20 Ақпан 2026, 09:38 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлемде: Оңтүстік Кореяның экс-президенті сотталды, Францияда қауіптің «қызыл» деңгейі жарияланды

Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Оңтүстік Кореяның экс-президенті өмір бойына бас бостандығынан айырылды

Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёльді 2024 жылғы желтоқсандағы бүлік ісі бойынша өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

Өткен жылдың қаңтарында бұрынғы президентке 2024 жылғы 3 желтоқсанда алты сағатқа созылған қысқа мерзімді әскери жағдай енгізу нәтижесінде "көтеріліс ұйымдастырды" деген айып тағылған болатын.

Ақорда

Yonhap агенттігінің жазуынша, экс-президентке депутаттардың оның жарлығына қарсы дауыс беруіне кедергі жасау мақсатында Ұлттық жиналыс (парламент) ғимаратын қоршауға алу үшін әскер мен полицияны жұмылдырды, сондай-ақ Ұлттық жиналыс спикері мен сол кездегі билеуші және негізгі оппозициялық партиялардың лидерлерін тұтқындауға бұйрық берді деген айып тағылып отыр.

Айыптау қорытындысына сәйкес, Юн Сок Ёль Конституцияны бұзуға және елде соғыс немесе соған ұқсас төтенше жағдай болмаса да, заңсыз әскери жағдай енгізуге бағытталған тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру үшін бұрынғы қорғаныс министрімен және басқа да тұлғалармен сөз байласқан.

Францияда қауіптің «қызыл» деңгейі жарияланды

Францияның батысындағы бес департаментте 19 ақпан күні кешке су тасқынына байланысты қауіптің ең жоғары – «қызыл» деңгейі жарияланды.

Report

BFM TV мәліметінше, бұл - Атлантикалық Луара, Жиронда, Ло және Гаронна, Мен және Луара және Приморская Шаранта департаменттері. Тағы 18 департаментте «қызғылт сары» деңгей сақталуда.

Жиронда департаментінде бірнеше мың үй жарықсыз қалса, 20 мыңға жуық адам мобильді байланыссыз отыр.

Өзендердің арнасынан шығуынан туындаған су тасқыны Францияның батысындағы көлік жүйесінің жұмысына кедергі келтірді. Су басу салдарынан 70-тен астам жол жабылды. Теміржол қатынасында да, әсіресе Бордо ауданында іркілістер байқалуда.

Парижде Сена өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне дайындық жүріп жатыр. Су деңгейінің ең жоғарғы шегі сенбі күні болады деп күтілуде.

Филиппинде жанартау оянды

Report

Филиппинде Канлаон жанартауы атқылады. Бұл туралы елдің Жанартаутану және сейсмология институтына сілтеме жасап GMA news басылымы хабарлады.

Жанартау екі минутқа таяу атқылаған.

Осы оқиғаның салдарынан қою сұр түсті күл шлейфі түзіліп, кратерден 2 мың метр биіктікке көтерілді, содан кейін оңтүстік-батысқа қарай ығысты, - деп жазады басылым.

Жанартау маңында қауіптіліктің екінші деңгейі жарияланды. Тұрғындарға төрт шақырым радиуста болуға қатаң тыйым салынған.

Пәкістанда газ жарылысынан 13 адам қаза тапты

pixabay.com

Пәкістанның Карачи қаласында газ баллонының жарылысы болды. Салдарынан көпқабатты тұрғын үй құлап, кем дегенде 13 адам қаза тапты. Қаза тапқандардың арасында әйелдер мен жеті бала, оның ішінде екі жасар сәби бар, деп хабарлайды басылымдар.

Жарылыс Солгер базарындағы кешеннің бірінші қабатында болған. Құтқарушылар үйінді астынан ондаған адамды алып шықты.

Қала полициясы оқиғаның себептерін анықтауда. Алдын ала мәліметтерге қарағанда, қылмыстық әрекеттің алғашқы белгілері анықталмаған.

Пәкістандағы бұл қайғылы жағдай жыл басынан бері орын алған жетінші газ жарылысы болып отыр.