт Бесент есімін де атаған.
Кеңесшілердің айтуынша, Трамп мұрагер мәселесінде асықпайды, себебі бұл оның биліктен кетуге дайындалып жатқандай әсер қалдыруы мүмкін.
Трамптың Иранға қатаң ескертуі
26 ақпанда Женевада өтетін келіссөздер алдында Дональд Трамп Иранға жаңа ядролық келісімге келуге шақырып, ультиматум жариялады.
Ол Truth Social желісінде: келісімге келмесе, Тегеран «өте ауыр салдарға» тап болатынын жазды. Бұған дейін АҚШ Иранның ядролық нысандарына соққы жасаған.
Иран БҰҰ арқылы соғысқа ұмтылмайтынын, алайда кез келген әскери әрекетке «шешуші әрі пропорционалды» жауап беретінін мәлімдеді.
Аймақтағы жағдай қайта шиеленісу қаупін күшейтіп отыр.
АҚШ-тың шығысында жойқын боран
АҚШ-тың солтүстік-шығысын қуатты циклон соғып, Нью-Йорк пен Филадельфияда соңғы жылдардағы ең қатты қар жауды.
60 сантиметрден астам қар түсіп, 10 000-нан астам әуе рейсі тоқтатылды. Ұшулардың кешігуі 12 сағаттан асты.
650 000-нан астам адам жарықсыз қалды. Нью-Йорк, Нью-Джерси, Пенсильвания және басқа да бірнеше штатта төтенше жағдай жарияланды. Қоғамдық көлік қозғалысы шектеліп, жолдар жабылды.