Әлемде мигранттардың жаңа түрі пайда болған
Әлемде мигранттардың жаңа түрі пайда болды. Олар "климаттық босқындар" деп аталады, деп хабарлайды BAQ.KZ Хабар24-ке сілтеме жасап.
Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым 2050 жылға қарай климаттық мигранттар саны 260 миллионнан асады дейді. Табиғи апаттар адамдардың жаппай қоныс аударуына басты себептің біріне айналды. 2050 жылға дейін Оңтүстік Азия, Латын Америкасы және Африкадағы Сахараның күнгейіндегі елдерге қиын болғалы тұр.
Климат өзгерісінің теріс салдарын қазірден сезініп жатқан мемлекеттер бар. Былтыр климаттық босқындар қатары 26 миллионнан асқан. Ширек ғасырдан кейін олардың саны 10 есе өспек. Бұл туралы Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның бас хатшысы Эми Поуп мәлімдеді.
"Біздің есебіміз бойынша, 2050 жылға қарай климаттық босқындар саны 260 миллион адамға анық жетеді. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Бірақ бірлескен батыл шешімдер қабылдау арқылы климатқа байланысты көші-қон нөпірін 80 пайызға дейін азайтуға болады, - деді көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның бас директоры Баку Эми Поуп.
Мамандар табиғи апат салдарынан ең қатты зардап шегетін елдер қатарына Ауғанстан, Пәкістан мен Эфиопияны жатқызады. Биыл мамырда ауған елінде тасқыннан 315 адам ажал құшты. Тамызда Бангладеште су тасқыны 4 миллионнан астам тұрғынға ауыртпалық әкелген.
Біздің лагерьде электр жарығы да, желдеткіш те жоқ. Аядай лашықта 8 адам тұрамыз. Үйімізді су шайып кеткеннен кейін босып кеттік. Балаларымыз түрлі жұқпалы ауруға шалдықты. Көк тиынымыз жоқ, - деді босқын Хайрул Башар.
Тағы бір үлкен мәселе – теңіз деңгейінің көтерілуі. Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, алдағы 30 жылда Бангладеш аумағының 17 пайызы су астына кетіп, 20 миллион тұрғын баспанасынан айырылады. Бұған ауаға көмірқышқыл газының шамадан тыс бөлінуі себеп. Бұл булануды 20 пайызға арттырып, жауын-шашын мөлшерін бірнеше есе көбейтпек.