Әлемде: Лос-Анджелесте 400 адам қамалды, Газада қаза тапқандар саны 55 мыңнан асты
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Лос-Анджелесте 400-ге жуық адам қамауға алынды
Лос-Анджелесте коменданттық сағат тоқтатылғаннан кейін қалада салыстырмалы тыныштық орнады. Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, наразылықтардан кейін 400-ге жуық адам ұсталды.
Ұсталғандардың арасында 330 заңсыз мигрант бар. Сондай-ақ, 157 адам полицияға шабуыл мен кедергі жасағаны үшін, ал тағы бір адам полиция қызметкерін өлтіруге оқталғаны үшін қамауға алынды.
Сонымен қатар, федералды прокурорлар тұтандырғыш бөтелкелермен полицияға шабуыл жасағаны үшін екі адамға айып тақты. Қақтығыстар кезінде 17 полиция қызметкері жарақат алды.
Еске сала кетейік, наразылықтар иммиграциялық рейдтерге қарсы және қоғамдық тәртіптің бұзылуына байланысты өршіді. Бұған дейін Румыниядан келген екі жасөспірімге қатысты зорлық-зомбылық айыптары қоғамдық толқуларға түрткі болған еді.
Лос-Анджелес мэрі Карен Басс коменданттық сағатты енгізіп, президент Дональд Трамптың әрекеттерін сынға алды.
Газа секторында қаза тапқандар саны 55 мыңнан асты
2023 жылдың қазан айынан бері Газа секторында қаза тапқандар саны 55 104 адамға жеткен. Бұл туралы Палестина Денсаулық сақтау министрлігі Telegram арнасындағы күнделікті есебінде жариялады.
Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жараланғандар саны – кемінде 127 394. Тек соңғы тәулікте 123 адамның мәйіті ауруханаларға жеткізілген, оның ішінде үшеуі үйінді астынан алынған.
Қираған ғимараттар астында әлі де көптеген адамның мәйіті қалуы мүмкін. 2025 жылдың 18 наурызынан бастап 4 821 адам қаза тауып, 15 353 адам жараланғаны тіркелген.
Израиль шабуылдары гуманитарлық көмек таралатын аудандарға да әсер етуде. Мұндай шабуылдардан 224 адам мерт болып, 1 858-ден астамы жараланған. Жергілікті билік құрбандар саны одан әрі артуы мүмкін екенін айтады.
Бразилияның экс-президенті қамауға алынуы мүмкін
Бразилиялық Folha de S. Paulo басылымы экс-президент Жаир Болсонарудың үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол қазан айына дейін қамауға алынып, сотталуы мүмкін екенін жариялады.
Мәліметтерге сәйкес, Болсонару 2022 жылы сайланған президент Луис Инасиу Лула да Силваға қарсы қастандық ұйымдастырмақ болды деген айыппен тергелуде. Тергеу материалдарында оның әскерилердің сайланған көшбасшының билікке келуіне жол бермеуге дайын екенін білгені және желтоқсан айында қастандық әрекеттерін қолдауға дайындалғаны айтылған. Алайда Болсонару бұл айыптауларды мойындамай отыр.
Бразилияның Федералды Жоғарғы Сотының судьясы Александри ди Морайс бұрынғы президенттің қорғаушыларының шағымдарын қанағаттандырудан бас тартуы мүмкін. Сот отырысы 10 маусымда аяқталып, Болсонару сотталушы ретінде тартылды.
Еске салсақ, 2024 жылғы 22 қарашада Бразилияның федералды полициясы Болсонаруға мемлекеттік төңкеріс ұйымдастырмақ болды деген айып таққан. Тергеу бойынша, экс-президент 2022 жылғы сайлауда жеңілгеннен кейін билікті ұстап қалу мақсатында қылмыстық ұйым құрған.
Соттың соңғы шешімі 2025 жылдың қазан айына дейін шыкарылуы тиіс.
Оңтүстік Африкада қар жауды, қайтыс болғандар бар
Оңтүстік Африка Республикасының шығыс жағалауында болған қатты қарлы дауыл мен су тасқыны салдарынан кемінде 49 адам қайтыс болды. Бұл туралы Africa News порталы жергілікті билікке сілтеме жасап жариялады.
Табиғи апат Шығыс Кейп провинциясында орын алды. Куәгерлер мен билік өкілдерінің айтуынша, аймақта қатты жаңбыр мен қар жауып, су тасқыны болған. Құрбандардың арасында автобуста болған алты оқушы да бар, ал тағы төрт оқушы із-түзсіз жоғалған деп хабарланды.
Шығыс Кейп провинциясының премьер-министрі Оскар Мабуяне қайтыс болғандар саны әлі де артуы мүмкін екенін айтты. Құтқару және іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Бұл – соңғы айларда климаттық апат салдарынан тіркелген ең ауыр жағдайлардың бірі. Бұған дейін, 17 мамырда АҚШ-тың Миссури және Кентукки штаттарында болған жойқын дауылдардан кемінде 16 адам қаза тапқаны хабарланған болатын.
Польшада депутат ЛГБТ плакаттарын таптап, сынға ұшырады
Польша парламентінің төменгі палатасында (Сейм) ЛГБТ символикасы бар көрмеде экс-президенттік кандидат және қазіргі депутат Гжегож Браун плакаттарды жұлып, еденге лақтырып, аяқпен таптады.
Оқиға елдегі саяси қайраткерлер арасында резонанс тудырды. Польшаның сыртқы істер министрі Радослав Сикорский депутаттың бұл әрекеті заңсыздыққа жататынын айтып, "жеке меншікке қол сұғылып жатқанда Браун неге ұсталған жоқ?" деп наразылық білдірді.
Осыдан кейін Польша парламентінің спикері Шимон Головня еуродепутат және экс-президенттік кандидат Гжегож Браунға парламент ғимаратына кіруге ресми түрде тыйым салынғанын мәлімдеді.