Әлемде әрбір үшінші әйел зорлық-зомбылыққа тап болады

Әлемде әрбір үшінші әйел өмірінде зорлық-зомбылыққа тап болатыны белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы мәжілісмен Снежанна Имашева Мәжілістегі заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің тақырыптық отырысында мәлімдеді.

Айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының баяндамасына сәйкес, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық бүкіл әлемде күрделі мәселеге айналған.

Сондай-ақ ол – адам құқықтарын бұзудың таралған түрінің бірі. Әлемдегі шамамен әрбір үшінші әйел өз өмірінде зорлық-зомбылыққа тап болады, қиянатқа ұшырайды. Зорлық-зомбылықты көбінесе ер адамдар әйелдерге қатысты жасайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық балалардың психикасына, рухани және эмоциялық дамуына зиянды әсер етеді. Дүние жүзінде әйелдерді өлтіру оқиғаларының 38%-ын олардың жұбайлары немесе серіктестері жасайды. Оның үстіне, әр ел тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін әртүрлі шешіп келеді, бір ел үшін сәтті болған әдістер екінші ел үшін қолайлы бола бермейді, - деді Мәжіліс депутаты.

Сондай-ақ ол Қазақстан ондаған жыл бойы озық әлемдік тәжірибе мен өзінің құқықтық жүйесінің ерекшеліктерін пайдаланатынына тоқталды.

Еліміз тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресудің өзіндік тиімді жобасын құруға ұмтылып келеді. Сарапшыларымыз да тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайлары туралы хабарламалардың толастамай тұрғанын айтуда. Алайда жауапкершілікке тартылғандар саны артқанымен, проблема азайған жоқ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та осы проблемаға назар аударып, тұрмыстық және сексуалды зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды. 2019 жылы түзетулер қабылданды, - деді Снежанна Имашева.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов - архив
Өзгелердің жаңалығы