Әлемде: Израиль премьері тірі екенін дәлелдеді, Жерорта теңізіне цунами қаупі төнді
Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.
BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Израиль премьер-министрі өзінің өлімі туралы қауесеттерге жауап берді
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өзінің жоғалып кеткені және қаза тапқан болуы мүмкін деген қауесеттерге жауап берді. Ол қысқа видеоролик жазып, оны желіде жариялады.
Видео кадрларында Нетаньяху Израильдегі кофеханалардың бірінде кофеге тапсырыс беріп, сұрақтарға жауап береді. Кадр сыртындағы дауыс одан өлімі туралы қауесеттерге түсініктеме беруді сұрайды.
Мен кофені өлердей жақсы көремін. Мен халқымызды өлердей жақсы көремін. Адамдардың іс-әрекеті таңғалдырады, - деді ол күлімсіреп.
Нетаньяху иврит тілінде ауыспалы мағынада «бір нәрсеге ес-түссіз ғашық болуды» білдіретін «өлі» сөзімен сөзжасам жасап, әзілдеді.
Бұған дейін Иранның Ислам революциясы сақшылар корпусы (ИРСК) Израиль премьері Биньямин Нетаньяхудың кеңсесіне соққы жасалғанын мәлімдеген болатын.
ИРСК мәліметінше, нысандар жойылып, айтарлықтай шығынға ұшыраған. Кейінірек премьер кеңсесінің бірнеше жоғары лауазымды қызметкері қаза тапқаны белгілі болды.
Жерорта теңізі жағалауында цунами қаупі бар екені ескертілді
Зерттеушілер алдағы онжылдықтарда Жерорта теңізінде жаңа цунами болу ықтималдығы жоғары екенін ескертеді. XX ғасырдың басынан бері бұл аймақта және оған іргелес аумақтарда 100-ге жуық цунами тіркелген. Бұл әлемдегі барлық тіркелген жағдайлардың шамамен 10 пайызын құрайды.
Жерорта теңізі аймағы жалпы алғанда қауіпсіз өңір саналғанымен, сарапшылар мұнда да цунамидің нақты қауіп төндіретінін айтады. ЮНЕСКО мәліметінше, алдағы 30-50 жылда Жерорта теңізінде биіктігі кемінде бір метр болатын цунамидің орын алу ықтималдығы 100 пайызға тең.
Әдетте цунами жер сілкінісінен немесе жанартау атқылауынан пайда болып, бірнеше реттік толқындар түзеді.
Мамандардың айтуынша, алғашқы толқын міндетті түрде ең жойқын болуы шарт емес. Әсіресе, айлақтарды су астында қалдырып, шомылушыларды абайсызда басып қалуы мүмкін және жағалаудағы салынған нысандарға айтарлықтай залал келтіретін күшті ағыстар үлкен қауіп төндіреді.
Әдетте, Жерорта теңізінің шығыс бөлігі (Грекия, Түркия, Италия) жоғары тектоникалық белсенділікке байланысты ең үлкен қауіпке ие. Орталық Жерорта теңізінде қауіп деңгейі - қалыпты, ал батысында (Испания, Франция) - төменірек, бірақ қауіп мүлдем жоқ деп айтуға болмайды.
Басылымның жазуынша, аталған елдердің барлығы Жерорта теңізі аймағындағы ЮНЕСКО-ның цунами туралы ескерту жөніндегі бірлескен аймақтық жүйесіне (NEAMTWS) қатысады.
Жерорта теңізінің көптеген елдері ақпаратты үйлестіруге және таратуға мүмкіндік беретін ЮНЕСКО-ның ортақ аймақтық жүйесі арқылы өзара байланыс орнатқан.
Венгрияда премьер-министрлікке үміткерлердің сайлау алдындағы үгіт-насихат жиындары өтті
Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбанның жақтастары мен оның қарсыластары парламенттік сайлау қарсаңында Будапеште демонстрациялар өткізді.
Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, оған ондаған мың адам қатысты.
Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан мен оның басты қарсыласы - оппозициялық «Құрмет және бостандық» (TISZA) партиясының жетекшісі, еуропарламент депутаты Петер Мадьяр жексенбі, 15 наурызда ұлттық мерекеге орай Будапеште ауқымды митингілер ұйымдастырды.
Мажарстандағы дауыс беру 12 сәуірге жоспарланған. Бұл сайлау Орбанның 2010 жылы үкімет басына келгеннен бергі билігіне жасалған ең үлкен сын ретінде бағалануда. Қазіргі уақытта TISZA партиясы көптеген сауалнамалар бойынша Орбан бастаған «ФИДЕС – Мажар азаматтық одағы» партиясынан озып тұр.
Мажарстан парламентінің алдында өткен «Бейбітшілік шеруінде» сөз сөйлеген Орбан өз жақтастарын «тарихи» деп атаған дауыс беруге жұмылуға шақырды. Ол билік басындағы партия 2022 жылғы сайлаудағы нәтижесінен асып түсуі тиіс екенін баса айтты.
Біз төрт жыл бұрынғыдан да жақсырақ жеңіске жетуіміз керек. Бізге көбірек дауыс қажет, - деп келтіреді оның сөзін Reuters агенттігі.
Мажарстан үкіметінің басшысы алдағы сайлауды «соғыс пен бейбітшілік арасындағы таңдау» ретінде көрсетіп, оппоненттерін Мажарстанды Украинадағы соғысқа тартуға тырысып жатыр деп айыптады. Ол сондай-ақ Брюссель тарапынан болатын сыртқы қысымға қарамастан, елдің егемендігін қорғайтынына сендірді.
Петер Мадьяр Орбанның науқанын «күлкілі насихат» (пропаганда) деп атады. Батырлар алаңында сөйлеген сөзінде ол Мажарстанның Еуропалық Одақ пен НАТО-ның құрамында қалуы тиіс екенін қадап айтты.
Билікті кез келген жолмен ұстап тұру - ол (Орбан) үшін қазір ең маңыздысы осы. Соғысты қоздыру, соғыспен қорқыту, соғыс отын тұтату - бұл оның мажар халқына қарсы қолданып отырған ең қуатты қаруы, - деді ол.
Мадьяр сонымен қатар Орбанды «сайлауға араласу үшін ресейлік агенттерді шақыру» арқылы Мажарстанның бостандығын шектеуге тырысты деп айыптады.
Шетелдік БАҚ мәліметінше, екі митингіге де ондаған мың адам қатысты.