Әлемде: НАТО мен ЕО ынтымақтастығы, АҚШ – Қытай сауда соғысы және Венесуэлаға қарсы жасырын операциялар

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Трамп АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысын растады

Getty Images / Kevin Dietsch

АҚШ президенті Дональд Трамп Құрама Штаттар Қытаймен сауда соғысы жағдайында екенін мәлімдеді. ТАСС агенттігінің мәліметінше, бұл туралы ол Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында айтты.

Біз қазір оған (сауда соғысына) қатысып жатырмыз, – деді Трамп Қытай Халық Республикасымен сауда соғысы бола ма деген сұраққа жауап бере отырып.

Президенттің айтуынша, егер екі ел басшылары алдағы кездесуде өзара келісімге келе алмаса, қақтығыс жалғаса беруі мүмкін.

Трамп пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің кездесуі қазан айының соңында және қараша айының басында Оңтүстік Кореяда өтетін АТЭС саммиті аясында жоспарланған.

АҚШ Венесуэлаға қарсы жасырын операцияларды күшейтті

pixabay

АҚШ президенті Дональд Трамп Орталық барлау басқармасына Венесуэла аумағында жасырын операциялар жүргізуге рұқсат берген. Бұл туралы The New York Times газеті америкалық шенеуніктерге сілтеме жасап жазды.

Басылым мәліметінше, бұл шешім Николас Мадуро үкіметіне қысым көрсету және оны биліктен кетіруге бағытталған кең ауқымды науқанның бір бөлігі болған.

Ақпарат көздері бұл рұқсат АҚШ әскери құрылымдары Венесуэла аумағындағы ықтимал әскери соққыларды қарастырып жатқан кезде берілгенін атап өтті.

Сарапшылардың пікірінше, Вашингтонның мұндай қадамы Латын Америкасындағы саяси ахуалды одан әрі шиеленістіріп, аймақтағы АҚШ-қа деген сенім деңгейін төмендетуі мүмкін.

НАТО Украинаға қару-жарақ жеткізілімін арттыруға шақырды

freepik

НАТО Бас хатшысы Марк Рютте мен АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет одақтастарды Украинаға американдық қару-жарақ сатып алуды көбейтуге шақырды. Бұл туралы олар Брюссельде өткен Альянс конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды DW порталы.

Хегсеттың айтуынша, қосымша жеткізілімдер Украина қорғанысын нығайтып, соғысты бейбіт жолмен аяқтауға ықпал етуі тиіс.

Әлем сіз күшті болған кезде ғана бейбіт болады. Егер сізде қарсыластар құрметтейтін нақты және сенімді мүмкіндіктер болса, – деді АҚШ Қорғаныс министрі.

Бұл бастама Prioritized Ukraine Request List (PURL) бағдарламасы аясында жүзеге асырылады. Шілде айында АҚШ президенті Дональд Трамп пен НАТО Бас хатшысы Марк Рютте бекіткен механизм арқылы одақтас елдер Украина үшін АҚШ-тағы қорғаныс арсеналдарынан қару сатып ала алады.

Бүгінгі таңда 1,9 млрд еуроға жуық жеткізілім қаржыландырылған. Бұл сомаға Германия, Нидерланды, Швеция, Норвегия, Дания және Канада үлес қосты. Ал Ұлыбритания, Франция және Испания әзірге ірі міндеттемелерден бас тартқан.

НАТО сондай-ақ дрондарға қарсы қорғаныс жүйесін құруды жеделдетуді жоспарлап отыр. Бұл бағытта Украина тәжірибесі ескеріледі.

Марк Рюттенің айтуынша, НАТО мен Еуроодақ бұл салада бірін-бірі толықтырады.

НАТО әскери аспектілермен айналысса, ЕО қаржыландыру мен үйлестіруді қамтамасыз етеді. Бұл комбинация өте маңызды, - деді Рютте.

 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы