Әлемде: Израиль-Иран шиеленісі, Трамп мәлімдемесі және Еуропадағы аптап

BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Трамп: Израиль 60 күндік бітімге келісті, шешім ХАМАС-қа байланысты

АҚШ президенті Дональд Трамп Израильдің Газадағы қақтығысты 60 күнге тоқтатуға келіскенін мәлімдеді. Бұл ұсыныс Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың Вашингтонға сапары алдында жарияланды.

Келісім шарттары:

60 күнге атыс тоқтатылады;

Тұтқындар алмасу және гуманитарлық көмек мәселелері қарастырылады;

Катар мен Мысыр соңғы ұсынысты әзірлейді.

ХАМАС барлық тұтқынды босатуға дайын екенін айтты, бірақ Газадан Израиль әскерінің толық шығуын талап етуде. Израиль бұл талапты қабылдамай отыр және ХАМАС-тың толық тізе бүгуін көздейді.

Вашингтонда Израиль министрі Рон Дермер АҚШ вице-президенті мен Мемлекеттік хатшымен келіссөздер өткізді.

insta:realdonaldtrump

 

Иранда Израиль шабуылдарынан қаза тапқандар саны 950 адамға жетті

Израильдің Иранға жасаған әскери шабуылдары салдарынан 950 адам қаза тауып, шамамен 5 мың адам жараланды. Бұл туралы Иран Қызыл Жарты Ай қоғамының басшысы Пир Хоссейн Коливанд мәлімдеді. Құрбандар арасында 102 әйел мен 38 бала бар. Жараланғандардың 70 пайызы – бейбіт тұрғындар.

Коливандтың дерегінше, шабуыл салдарынан 377 үй толық қирап, 2 160 үй бүлінген. Бұған дейін басқа дереккөздер жараланғандар саны 5 646 адамға жеткенін хабарлаған болатын.

Израиль 13 маусымға қараған түні Иранға қарсы әскери операция бастаған. Келесі күні Иран қарымта соққы берді. 22 маусымда АҚШ бұл қақтығысқа араласып, Ирандағы үш ядролық нысанға соққы жасады. Келесі күні Иран Катардағы АҚШ-тың "Әл-Удейд" әскери базасына шабуыл жасады. АҚШ зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады.

24 маусымнан бастап Израиль мен Иран атысты толық тоқтатуға келісті.

pixabay.com

Парижде аптап ыстықтан Эйфель мұнарасы уақытша жабылды

Франциядағы +40°C-қа дейін жеткен аптап ыстық салдарынан Эйфель мұнарасының жоғарғы бөлігі келушілер үшін уақытша жабылды. Ел билігі Парижді қоса алғанда, 15-тен астам департаментте "қызыл" метеоқауіп деңгейін жариялады.

Қатты ыстық Францияның инфрақұрылымына кері әсер етіп, бірқатар әлеуметтік қызметтің жұмысын тоқтатты:

Париж, Тулуза және Лимузен арасындағы теміржол қатынасы үзілді;

Ардеш пен Дром департаменттерінде 5000-нан астам үй жарықсыз қалды;

Қауіпсіздік мақсатында 1300-ден астам мектеп жабылды.

Аптап ыстық Еуропаның басқа елдеріне де тарады. Жылу толқыны Испания, Германия, Италия мен Швейцарияны қамтыды. Ұлыбританияда +34°C дейін жететін ыстық күтілуде. Синоптиктер 2 шілдеден бастап ауа температурасы төмендей бастайды деп болжауда.

Мамандар бұл жағдай электр жүйелеріне және денсаулық сақтау саласына айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертуде.

Үндістанда пиротехникалық зауыттағы жарылыстан алты адам қаза тапты

Үндістанның оңтүстігіндегі Тамилнад штатында пиротехникалық зауытта болған жарылыс салдарынан кемінде алты адам, оның ішінде екі әйел көз жұмды. Жарылыс Вирудхунагар округіндегі ауылдық аймақта орналасқан зауытта болды. Оқиғадан кейін үлкен өрт шыққан.

Құтқару жұмыстары жалғасуда, жараланғандар ауруханаға жеткізілді. Жарылыстың нақты себебі тергеліп жатыр.

Мамандар Үндістанда өндірістік қауіпсіздік талаптарының жиі сақталмауы осындай апаттарға әкелетінін айтады. Елдегі пиротехникалық өндіріс ең қауіпті салалардың бірі саналады.

pixabay.com
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы