Әлемде: Израиль-ХАМАС келісімі, Макронның отставкасы және БҰҰ бітімгерлері
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Израиль мен ХАМАС бейбіт келісімге келді
АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль мен ХАМАС арасындағы бейбіт келісімнің бірінші кезеңіне қол қойылғанын хабарлады. Бұл туралы ол Truth Social желісіндегі парақшасында жазды.
Барлық кепілге алынғандар жақын арада босатылады, ал Израиль әскері тұрақты бейбітшілік жолында келісілген шептерге шегінеді, - деді Трамп.
Оның айтуынша, келісімге АҚШ, Катар, Египет және Түркияның делдалдығымен қол жеткізілген. Трамп 12 қазанда Таяу Шығысқа барып, бейбіт келісімге қол қою рәсіміне қатысуды жоспарлап отыр.
Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху үкіметті келісімді ратификациялауға және кепілге алынғандарды елге қайтаруға шақырды. Reuters пен AFP агенттіктері ХАМАС та келісімді растағанын хабарлады. Алдын ала мәлімет бойынша, кепілге алынғандар 72 сағат ішінде шамамен 2000 палестиналық тұтқынға айырбасталмақ.
Катар СІМ өкілі Маджед Әл-Ансари атысты тоқтату мен гуманитарлық көмекті жеткізу тетіктері келісілгенін растады.
2023 жылы ХАМАС Израильге шабуыл жасап, 1200 адамды өлтіріп, 250-дей адамды кепілге алғаннан кейін Таяу Шығыстағы қақтығыс ушығып кеткен еді. Израильдің қарсы соққылары салдарынан 67 мыңнан астам палестиналық қаза тапқан.
Қазақстандық әйел ғарышқа ұшты
Қазақстандық кәсіпкер және альпинист Дана Карагусова ғарышқа ұшқан алғашқы қазақ әйелі атанды. Ол америкалық Blue Origin компаниясының New Shepard зымыранымен суборбитальды туристік ұшуға қатысты.
Blue Origin компаниясының мәліметінше, ұшу бүгін, 8 қазанда өтті және оның бейнежазбасы Blue Origin-нің ресми сайтында жарияланған.
Экипаж құрамына Данна Карагусовадан бөлек Джефф Элджин, Клинт Келли III, Уилл Льюис, Аарон Ньюман және украиналық инвестор Виталий Островский кірді.
New Shepard капсуласы жер деңгейінен 106 шақырым биіктікке көтеріліп, ғарыштың шартты шекарасы саналатын Карман сызығынан өтті. Ұшу және қону толықтай автоматты режимде сәтті жүзеге асырылған.
Blue Origin компаниясының New Shepard вице-президенті Фил Джойс бұл миссияның маңыздылығын атап өтті.
Бүгінгі миссия – біздің команда жүргізіп жатқан зерттеулерге деген тынымсыз ұмтылыстың дәлелі. Біз әр ғарышкерге биіктіктен жердің көрінісі қандай терең әсер қалдыратынын еске саламыз. Бұл тәжірибе адамдардың өз планетасымен терең байланыс орнатуына ықпал етіп, мүмкіндіктердің шекарасын кеңейтуге және бірлесіп жұмыс істеуге шабыттандырады, – деді ол.
Бұл миссия Blue Origin компаниясының NS-36 рейсі болып саналады. Осы күнге дейін New Shepard зымыранымен 86 адам ғарышқа көтерілді.
Дания балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салмақ
Дания үкіметі 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізуді көздеп отыр.
Премьер-министр Метте Фредериксен парламентте сөйлеген сөзінде әлеуметтік платформалар балалардың балалық шақтан толық ләззат алу мүмкіндігінен айырып жатқанын айтты.
Ұялы телефондар бастапқыда адамдарды байланыстыру үшін ойлап табылды, бірақ бүгінде ол “құбыжыққа” айналды. Жастар арасында мазасыздық пен депрессия көбейді, оқуға шоғырлану қиындады, - деді ол.
Жаңа заң жобасы аясында ата-аналар 13 жасқа толған балаларына әлеуметтік желіні пайдалануына рұқсат бере алады. Сондай-ақ бастауыш мектептер мен күндізгі ұзартылған топтарда телефон қолдануға тыйым салу көзделген.
Фредериксеннің айтуынша, жасөспірімдердің едәуір бөлігі апта бойы достарымен кездеспейді – бұл смартфонды шамадан тыс қолданудың салдары.
Айта кетейік, бұған дейін Австралия 16 жасқа толмағандарға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салатын ұқсас заң қабылдаған болатын.
Франция парламенті Макронның отставкасына қарсы дауыс берді
Францияның Ұлттық Ассамблеясы президент Эммануэль Макронның отставкаға кету туралы оппозиция ұсынған бастамасын қабылдамады.
Ұлттық жиналыс бюросы таңертең өткен отырыста Эммануэль Макронның отставкаға кету туралы ұсынысын қабылдамауға шешім қабылдады, - деп жазды басылым.
Бастаманы солшылдар, «жасылдар» және социалистер қолдағанымен, президентті жақтайтын көпшілік оның қызметінен кетуіне қарсы дауыс берді.
Бұған дейін Canard Enchaîné газеті Макрон отставкаға кетудің орнына парламентті таратып, мерзімінен бұрын сайлау өткізу жоспарын қарастырып жатқанын хабарлаған еді.
Премьер-министр Себастьян Лекорню 6 қазанда отставкаға кеткеннен кейін, оппозиция президенттен де отставкаға кетуді талап еткен. Дегенмен, Макрон жаңа үкімет құру жөніндегі кеңестерін жалғастырып жатыр.
Сарапшылардың пікірінше, егер саяси келіссөздер нәтижесіз болса, Эммануэль Макрон парламентті таратып, жаңа сайлау жариялауы мүмкін.
БҰҰ бітімгерлер санын қысқартуды жоспарлап отыр
Біріккен Ұлттар Ұйымы қаржыландыру тапшылығына байланысты бітімгершілік операцияларға қатысушылардың санын 25%-ға қысқартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы ұйымның жоғары лауазымды өкілі мәлімдеді.
Шенеуніктің айтуынша, әлем бойынша БҰҰ бітімгершілік миссияларына тартылған қызметкерлердің шамамен 13-14 мың адамы қысқаруы мүмкін.
Төлемдердің кешігуі мен бірқатар мемлекеттердің жарна төлемеуі біздің миссиялардың тиімді жұмысына тікелей әсер етіп отыр, - деді ол.
Бюджет тапшылығының негізгі себебі – мүше елдердің жарна төлемеуі. Солардың ішінде ең ірі донор саналатын АҚШ-тың ұйым алдындағы қарызы 3 миллиард долларға жуық, оның ішінде 1,5 млрд доллар – тұрақты бюджет, ал қалғаны – бітімгершілік бағдарламалары бойынша берешек.
БҰҰ соңғы жылдары қаржыландырудың азаюына байланысты Африка мен Таяу Шығыстағы бірнеше миссиясын қысқартуға мәжбүр болған еді.