Әлемде: Австриядағы қасірет, Тунбергтің ұсталуы, мұнай нарығындағы дүрбелең

BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.

 АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келісімі: Жаңа кезеңнің бастамасы

pixabay.com

Лондонда өткен жоғары деңгейлі келіссөздер нәтижесінде АҚШ пен Қытай экспорттық шектеулер мен өзара тариф саясатына қатысты ұзаққа созылған келіспеушіліктерді реттеу бағытында маңызды қадам жасады. Екі тарап "қағидаттық келісімге" келіп, болашақта толық сауда келісімшартын әзірлеуге уәде берді.

Сарапшылар бұл келісімді соңғы жылдары күшейген геосаяси текетірестің бәсеңдеуі және әлемдік нарықтарға тұрақтылық қайтуының белгісі ретінде бағалап отыр. Алайда толыққанды келісімге қол жеткізу үшін әлі де күрделі техникалық және саяси кедергілер бар екені айтылуда.

Батыс елдері израильдік министрлерге санкция салды 

pixabay.com

Ұлыбритания, Австралия, Жаңа Зеландия мен Норвегия Израиль министрлеріне санкция салды.

Санкция шарасы активтерді бұғаттап, елге кіруге тыйым салуды қарастырады. Бұл туралы аталған бес елдің сыртқы істер министрлері басшыларының бірлескен мәлімдемесінде айтылған.

Ұлыбритания, Австралия, Жаңа Зеландия, Норвегия және Канада Израиль министрлері Итамар Бен-Гвир мен Бецалель Смотричке санкция салды. Шара аясында олардың активтері бұғатталып, бұл елдерге кіруге тыйым салынады. Министрлер бұл шешімді палестиналықтарға қарсы жасалған экстремистік әрекеттерге байланысты қабылдағанын мәлімдеді.

Бес ел екі мемлекет негізіндегі шешімді қолдайтынын айтып, Газа секторында атысты тоқтату, гуманитарлық көмекті жеткізу және кепілдегі адамдарды босату қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Израильдің қауіпсіздігіне қолдау білдіріп, бұл мәселеде Израиль үкіметімен жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Лос-Анджелестегі жағдай

pixabay.com

Лос-Анджелес қаласында соңғы күндері орын алған тәртіпсіздіктер мен жаппай наразылықтардан кейін жағдай біртіндеп тұрақталып келеді. Бұл туралы Лос-Анджелес округі кеңесінің төрағасы Хильда Солис хабарлады. Оның айтуынша, қалада қалыптасқан төтенше жағдай режимі жойылып, тұрғындарды эвакуациялау туралы бұйрық та тоқтатылған.

Наразылық шерулері мен тәртіпсіздіктер АҚШ иммиграциялық қызметінің (ICE) рейдтеріне қарсы бағытталған еді. Бейбіт шерулердің соңы кейбір аудандарда қирату мен от қоюға ұласқан. Осыған байланысты билік қала орталығында 20:00 мен 06:00 аралығында коменданттық сағат енгізді. Алайда бұл шектеу тек 1 шаршы миль аумақта ғана қолданылды. Жергілікті тұрғындар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қозғалысқа шектеу қойылған жоқ.

Қала мэрі Карен Басс федералды билікті, әсіресе президент Трампты, ICE рейдтерін тоқтатуға шақырды. Ол бұл әрекеттер қаладағы тұрақтылықты бұзып отырғанын атап өтті.

Айта кету керек, Лос-Анджелесте басталған наразылықтар толқыны басқа да штаттарға таралып, ел бойынша иммиграциялық саясатқа қарсы үлкен қоғамдық толқуға ұласты.

Грета Тунберг Палестинаны қолдағаны үшін Израильден депортацияланды

Fabrizio Villa/Getty Images

Белгілі экобелсенді Грета Тунберг маусым айының басында Газаға гуманитарлық көмек жеткізбек болған белсенділер қатарында Израильде ұсталды. Израиль теңіз күштері олардың "Мадлен" кемесін тоқтатып, Ашдод портына жеткізді. Тунберг Израиль билігін өзін ұрлады деп айыптады. Сыртқы істер министрлігі Тунберг пен өзге белсенділердің елден депортацияланатынын мәлімдеді.

Австриядағы мектепте атыс

Getty Images

2025 жылғы 10 маусымда Австрияның Грац қаласында орналасқан Дрейершутценгастағы Borg университет мектебінде атыс болды. Оқиға салдарынан 11 адам қаза тауып, бірнеше адам ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.  Жергілікті билік зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтып, оларға психологиялық көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл оқиға бүкіл елді дүр сілкіндіріп, қоғамда қауіпсіздік мәселелеріне қатысты алаңдаушылықты күшейтті.

Мұнай нарығындағы жаңа серпін: OPEC болашағы мен болжамдары

pixabay.com

2025 жылдың 10 маусымында өткен халықаралық энергетикалық конференцияда OPEC (Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) бас хатшысы Хаитам Ал-Ғайс маңызды мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, алдағы жылдары жаһандық энергетикалық сұраныс айтарлықтай өзгеріске ұшырауы мүмкін. Ғылыми сарапшылар мен OPEC экономистерінің ұзақмерзімді болжауына сүйенсек, 2050 жылға қарай мұнайға деген жаһандық сұраныс қазіргі деңгеймен салыстырғанда 24%-ға артады.     

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: коллаж BAQ.KZ
Өзгелердің жаңалығы