Бүгiн 2026, 12:41 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлемде: Иран "жеңісін" жариялады, Трамп тағы да қоқан-лоқы жасады, Ресей Украинамен уақытша бітімге келді

Иран жеңіс жариялады, АҚШ соққымен қорқытты, Ресей Пасхаға бітім енгізді, Грекия балаларға шектеу қоюды жоспарлап отыр.

Иран жеңіс жариялады, АҚШ соққымен қорқытты, Ресей Пасхаға бітім енгізді, Грекия балаларға шектеу қоюды жоспарлап отыр. BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты оқиғаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.

Хаменеи жеңіс жариялап, Парсы шығанағы елдеріне үндеу жасады

Фото: IRNA

Иранның Жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи АҚШ пен Израильмен болған қақтығыста Тегеран жеңіске жетті деп мәлімдеді. Ол бұл жағдайды «үшінші қасиетті қорғаныс» деп атап, халықты құттықтады. Сонымен қатар Иран соғысқа ұмтылмайтынын, бірақ өз құқықтарынан бас тартпайтынын айтты. Хаменеи Парсы шығанағы елдерін «дұрыс тарапты таңдауға» шақырып, жалған уәделерге сенбеуге үндеді. Ал АҚШ Иран келісімді орындамаса, «өте ауыр соққылар» жасалатынын ескертті.

Ормуз бұғазы мен Ливан шиеленісі бітімді әлсіретіп тұр

Фото: ВВС

Иран Ормуз бұғазы үстіндегі бақылауын күшейтетінін мәлімдеді және АҚШ пен Израильден өтемақы талап ететінін жеткізді. Бұл ретте Еуроодақ елдері АҚШ пен Иран арасындағы бітімді Ливанға да таратуға шақырып отыр. Израильдің Ливанға жасаған әуе соққылары салдарынан мыңдаған адам қаза тауып, халықаралық қауымдастық тарапынан сынға ұшырады. БҰҰ бұл шабуылдарды қатаң айыптап, бейбіт тұрғындардың қырылуын атап өтті.

Мумбай әуежайында өрт шықты

Фото: видеодан алынған скрин

Үндістанның ең ірі әуежайларының бірі – Мумбай әуежайының терминалында өрт болды. Алдын ала мәлімет бойынша, өрт электр жүйесіндегі қысқа тұйықталудан шыққан. Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен полиция жедел жетіп, тілсіз жау бірнеше минут ішінде сөндірілді. Әуежай жұмысы тоқтатылған жоқ, жолаушылар зардап шеккен жоқ.

Ресей Пасха қарсаңында уақытша бітім жариялады

Фото: tass.ru

Ресей президенті Владимир Путин православиелік Пасха мерекесіне орай Украинадағы әскери әрекеттерді уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады. Бітім 11 сәуір сағат 16:00-ден 12 сәуірдің соңына дейін күшінде болады. Ресей тарапы Украина да бұл бастаманы қолдайды деп күтетінін мәлімдеді. Алайда қазіргі уақытқа дейін Киевтен ресми жауап берілген жоқ.

Грекия балаларға әлеуметтік желіні шектеуді жоспарлап отыр

Фото: istockphoto.com

Грекия үкіметі 2027 жылдан бастап 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеу енгізуді көздеп отыр. Бұл шешім жасөспірімдер арасындағы психологиялық мәселелер мен тәуелділіктің артуымен байланысты. Заң жобасы 2026 жылы парламентке ұсынылады. Егер қабылданса, платформалар пайдаланушылардың жасын тексеруге міндеттеледі, ал талаптарды бұзған компанияларға ірі айыппұл салынуы мүмкін.