Әлемде: Израиль Газаны атқылады, Трамптың рейтингі құлдырады, Кениядағы ұшақ апаты

BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.

Газа секторына жасалған соққы

Израиль Қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Газа секторының оңтүстігіндегі ХАМАС пайдаланатын инфрақұрылым нысандарына бірқатар әуе соққыларын жасады. Бұл туралы The Jerusalem Post басылымы Израиль Премьер-министрінің кеңсесіне сілтеме жасап жариялады.

Соққылар Рафах қаласында израильдік сарбаздарға оқ атылғаннан кейін жасалған. Израиль тарапы бұл әрекетті ХАМАС тарапынан атысты тоқтату режимін бұзу деп бағалап отыр.

Израиль Премьер-Министрі Беньямин Нетаньяху исламшыл қозғалысқа ескерту жасап, кез келген шабуылға қатаң жауап қайтарылатынын мәлімдеді.

Бітімгершілікті бұзған әрбір әрекетке қатал жауап беріледі, - деді Нетаньяху.

Бұған дейін ХАМАС содырлары тегеурінді танкке қарсы зымыран атып, Рафах маңындағы ЦАХАЛ бөлімшелеріне атыс жасағаны хабарланған еді. Бұған жауап ретінде Израиль артиллериясы қарсы соққы берген.

Айта кетейік, соңғы апталарда Газа секторында атысты тоқтату келісімі жиі бұзылып, екі тараптың да шығындары көбейіп отыр.

Трамптың рейтингі құлдырады

АҚШ президенті Дональд Трамптың қызметіне қанағаттанған азаматтардың үлесі рекордтық деңгейде төмендеді.

Reuters және Ipsos зерттеу компанияларының соңғы сауалнамасына сәйкес, америкалықтардың тек 40%-ы оның қызметін қолдайды бұл өткен аптамен салыстырғанда 2 пайызға аз. Ал қызметін қолдамайтындар 57%-ға жеткен.

Зерттеу нәтижелері Трамптың экономикалық саясатқа, әсіресе елдегі өмір сүру құнының артуына әсер ететін шешімдеріне наразылықтың артқанын көрсетеді. Респонденттердің 63%-ы президенттің инфляциямен күрес шараларына көңілі толмайтынын білдірген.

Сарапшылардың айтуынша, Трамп әкімшілігі кезеңінде инфляция қарқынының өсуі мен еңбек нарығының баяулауы Федералдық резерв жүйесін пайыздық мөлшерлемені төмендетуге мәжбүрлеген.

Салыстыру үшін, Трамптың алдындағы президент Джо Байденнің ең төменгі рейтингтік көрсеткіші 36% болған. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың мамырында тіркелген еді.

Швецияда 13 жастан бастап түрме жазасы енгізіледі

Швеция үкіметі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өсуіне байланысты қылмыстық жауапкершілік жасын 13-ке дейін төмендетуді жоспарлап отыр.

2026 жылдың шілдесінен бастап ауыр қылмыс жасаған 13–14 жастағы балалар арнайы кәмелетке толмағандар орталықтарына қамалатын болады.

Бұл шара қоғамды қорғау және балаларды қылмыстық жолдан шығару үшін қажет. Егер 13 жастағы бала қарумен көшеде жүрсе, қоғам бұған жауап беруі тиіс, - деді Әділет министрі Гуннар Стрёммер.

Алғашқы кезеңде 13-17 жас аралығындағы құқық бұзушыларға арналған 150 орын дайындалады.

Соңғы жылдары елде бандалық қылмыс пен атыстар көбейіп, кәмелетке толмағандарды ауыр қылмыстарға тарту жиілеген. Сарапшылар мұны “интеграцияның сәтсіздігімен” және иммигранттар тығыз қоныстанған аудандардағы әлеуметтік мәселелермен байланыстырады.

Кенияда ұшақ апатынан 11 адам қаза тапты

Кенияда шетелдік туристер мінген Mombasa Air Safari әуе компаниясының шағын ұшағы апатқа ұшырады. Бортта болған 11 адамның бәрі – кениялық ұшқыш, сегіз венгриялық және екі неміс азаматы қаза тапты.

Ұшақ Масай-Мара ұлттық қорығына бара жатқан. Ресми деректерге сүйенсек, әуе кемесі Диани қаласынан 40 шақырым жерде, таулы және орманды аумақта құлаған. Апат кезінде қатты жаңбыр жауған. Куәгерлер жарылыстың дауысын естігендерін жеткізді.

Қазір құтқару және тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Әуе компаниясы қаза болғандардың туыстарына көңіл айтып, тергеуге толық қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Айта кетейік, Масай-Мара ұлттық қорығы Кенияның ең ірі туристік аймақтарының бірі саналады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы