Әлемде: Дамаскта 7 содыр ұсталды, Сан-Франциско тоқсыз қалды, Тайваньда жер сілкінді
BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.
Дамаск маңында жеті содыр ұсталды
Сириядағы өтпелі үкіметтің қауіпсіздік күштері Дамаск маңында «Ислам мемлекеті» террористік ұйымының жеті мүшесін ұстады. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Ішкі қауіпсіздік күштері мен барлау қызметінің бірлескен операциясы Дарайя ауданында жүргізілді. Іс-шара барысында құқық қорғау органдары террористердің астыртын ұяшығын анықтап, бейтараптандырды. Ұсталғандардың арасында топтың болжамды жетекшісі де бар.
Содырлардан қару-жарақ, оқ-дәрі және ақшалай қаражат тәркіленген. Операцияның өзге жайттары жария етілмеді.
Жақында содырлар шабуылдарынан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп та аталған топқа қарсы күштік қысымды күшейтуге уәде берген.
АҚШ Венесуэла жағалауында тағы бір мұнай танкерін ұстады
АҚШ әскери күштері Венесуэла жағалауына жақын маңда мұнай танкерін ұстады. Бұл оқиға АҚШ президенті Дональд Трамптың санкцияға ілінген кемелердің елге кіріп-шығуын толық бұғаттау туралы шешімінен кейін бірнеше күн өткен соң болды.
Венесуэла билігі Вашингтонның бұл әрекетін заңсыз басып алу деп атап, халықаралық деңгейде, соның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне жүгіну арқылы жауап қатуға ниетті екенін мәлімдеді. Каракас та аталған оқиғаны жауапсыз қалдырмайтындарын баса айтты.
Бұл соңғы екі аптадағы осындай екінші жағдай. Дереккөздердің мәліметінше, ұсталған кеме бұған дейін 10 желтоқсанда Иранмен болжамды байланысы үшін тоқтатылған Skipper танкерінен айырмашылығы, АҚШ санкцияларының тізімінде болмаған.
Соңғы аптада АҚШ Кариб теңізіндегі әскери қатысуын күшейткенін айтып, оны есірткі трафигімен күрес деп түсіндіріп отыр. Алайда Венесуэла билігі Вашингтонның шын мақсаты — елге қысым көрсету және оның мұнай ресурстарына бақылау орнатуға ұмтылу деп есептейді.
АҚШ-тың ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэм Вашингтонның мәлімдеуінше, өңірдегі қылмыстық топтарды қаржыландыру үшін пайдаланылатын заңсыз мұнай жеткізілімдерінің жолын кесу шаралары алдағы уақытта да жалғаса беретінін айтты.
Сан-Франциско тоқсыз қалды
АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында электр қуаты өшіп, 130 мыңнан астам үй мен кәсіпорын жарықсыз қалды. Апат мегаполистің шамамен үштен бір бөлігін қамтыды.
Блэкаут салдарынан қаланың көптеген ауданы жарықсыз қалып отыр. Мейрамханалар мен дүкендердің жұмысы уақытша тоқтатылып, қоғамдық көліктің қозғалысында іркілістер тіркелді, сондай-ақ жекелеген станциялар жабылды.
Сан-Франциско қаласының Төтенше жағдайларды басқару департаменті қала бойынша көлік жүйесінде ақаулар барын хабарлап, электрмен жабдықтау толық қалпына келгенше тұрғындарға қажетсіз сапарлардан бас тартуға кеңес берді.
Қазіргі уақытта апаттың себептері мен оның салдарын жою мерзімі нақтыланып жатыр.
Тайваньның шығысында магнитудасы 5,1 жер сілкінісі болды
Тайваньның шығысында магнитудасы 5,1 болатын жер сілкінісі тіркелді. Жерасты дүмпулері Хуалянь уезінде байқалды.
Тайваньның Орталық метеорологиялық бюросының мәліметінше, эпицентр уездің әкімшілік орталығынан шамамен 18 шақырым солтүстік-шығыста орналасқан. Жер сілкінісінің ошағы 31 шақырым тереңдікте болды.
Жер қыртысының тербелісі Хуалянь елді мекендерінде, сондай-ақ көршілес Илань уезінде сезілді. Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ.
Индонезияда бір түнде Семеру жанартауы 6 рет атқылады
Индонезияның Ява аралының шығысында Семеру жанартауы белсенділік көрсетті. Түн ішінде сейсмологтар жанартаудың 6 рет атқылағанын тіркеді. Әр атқылау күл шығаруымен қатар жүрді.
Antara News агенттігінің мәліметінше, түн ортасынан таңға дейін жанартау кратерінен 500-ден 1200 метрге дейінгі биіктікте күл бағандары көтерілген. Семеру Лумаджанг пен Маланг округтерінің шекарасында орналасқан.
Вулканологиялық обсерватория қауіптілік деңгейін үшінші сатыға көтергенін хабарлады, бұл белсенділіктің күшеюін және халық үшін ықтимал қатердің барын білдіреді. Осыған байланысты кратерден бес шақырым радиуста кез келген қызмет түріне тыйым салынған. Сондай-ақ тұрғындарға жанартау аймағынан 13 шақырым радиуста болмау және шаруашылықпен айналыспау ұсынылды. Өзен арналары бойындағы аудандарда лавалық және сел ағындарының қауіпі бар болғандықтан ерекше сақтық шаралары енгізілген, олар 17 шақырымға дейін таралуы мүмкін.
Семеру жанартауы Бромо–Тенгер–Семеру ұлттық паркі аумағында орналасқан және Ява аралының ең белсенді жанартауларының бірі болып саналады.