Әлемде: Франция Палестинаны мойындады, Air India ұшағының апатын тергеу

BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.

Франция Палестина мемлекетін ресми түрде мойындады

Франция Президенті Эммануэль Макрон Израиль – Палестина қақтығысын шешуге арналған БҰҰ саммитінде өз елінің Палестина мемлекетін мойындағанын ресми түрде жариялады.

Уақыт келді. Сондықтан менің елімнің израильдіктер мен палестиналықтар арасында бейбітшілік орнату жөніндегі Таяу Шығыс алдындағы тарихи міндеттемесіне сай, бүгін Франция Палестина мемлекетін мойындайды деп мәлімдеймін, – деді Макрон.

Бұған дейін Палестинаның тәуелсіздігін БҰҰ-ға мүше 153 мемлекет және Ватикан мойындады. Олардың қатарын бір күн бұрын Ұлыбритания, Канада, Австралия және Португалия толықтырған.

Air India ұшағының апатын тергеу "жауапсыз" жүргізілген

Үндістанның Жоғарғы соты маусым айында 261 адамның өмірін қиған Air India ұшағының апатын тергеу барысын "жауапсыз" деп бағалады. Бұл туралы ВВС арнасы жариялады.

Ахмадабад – Гатвик бағытындағы рейс әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай апатқа ұшыраған. Нәтижесінде борттағы 242 жолаушы және жерде тұрған 19 адам қаза тапты. Тек бір жолаушы аман қалғанымен, кейін ол да қайтыс болды.

Сот авиациялық биліктің алдын ала есепті «таңдамалы және бөлшектеп» жариялағанын атап өтті. Есепте қозғалтқыштарға отын берудің ұшқаннан кейін бірнеше секундтан соң тоқтап қалғаны көрсетілген. 

Сондай-ақ кабинадағы әңгімеде ұшқыштардың бірі: «Ол неге сөніп қалды?» деген сұрақ қояды, ал екіншісі: «Олай болған жоқ» деп жауап береді.

Судьялардың айтуынша, ұшқыштар әдейі жанармай беруді тоқтатты деген болжамдар «өте сәтсіз және жауапсыз». Олар Үкіметті тәуелсіз тергеу басталғанға дейін мұндай болжамдардан аулақ болуға шақырды.

Бұл апат Үндістанның әуе қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылықты күшейтті. Бұған дейін елдің азаматтық авиация басқармасы Air India компаниясында 51 қауіпсіздік ережесінің бұзылғанын анықтаған болатын.

Сонымен қатар, апатта қаза тапқандардың төрт отбасы АҚШ-та Boeing пен Honeywell компанияларына қарсы сотқа жүгініп, оларды әуе лайнерінің қауіпсіздігіне немқұрайлылық танытты деп айыптады.

Nvidia OpenAI-ге 100 млрд долларға дейін инвестиция жасамақ

Nvidia компаниясы жасанды интеллектке арналған деректер орталықтарын салу аясында OpenAI-ге 100 миллиард долларға дейін инвестиция салуды жоспарлап отыр. Келісімге сәйкес, OpenAI алдағы жылдары миллиондаған Nvidia AI процессорларын сатып алып, қуаты 10 гигаваттқа дейін жететін инфрақұрылым құрады. Бұл шамамен 10 ядролық реактордың қуатына тең.

Алғашқы 10 млрд доллар инвестиция алғашқы гигаватт іске қосылғаннан кейін құйылады. OpenAI-дің қазіргі бағасы 500 млрд доллар болса, Nvidia шамамен 2% үлеске ие болмақ. Кейінгі қаржы құю кезеңдері де осы бағалауға сай жүргізіледі.

Мәміле толық жүзеге асса, ол технология саласындағы тарихтағы ең ірі жеке инвестициялардың бірі болмақ. Сарапшылардың пікірінше, бұл келісім Nvidia-ның жасанды интеллект индустриясындағы үстемдігін күшейтіп, компанияға жүздеген миллиард доллар табыс әкелуі мүмкін.

OpenAI бас директоры Сэм Альтман: «Есептеу инфрақұрылымы – болашақ экономиканың негізі. Nvidia-мен серіктестік жасанды интеллекттегі жаңа технологияларға жол ашады», – деді.

Nvidia басшысы Дженсен Хуанг бұл әріптестікті AI саласындағы «келесі қадам» деп атады.

Жобаның алғашқы кезеңі 2026 жылдың екінші жартысында іске қосылуы мүмкін.

Парижде "Алтын доп" иегерлері анықталды

Париждегі Шателе театрында өткен салтанатты рәсімде 2025 жылғы футбол маусымының үздіктері марапатталды.

Әйелдер арасындағы беделді жүлде испандық «Барселона» жартылай қорғаушысы Айтана Бонматиге бұйырды. Ол қатарынан үшінші рет «Алтын допты» жеңіп алып, футбол тарихындағы ерекше рекордтардың бірін орнатты.

Ерлер арасындағы басты жүлде иегері әлі ресми түрде жарияланған жоқ. Дегенмен, спорт сарапшыларының айтуынша, ПСЖ шабуылшысы Усман Дембеле – «Алтын доп – 2025» марапатына ең ықтимал үміткер. Оның негізгі қарсыластары ретінде «Барселона» ойыншылары Рафинья мен Ламина Ямалдың есімдері аталып жүр.

Айта кетейік, өткен маусымда ПСЖ Чемпиондар Лигасының жеңімпазы атанып, ұлттық деңгейде үш бірдей кубокты иеленді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы