Әлемде: Азиядағы қасірет, Трамп пен Мадуро байланысы, Кореядағы бейнебақылау дауы

Әлемде соңғы тәулікте орын алған: Азиядағы жаппай су тасқыны, дипломатиялық шиеленістер мен саяси келіссөздер, сонымен қатар Оңтүстік Кореяда жаппай хакерлік шабуыл. Бір оқиғада – климат апаты, саясат, цифрлық қауіпдеп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оңтүстік-Шығыс Азияда жаппай су тасқыны – 1 100-ден астам адам қаза тапты

Бірнеше күн ішінде тропикалық тайфун мен муссон жаңбырлары салдарынан Индонезия, Шри‑Ланка, Таиланд және Малайзия елдерінде су тасқыны мен лай көшкіндері орын алды. Жалпы есеп бойынша – 1 100-нан астам адам қаза тауып, көптеген жұрт үйлерінен айырылды. 

Фото: 24.kz

Ең қатты зардап шеккен – Индонезия: кемінде 604 адам қаза тапқан, 464 адам із-түссіз. 

Шри-Ланкада да жағдай ауыр: кемінде 366 адам қайтыс болған, жүздеген адамды эвакуациялау жүргізілген. Әскери қақтығыссыз өзара көмектесу үшін Индонезия мен Шри-Ланка әскері жұмылдырылды – су тасқынына ұшыраған аудандарға азық-түлік, медициналық көмек жеткізу, зардап шеккендерге көмек ұйымдастырылуда. 

Климатологтар мұндай апаттардың жылыған климат пен экстрималды ауа райының әсерінен жиі болатынын ескертуде.

Трамп Мадуромен телефон арқылы сөйлесті

АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэла басшысы Николас Мадуромен телефон арқылы сөйлесті. Қоңырау екі ел арасындағы қатынас шиеленіскен тұста шалынды. Әңгіме барысында қандай мәселелер көтерілгені әзірге ресми түрде жария етілмеді.

Бұған дейін Трамп Мадуроны есірткі саудасымен байланысы бар деп айыптап, Кариб аймағына ауқымды әскери топ жөнелткен еді. Аймақта 20-ға жуық әскери кеме мен 15 мың америкалық сарбаз шоғырланған. Ресми дерекке сәйкес, операциялар кезінде 83 адам көз жұмды.

Түркия ЕО-ға қосылуы мүмкін

Фото: iStock.com/9parusnikov

Германияның Сыртқы істер министрі Йоханн Вадефул Түркиямен қарым-қатынаста «жаңа тарау ашу» уақыты келді деп мәлімдеді, елдің Еуропаның «орталық серіктесіне» айналғанын атап өтті.

Ол Германия Анкараның ЕО-ға мүше болу жолында оны қолдауға дайын екенін, бірақ Түркия өзінің байыптылығын растап, демократия, адам құқықтары және заң үстемдігін қоса алғанда, ЕО критерийлерін ұстануы керек екенін мәлімдеді.

Түркия ЕО-ға кандидат мәртебесін 1999 жылы алды. Ресми кіру келіссөздері 2005 жылдан бері жалғасып келеді, бірақ 2018 жылдан бері іс жүзінде тоқтатылды. Президент Режеп Тайып Ердоғанның үкіметі оппозиция мен БАҚ-қа қатысты көзқарасы үшін сынға ұшырап келеді.

Францияда жасөспірімдер террористік шабуылдар жоспарлады деп күдіктелуде

Фото: pixabay.com

Францияда екі кәмелетке толмаған бала тұтқындалды. Олар Израильмен байланысты нысандарға қарсы террористік шабуылдар жоспарлады деген айыппен ұсталды.

BFMTV хабарлауынша, Ішкі қауіпсіздік бас басқармасының (DGSI) қызметкерлері күдіктілерді 26 қарашада ұстады.

16 жастағы жасөспірімдердің бірі аты аталмаған хабар алмасу қолданбасында радикалды топтың ықпалына түскені туралы хабарланды. Ол Страсбургте тұтқындалды.

Оңтүстік Кореяда 120 мың камераны бұзған хакерлер ұсталды

Фото: depositphotos.com

Оңтүстік Корея полициясы жеке үйлер мен кеңселердегі 120 мыңнан астам бақылау камерасын бұзып, алынған бейнелерді сексуалды контент ретінде шетелдік сайтқа жариялаған төрт хакерді тұтқындады. Олар осал құпиясөздерді пайдаланып жүйеге кірген.

Күдіктілердің бірі 63 000 камераны бұзып, контентті 24 мың долларға, екіншісі 70 000 камераны бұзып, 12 мың долларға сатқан. Полиция сайтты бұғаттап, хост иесін анықтау үшін шетелдік органдармен жұмыс істеуде.

Билік зардап шеккендерге көмектесіп, қауіпсіздік параметрлерін жаңартуға кеңес беруде.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы