Әлемде: Иран АҚШ-қа үш талап қойды, Ормуз бұғазында 16 катер жойылды, Илон Маск ең бай адам атанды
Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.
BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Иран келіссөздер жүргізу үшін АҚШ-қа үш талап қойды
Иран келіссөздерді қайта бастау үшін АҚШ-қа үш талап қойды.
Иранның шарттары соғыстың қайталанбауына кепілдік беруді, ядролық отын циклін толық иеленуді және өтемақы төлеуді қарастырады, - делінген Al Mayadeen телеарна хабарламасында.
Айта кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы операция бастаған болатын. Тель-Авив бұл шараның мақсаты — Тегеранның ядролық қаруға ие болуына жол бермеу екенін мәлімдеді. Вашингтон Иран флотын, қорғаныс өнеркәсібін жоюмен сес көрсетіп, ел азаматтарын режимді құлатуға шақырды.
Соңғы мәліметтер бойынша, АҚШ пен Израильдің Ирандағы шабуылдарынан кем дегенде 1300 адам қаза тапты. Олардың арасында Жоғарғы көшбасшы Әли Хаменеи де бар.
9 наурызда Сарапшылар кеңесі Иранның жаңа Жоғарғы көшбасшысының есімін жариялады. Ол — қаза тапқан көшбасшының ұлы Моджтаба Хаменеи.
БАҚ мәліметтері бойынша, зымырандар тек әскери нысандарға ғана емес, Ислам Республикасы мен аймақтағы басқа да елдердің азаматтық инфрақұрылымына да түсіп жатыр.
Тегеран бұған жауап ретінде Израиль аумағына, сондай-ақ Таяу Шығыстағы Америка базаларына соққы жасауда.
АҚШ Ормуз бұғазы маңында Иранның 16 мина қойғыш катерін жойды
АҚШ әскерилері Иранның кемелеріне, соның ішінде 16 мина қойғыш катеріне соққы берді.
Бұл Иранның аймақтан мұнай тасымалдайтын кемелер өтетін Ормуз бұғазын миналау ниеті туралы хабарлар аясында орын алды.
Соққы туралы АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) өзінің X әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында хабарлады.
АҚШ Президенті Дональд Трамп өзінің Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ормуз бұғазы маңында Иранның мина қойғыш кемелерінің көзі жойылғанын растады.
CENTCOM (АҚШ Қарулы Күштерінің Орталық қолбасшылығы) катерлерге соққы беру сәттері бейнеленген видеожазбаны жариялады.
Таяу Шығыс елдерінен мұнай тасымалдайтын ең маңызды күретамырлардың бірі - Ормуз бұғазы Израиль мен АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы басталғалы бері азаматтық кемелер үшін іс жүзінде жабық тұр.
28 ақпаннан бері бұғазда Иранның шабуылдарынан аман өткен тек бір ғана танкер туралы мәлімет түсті.
Forbes әлемдегі ең бай адамды жариялады
Forbes журналының рейтингісінде Илон Маск екінші жыл қатарынан әлемдегі ең бай адам ретінде көш бастады.
Америкалық кәсіпкердің дәулеті рекордтық 839 млрд долларға жеткен. Үздік үштікті Google негізін қалаушылары Ларри Пейдж (2,257 млрд доллар) бен Сергей Брин (2,237 млрд доллар) түйіндесе, Amazon басшысы Джефф Безос 224 млрд доллармен төртінші сатыға жайғасты.
2026 жылы әлемдегі миллиардерлер саны 400 адамға артып, жалпы 3 428-ге жетті.
Олардың жиынтық капиталы 220,1 трлн долларды құрап, әр миллиардердің орташа активі 5,8 млрд долларға дейін өскен.