Әлемде: Ауғанстандағы жер сілкінісі, Пәкістандағы су тасқыны
BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылады.
Ауғанстанда жер сілкінісі
Ауғанстанның шығысында болған жойқын жер сілкінісінен 800-ден астам адам көз жұмып, 3000-нан астамы жараланды. Бұл туралы елдің Ішкі істер министрлігі мәлім етті.
АҚШ Геологиялық қызметінің дерегінше, жер сілкінісінің магнитудасы – 6,0. Эпицентрі Джелалабад қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 27 шақырым жерде, Пәкістан шекарасына жақын аймақта болған. Ошақ тереңдігі небәрі 8 шақырымды құрады.
Кунар провинциясындағы төрт ауыл толығымен қирап, бірнеше ауыл ішінара бүлінген. Телекоммуникациялық байланыс үзілгендіктен құтқару жұмыстары қиынға соғып отыр. Ауғанстан Қорғаныс министрлігі жедел әрекет ету топтарын шығыс аймақтарға жібергенін мәлімдеді.
БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, халықаралық ұйымның елдегі өкілдері көмекке жұмылдырылғанын жеткізді. Иран да Кабулға көмек ұсынатынын жариялады.
Айта кетейік, 2023 жылдың қазан айында Ауғанстандағы 6,3 балдық жер сілкінісінен кемінде 4000 адам қаза тапқан еді.
Газа секторында тұмаудың ауыр түрі өршіп тұр
Газа секторында тұмаудың ауыр түрі таралып жатыр.
Бұл туралы Палестина Денсаулық сақтау министрлігі Хан-Юнис қаласындағы «Тахрир» балалар ауруханасының директоры Ахмед Ферраға сілтеме жасап мәлімдеді.
Мәлімдемеде ең алдымен балалардың осал екені атап өтілді. Себебі олардың иммунитеті Израильдің блокадасы салдарынан туындаған аштықтан әлсіреген.
Ахмед Ферра аймаққа дәрі-дәрмек пенмедициналық жабдықтарды жедел жеткізуді қамтамасыз етуге шақырды. Сонымен қатар, балалардың иммунитетін күшейту үшін негізгі азық-түлік өнімдерін жеткізудің де аса маңызды екенін атап өтті.
АҚШ-тағы ұшақ апаты
АҚШ-тағы Колорадо штатында әуежайға қону сәтінде екі жолаушы ұшағы ауада соқтығысты. Бұл туралы АҚШ-тың Федералды авиация басқармасы мәлім етті.
Оқиға жексенбі күні таңертең болған. Cessna 172 және Extra Flugzeugbau EA300 маркалы әуе кемелері қонуға әрекеттенген кезде бір-бірімен соқтығысқан.
Әр ұшақта екі адамнан болғаны нақтыланды. Апат салдарынан бір адам қаза тауып, тағы үшеуі жарақат алды.
Broadcastify платформасында жарияланған құтқарушылардың радиожазбасында апат орнында "қара түтін" мен "жалын" байқалғаны айтылады. Сонымен қатар ұшақтардың бірінде адам қалып қойғаны хабарланған.
Бұған дейін, 16 тамызда Конго Республикасында Ан-26 ұшағы ағашқа соғылып, алты адам қаза тапқан еді. Бортта болғандардың ішінде тек бір адам ғана аман қалған, марқұмдардың арасында екі шетелдік ұшқыш бар.
Пәкістанда су тасқынынан 30-дан астам адам көз жұмды
Пәкістанда соңғы аптада толассыз жауған муссондық жаңбыр салдарынан болған су тасқынынан 33 адам қаза тапты.
Бұл туралы Dawn басылымы Пенджабтағы Төтенше жағдайлар басқармасына (PDMA) сілтеме жасап мәлімдеді.
Ведомствоның дерегінше, 23–31 тамыз аралығында болған су тасқынынан 33 адам мерт болып, тағы 8 адам жарақат алған. Барлығы 2 миллионға жуық тұрғын зардап шеккен. Олар үшін 506 гуманитарлық лагерь құрылып, құтқару топтары 760 мың адамды және 516 мың үй жануарын қауіпсіз аймақтарға көшірген.
Бұған дейін Пәкістанның Ұлттық төтенше жағдайлар басқармасы (NDMA) 23 адамның қаза тапқанын хабарлаған еді. Сонымен қатар ведомство 1–3 қыркүйек аралығында Исламабад пен Пенджабтың түрлі өңірлерінде қатты муссондық жаңбыр жауатынын, оның су тасқыны қаупін күшейтуі мүмкін екенін ескерткен.
Пенджабтың аға министрі Мариам Аурангзеб бұл апатты "Пенджаб тарихындағы ең ірі су тасқыны" деп сипаттап, судың деңгейінің рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті.
Айта кетсек, биылғы 26 маусымнан бері Пәкістандағы су тасқындарынан 800-ден астам адам көз жұмса, Үндістанның Химачал-Прадеш штатында маусым айынан бері шамамен 300 адам қаза тапқан.
БРИКС елдерінің көшбасшылары Трамптың сауда саясатын талқыламақ
БРИКС-ке мүше мемлекеттердің басшылары 8 қыркүйекте АҚШ президенті Дональд Трамптың сауда саясатына қатысты виртуалды кездесу өткізеді.
Кездесуді Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва ұйымдастырады. Ол саммит барысында көпжақтылық принципін қолдауға шақырмақ.
АҚШ пен Үндістан арасындағы соңғы сауда даулары БРИКС ішінде ерекше назарға іліккен. Бұған дейін Трамп Ресей мұнайын сатып алғаны үшін Үндістан тауарларына 25% қосымша баж енгізу туралы жарлыққа қол қойған, ал кейін бұл көрсеткішті 50%-ға дейін арттыруды ескерткен еді.
Соған қарамастан, Үндістан арзан ресейлік мұнайдан бас тартпайтынын мәлімдеп отыр. Ел билігі мұны инфляцияны тежеудің маңызды құралы деп санайды.
Bloomberg деректеріне сәйкес, бұған дейін Дональд Трамп Үндістан премьері Нарендра Модимен бірнеше рет сөйлеспек болғанымен, ол қоңырауларға жауап бермеген.