Бүгiн 2026, 11:08 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

Әлемде: Иран шиеленісі, Трамптың қатаң сөзі, Әзербайжан шешімі және Дубайдың ескертуі

BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты оқиғаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.

АҚШ президенті Дональд Трамп Куба мен Иран туралы мәлімдеме жасады. Әзербайжан Иранмен шекарада жүк көліктерінің қозғалысын тоқтатты, Дубай полициясы жалған ақпаратқа қатысты ескерту жасады, ал Air Astana Таяу Шығыс бағытындағы рейстерді уақытша тоқтатты. BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты оқиғаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.

Трамп: Куба мәселесі – уақыттың еншісіндегі іс

Фото: Shutterstock

АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтон үшін Куба мәселесі тек уақыттың еншісіндегі іс екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі таңда АҚШ ең алдымен Иранмен байланысты мәселені аяқтауға басымдық беріп отыр.

Clash Report таратқан мәліметке сәйкес, Трамп Кубаның АҚШ-пен келісім жасауға мүдделі екенін де айтты.

Куба келісім жасауды соншалықты қатты қалайды, сіз тіпті елестете де алмайсыз, – деді ол.

Сонымен қатар Трамп бұған дейін Кубаның құлауы мүмкін екенін болжағанын еске салды. Оның сөзінше, АҚШ Кубаға қатысты экономикалық қысымды күшейтіп, мұнай жеткізілімдері мен қаржылық қолдауды тоқтатқан.

Біз мұнай жеткізілімдерін, ақшаны тоқтаттық, Венесуэладан келетін барлық жеткізілімдерді жаптық. Ал Венесуэла олардың жалғыз көзі еді, – деді АҚШ президенті.

Трамп: Иранға қарсы әскери әрекет – амалсыз шешім

АҚШ басшысы Вашингтонның Тегеранмен келіссөз жүргізгеннен гөрі әскери іс-қимылдарды жалғастыруға бейім екенін айтты.

Оның айтуынша, әскери әрекеттерге бару – мәжбүрлі қадам болған.

Егер біз бірінші соққы жасамағанда, олар бізге шабуыл жасар еді. Өйткені олар ессіз, – деді Трамп.

Президенттің сөзінше, АҚШ Иранның Америкаға, Израильге және басқа елдерге қауіп төндіруіне жол бермеуге ниетті. Ол сонымен қатар әскери операциялар нәтижесінде ирандық зымырандардың шамамен 60%-ы және ұшыру қондырғыларының 64%-ы жойылғанын айтты.

Әзербайжан Иранмен шекарада жүк көліктерінің қозғалысын тоқтатты

Фото: eurasiatoday.ru

Әзербайжан үкіметі Иранмен шекара арқылы жүк көліктерінің қозғалысын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

РИА Новости агенттігінің мәліметінше, бұл шешім елдің Министрлер кабинеті тарапынан қабылданған.

Ресми мәлімдемеде Әзербайжан мен Иран арасындағы барлық шекара өткелдері арқылы жүк көліктерінің қозғалысы, соның ішінде транзиттік тасымал да толықтай тоқтатылатыны айтылған.

Әзірге бұл шектеудің нақты қанша уақытқа созылатыны хабарланған жоқ.

Дубай полициясы жалған ақпаратқа қатысты қатаң ескерту жасады

Біріккен Араб Әмірліктерінде қауесет пен жалған ақпарат таратқандарға қатысты жауапкершілік күшейтілді.

Дубай полициясы Х әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында елде жалған ақпарат немесе ресми мәлімдемелерге қайшы келетін контент таратуға қатаң тыйым салынғанын еске салды.

Ведомствоның айтуынша, мұндай ақпарат қоғамда дүрбелең тудыруы немесе қоғамдық қауіпсіздік пен халық денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін.

Заңды бұзғандарға қылмыстық жаза қарастырылған. Оның ішінде түрмеге қамау және кемінде 200 мың дирхам көлемінде айыппұл салу жазасы бар.

Сонымен қатар полиция азаматтарды күзетілетін немесе стратегиялық маңызды нысандарды суретке түсірмеуге және олардың бейнесін таратпауға шақырды.

Air Astana Таяу Шығыс бағытындағы рейстерді тоқтатты

Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артём Чурсинов

Air Astana әуе компаниясы Таяу Шығыс бағытындағы рейстерді уақытша тоқтататынын мәлімдеді.

Компанияның хабарлауынша, Дубай, Жидда, Медина және Доха қалаларына тұрақты рейстер 10 наурызды қоса алғанға дейін орындалмайды.

Сондай-ақ аталған бағыттарға билеттерді сату 17 наурызға дейін уақытша тоқтатылды.

Жолаушыларға билеттерді тегін қайта брондау мүмкіндігі 30 сәуірге дейін, ал ақшасын қайтару 11 наурызға дейін қолжетімді болады.

Әуе компаниясы Таяу Шығыс аймағындағы жағдайды бақылауды жалғастырып, қажет болған жағдайда қосымша шаралар қабылдайтынын мәлімдеді.