Әлемде: Газадағы аштық күшейді, АҚШ визасы қымбаттады, Йеменде мигранттар қайығы аударылды

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Газадағы ахуал ушығуда

2025 жылғы 4–5 тамыз күндері Газа секторында жағдай күрт нашарлады. Соңғы тәуліктің өзінде 90-нан астам адамның қаза тапқаны тіркелді. Олардың ішінде гуманитарлық көмек алу үшін кезекте тұрған бейбіт тұрғындар да бар. Апаттық жағдайдан зардап шеккендердің нақты саны әлдеқайда жоғары болуы мүмкін.

pixabay.com

Денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, қазіргі таңда аштықтан қайтыс болғандар саны 175 адамға жетіп отыр. Оның 93-і балалар.

Израиль тарапы Газаға қатысты жаңа әскери стратегияны қарастыруда.

Халықаралық қауымдастықтың дабыл қағуына себеп көп. Израильдің бұрынғы әскери және қауіпсіздік саласы басшылары соғысты тоқтатып, тұтқындарды босатуға шақырып, ашық хат жариялады. Олар Израиль мен әлем елдерінің басшыларын гуманитарлық апаттың алдын алуға үндеді.

ХАМАС ұйымы тарапынан да мәлімдеме жасалды. Олар Израиль әуе шабуылдарын тоқтатып, тұрақты гуманитарлық дәліз ашқан жағдайда ғана тұтқындарға көмек жеткізуге рұқсат беретінін айтты. Алайда бұл талаптар орындалмаған жағдайда ахуал одан әрі шиеленісуі мүмкін.

Бүгінде Газа секторы ауыр гуманитарлық дағдарыстың ортасында қалып отыр. Азық-түлік, дәрі-дәрмек пен отын тапшылығы салдарынан мыңдаған бейбіт тұрғын өміріне қауіп төніп тұр.

Израиль билігі операцияларын жалғастырып жатқанын мәлімдеді. Ал әлем елдері атысты тоқтатуға үндеп, бейбіт тұрғындарға гуманитарлық дәліз ашуды талап етуде.

АҚШ ақшалай кепілмен виза беретін бағдарламаны іске қосты

BAQ.KZ

АҚШ 15 мың долларға дейінгі ақшалай кепілмен кіріс визаларын беру бойынша пилоттық бағдарламаны іске қосты. Кепілді енгізген тұлға елден белгіленген мерзімде шыққан жағдайда, қаражат толық қайтарылады. Бағдарламаға сәйкес, белгілі бір елдерден келетін азаматтар туристік виза алу үшін 5 000-нан 15 000 долларға дейінгі ақшалай кепіл төлеуі мүмкін.

Бағдарлама іскерлік және туристік (B-1, B-2) визаларға қатысты. Ол заңсыз тұрып қалу деңгейі жоғары елдердің азаматтарына қолданылады және консулдықтарда үміткер туралы ақпарат жеткіліксіз болса, кепіл шарты енгізіледі.

Кепіл көлемі нақты жағдайға қарай 5 000, 10 000 немесе 15 000 доллар болуы мүмкін. Бағдарлама ресми түрде 5 тамыздан бастап бір жылға жүзеге асырылады.

Шенеуніктердің айтуынша, жаңа ереже елге заңсыз келіп, белгіленген мерзімнен тыс қалып қоятын шетел азаматтарының санын азайту мақсатында енгізіліп отыр.

Сарапшылардың пікірінше, бұл бастама АҚШ-қа баруды көздейтін студенттер мен туристер үшін үлкен қаржылық кедергіге айналуы мүмкін. Сонымен қатар, виза мерзімін қысқартуға байланысты бірнеше елдің азаматтары енді тек 3 айлық визамен шектелмек.

Иранда Қорғаныс кеңесі құрылды

pixabay.com

Жаңа қорғаныс органы армияны жаңғырту мен қорғанысты жоспарлау бағытындағы үйлестіруді күшейтуге арналған. Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесі оның құрылуын мақұлдап, қарулы күштердің әлеуетін орталықтандыруға басымдық берді.

IRNA агенттігі бұл органның Конституцияның 176-бабына сәйкес құрылғанын хабарлады. Кеңестің міндеттері – қорғаныс жоспарларын саралау, ұзақ мерзімді әскери стратегияларды жасау және армияның тиімділігін арттыру.

Кеңесті президент Масуд Пезешкян басқарады. Құрамына биліктің үш тармағы, жоғары әскери қолбасшылар мен тиісті министрлік өкілдері енген.

Ұлттық қауіпсіздік жоғары кеңесінің мәліметінше, жаңа орган қорғаныс жоспарларын бір орталықтан қарастырып, қарулы күштердің мүмкіндіктерін нығайтады.

Fars агенттігі бұл шешім ұлттық қауіпсіздік жүйесін реформалау аясында қабылданғанын жазды. Бұған ұқсас кеңес 1980 жылдардағы Иран-Ирак соғысы кезінде болған.

Израильмен шиеленіс жалғасып жатқан тұста, Иран армиясының қолбасшысы Амир Хатами Тель-Авивтен келетін қауіптерді "елеусіз қалдыруға болмайтынын" айтты.

Йемен жағалауында 76 мигрант көз жұмды

pixabay.com

Эфиопиядан шыққан мигранттар мінген қайық Аден шығанағында суға кетіп, Йеменнің Абьян провинциясы маңында апатқа ұшырады. Қайғылы оқиға салдарынан кемінде 76 адам қаза тапты, ал ондағаны із-түссіз жоғалған.

БҰҰ мәліметінше, қайықта 157 адам болған, тек 12 адам аман қалған. Халықаралық көші-қон ұйымының Йемендегі миссия басшысы Абдусаттор Эсоев жоғалғандардың тағдыры белгісіз екенін мәлімдеді.

Африкалық мигранттар Сауд Арабиясы мен Парсы шығанағы елдеріне жұмыс іздеп, Джибути мен Эритрея арқылы Йеменге теңізбен өтеді. 

Ұйым дерегінше, 2024 жылы бұл бағытпен 60 мыңнан астам адам сапарға шыққан. 

2023 жылы Қызыл теңізде кемінде 558 мигрант мерт болып, олардың 462-сі қайық апатынан қаза тапқан.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы