Әлемде: БАӘ мен Германияда әуежайлар жабылды, Иранға қарсы операция аяқталуы мүмкін
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
БАӘ әуе кеңістігін ішінара уақытша жапты
Біріккен Араб Әмірліктері Ираннан төнген қауіпке байланысты әуе кеңістігін ішінара уақытша жабу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы елдің азаматтық авиация басқармасы мәлімдеді.
Ресми дерекке сәйкес, шешім қауіпсіздік мақсатында қабылданған.
БАӘ Қорғаныс министрлігі қазіргі уақытта әуе қорғанысы жүйелері Ираннан ұшырылған зымырандар мен дрондардың шабуылдарын тойтарып жатқанын хабарлады.
Билік өкілдері жағдайдың тұрақтануына қарай әуе кеңістігі қайта ашылатынын атап өтті.
Трамп: Иранға қарсы операция жақын арада аяқталады
Дональд Трамп АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операциясы жақын арада аяқталатынын, алайда бұл осы аптада болмайтынын мәлімдеді.
Ақ үйде журналистердің сұрағына жауап берген Трамп: «Менің ойымша, жақын арада аяқталады», - деді.
АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери науқанды 28 ақпанда бастаған. Шабуылдар барысында Тегеранды қоса алғанда, елдің бірқатар ірі қалалары нысанаға алынды. Вашингтон бұл әрекеттерді Ираннан төнген зымыран және ядролық қауіптермен түсіндірді.
Өз кезегінде Иран жауап ретінде Израильге, сондай-ақ АҚШ-тың Таяу Шығыстағы бірқатар елдердегі әскери нысандарына қарсы операциялар жүргізе бастады.
Қақтығыстың одан әрі дамуы мен оның аяқталу мерзімі әзірге белгісіз.
Берлин әуежайы ереуілге байланысты барлық рейстерді тоқтатады
Берлин-Бранденбург әуежайында қызметкерлердің ереуіліне байланысты 18 наурызда барлық рейстер тоқтатылады.
Алдын ала мәлімет бойынша, бұл күні 445 рейс орындалмайды, ал шектеу шамамен 57 мың жолаушыға әсер етеді. Жолаушыларға билеттерді қайта рәсімдеу немесе сапардың балама нұсқаларын қарастыру үшін авиакомпанияларына жүгіну ұсынылды.
Ереуілді Verdi кәсіподағы ұйымдастырған. Кәсіподақ әуежайдың шамамен 2000 қызметкерін бір күндік ескерту ереуіліне шақырды.
Кәсіподақ өкілдері қызметкерлердің жалақысын 6%-ға және айына кемінде 250 еуроға арттыруды талап етуде. Ал әуежай басшылығы жалақыны 2028 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен көтеруді ұсынған. Бұл ұсыныс жылына шамамен 1% өсімді ғана қамтамасыз етеді.
Verdi келіссөз жүргізушісі Холгер Ресслер мұндай ұсынысты «маңызды емес, келіссөз үстеліндегі арандатушылық» деп бағалады.