Әлемде коронавирустың «кракен» деген жаңа түрі таралып жатыр - дәрігер
Бұл туралы бас мемлекеттік санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Орталық сайлау комиссиясының отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, ел аумағында коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты.
Соңғы екі аптада сырқаттанушылықтың төмендеуі байқалады. Тәулігіне COVID-19-ға ПТР-дің оң нәтижесімен 120 жағдайға дейін және COVID-19-ға ПТР-дің теріс нәтижесімен 10 жағдайға дейін тіркелуде. Алдыңғы аптамен салыстырғанда соңғы аптада сыртқаттанушылық 1,7 есеге, яғни 782 жағдайдан 461 жағдайға дейін төмендеді. Әлемде омикрон штамының жаңа түрі – кракен таралып жатыр. Ол 87 мемлекетте анықталған. Секвенирлеу әдісінің соңғы деректеріне сүйенсек, елімізде бұл штамм анықталған жоқ, - деп атап өтті вице-министр.
Сонымен қатар ол эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республика және барлық өңір жасыл аймақта тұрғанына тоқталды.
7 өңірде: Шымкент қаласы, Алматы, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Маңғыстау, облыстарында R көрсеткіші бірден жоғары. Осыған байланысты бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес R көрсеткіші бірден жоғары болған кезде адамдар көп жиналатын орындарда маска тағу ұсынылатынын еске саламын, - деді бас санитар дәрігер.