Бүгiн 2026, 09:22 Фото: BAQ.KZ коллажы

Әлемде: Иран-АҚШ келіссөзі, Түркиядағы жолаушылар апаты, Ормуз бұғазындағы шиеленіс

Әлемде соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасы.

BAQ.KZ cоңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Вашингтон үнсіз, ал Тегеран өз ұсынысына жауап алғанын жариялады

АҚШ пен Иран арасындағы ахуал қайта шиеленісуі мүмкін. Дональд Трамп Иранның соңғы бейбіт ұсынысына қатысты пікір білдіріп, оны әлі толық зерттемегенін, бірақ қабылдануы екіталай екенін айтты. Оның сөзінше, Тегеран «жеткілікті деңгейде жауапкершілік алған жоқ».

Иран тарапы болса, АҚШ-тан өз ұсынысына жауап алынғанын мәлімдеді. Елдің сыртқы істер ведомствосының дерегінше, жауап Пәкістан арқылы жеткізілген және қазір зерттеліп жатыр. Алайда Вашингтон бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ.

Тегеран ұсынған жоспар 14 тармақтан тұрады. Онда аймақтағы америкалық әскерлерді шығару, теңіз блокадасын тоқтату, барлық әскери әрекеттерді, соның ішінде Израильдің Ливандағы операцияларын доғару талаптары қамтылған. Сондай-ақ тараптар 30 күн ішінде толық келісімге келуі тиіс екені айтылған.

Сонымен қатар Трамп Иранға қарсы әскери соққыларды қайта бастау мүмкіндігін де жоққа шығармады. Оның айтуынша, «егер Иран дұрыс әрекет етпесе», АҚШ күш қолдануға қайта оралуы ықтимал.

Айта кетейік, қазіргі таңда тараптар арасында уақытша атысты тоқтату режимі сақталғанымен, ұзақ мерзімді бейбіт келісімге қол жеткізілген жоқ. Сарапшылар бұл жағдай Таяу Шығыстағы тұрақтылыққа және әлемдік энергетика нарығына әсер етуі мүмкін екенін айтуда.

Еске сала кетейік, бұған дейін Иран АҚШ-қа Таяу Шығыстағы қақтығысты реттеуге бағытталған 14 тармақтан тұратын жаңа бейбіт жоспарды жолдаған болатын.

Швеция алғашқы әскери спутнигін орбитаға шығарды

Швеция өзінің алғашқы әскери спутнигін орбитаға сәтті ұшырды. Жер серігі басқа міндеттермен қатар Ресей аумағындағы жағдайды бақылауға бағытталған.

Спутник АҚШ-тың Калифорния штатындағы Ванденберг ғарыш күштері базасынан ұшырылған. Мамандардың айтуынша, аппарат шамамен бір ай ішінде өзіне белгіленген орбиталық позицияға жетеді.

Швеция алдағы уақытта бұл бағытты кеңейтіп, он спутниктен тұратын әскери бақылау жүйесін құруды жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда Швеция Қарулы күштері спутниктік деректерді негізінен одақтас елдер мен коммерциялық серіктестерден алып отыр. Жаңа жоба елдің барлау және қорғаныс мүмкіндігін күшейтуге бағытталған.

Иран Ормуз бұғазындағы шиеленісті көрші мемлекеттермен бірлесіп реттемек

Иран Сыртқы істер министрлігінің өкілі Тегеран Ормуз бұғазындағы жағдайға байланысты әрекеттерді өңірдегі көрші және жағалаудағы мемлекеттермен келісіп жүзеге асыруға ниетті екенін мәлім етті.

Оның айтуынша, Иран Оманмен тығыз ынтымақтастық орнатып, қауіпсіздікке қатысты нақты шараларды бірлесе іске асыруды көздейді. Бұл қадам аймақтағы ықтимал әскери шиеленістердің алдын алуға бағытталған.

СІМ өкілі сондай-ақ қазіргі уақытта Иранның басты басымдығы АҚШ-пен қақтығысты тоқтатуға бағытталғанын атап өтті. Тегеран түрлі бағыттар бойынша, соның ішінде Ливандағы жағдай мен Ормуз бұғазы мәселесін қамтитын келіссөздер мен ұсыныстарды талқылап жатқанын жеткізді.

Мәлімдемеде Иран тарапы өңірлік тұрақтылықты сақтау және әскери қақтығыстарды аяқтау үшін дипломатиялық жолды жалғастыруға дайын екені айтылған.

Түркияда жолаушылар автобус апатқа ұшырап, төрт адам қаза тапты

Түркияда ауыр жол-көлік оқиғасы болып, адам шығынына әкелді. Түркия аумағындағы Малатия провинциясында жолаушылар автобусы жол апатына ұшырап, төрт адам қаза тапты, тағы 15 адам жарақат алды.

Апат Малатия-Адыяман тас жолының Доганшехир ауданы маңында болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, автобус жолдан шығып кетіп, шатқалға құлап, аударылған.

Оқиға орнына полиция, жандармерия, медицина қызметкерлері мен құтқарушылар жедел жетіп, зардап шеккендерге көмек көрсетті. Қазіргі таңда жарақат алғандар ауруханаға жеткізілген.

Ресми ақпаратқа сәйкес, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің барлығы Түркия азаматтары. Апаттың нақты себептері анықталу үстінде.

Иран жағалауында жүк кемесіне шабуыл жасалды

Иран жағалауында теңіздегі қауіпсіздікке қатысты тағы бір оқиға тіркелді. UKMTO (Ұлыбритания Әскери-теңіз күштері жанындағы теңіз саудасын үйлестіру орталығы) мәліметінше, құрғақ жүк кемесіне белгісіз кемелер шабуыл жасаған.

Оқиға Иранның Сирик қаласынан батысқа қарай шамамен 11 теңіз милі (20 шақырымнан астам) қашықтықта болған. Солтүстік бағытта қозғалып келе жатқан жүк кемесінің капитаны бірнеше шағын кеменің шабуыл жасағанын хабарлаған.

Алдын ала мәлімет бойынша, экипаж мүшелері зардап шекпеген, кеме бортына айтарлықтай зиян келмеген және экологиялық залал тіркелмеген. Шабуыл жасаған тарап пен кеменің атауы әзірге нақтыланбады.

Сарапшылардың айтуынша, бұл оқиға аймақтағы геосаяси шиеленіс аясында теңіздегі қауіпсіздік мәселесінің өзектілігін тағы да көрсетті. Иран маңындағы су айдындары, әсіресе мұнай тасымалы өтетін бағыттар, соңғы уақытта ерекше бақылауда тұр.