Әлемде: АҚШ-тың жаңа баж салығы дүниежүзіне әсер етпек, Мьянмада қаза болғандар 3 мыңнан асты
BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.
АҚШ-тың жаңа баж салықтары әлемдік саудаға әсер етеді
АҚШ-қа импортталатын тауарларға жоғары тарифтер енгізу туралы Дональд Трамптың мәлімдемесі халықаралық сауда жүйесін түбегейлі өзгертеді. Бұл туралы 2 сәуір, сейсенбі күні Канада премьер-министрі Марк Карни мәлімдеді.
Президент Трамп халықаралық сауда жүйесін түбегейлі өзгертетін бірқатар шараларды жариялады, – деді Карни канадалық телеарналарға берген сұхбатында.
Ол жаңа тарифтерге қарсы жауап ретінде тиісті шаралар қабылдайтынын жеткізді.
АҚШ-тың жаңа баж салықтары Канада мен Мексикаға тікелей қатысты емес, бірақ бұған дейін енгізілген тарифтер бұл елдерге әлі де қолданылады. Сонымен қатар, Карнидің айтуынша, Канада экономикасына АҚШ-қа импортталатын кез келген автомобильдер мен қосалқы бөлшектерге енгізілген 25%-дық жаңа салық ауыр соққы болады.
АҚШ-тың жаңа баж салықтарына Австралия билігі де қарсы шықты. Бұл елге 10% мөлшерінде "негізгі мөлшерлеме" енгізілген. Австралия премьер-министрі Энтони Албаниз телеарна арқылы сөйлеген сөзінде:
Бұл тарифтер логикалық негізге ие емес және біздің елдер арасындағы серіктестік қағидаларына қайшы келеді. Бұл достыққа жат қадам, – деп мәлімдеді.
Бұл негізсіз тарифтердің ең үлкен зардабын америкалықтар тартатын болады. Сондықтан біздің үкімет жауап ретінде жаңа тарифтер енгізуге тырыспайды. Біз бағаның өсуі мен экономикалық өсудің баяулауына әкелетін бұл жарысқа қатыспаймыз, – деп қосты ол.
АҚШ-тың жаңа баж салықтарына алғашқылардың бірі болып Швеция премьер-министрі Ульф Кристерссон пікір білдірді. Еуроодаққа мүше барлық елдер үшін 20%-дық тариф енгізілді.
Біз сауда кедергілерінің күшеюін қаламаймыз. Біз сауда соғысын қаламаймыз. Біз АҚШ-пен сауда мен ынтымақтастық жолына қайта оралғымыз келеді, осылайша азаматтарымыз жақсы өмір сүре алады, – деп жазды Кристерссон Х әлеуметтік желісінде.
Италия премьер-министрі Джорджа Мелони АҚШ-тың тарифтерін "қате шешім және ешкімге тиімді емес" деп бағалады.
Біз АҚШ-пен келісімге келу үшін барымызды саламыз және сауда соғысының алдын аламыз, өйткені ол сөзсіз Батыстың әлсіреуіне әкеліп, басқа жаһандық ойыншылардың мүддесіне қызмет етеді, – деп жазды Мелони Facebook парақшасында.
Швейцарияға қарсы 31% мөлшерінде баж салығы енгізілді. Ел президенті Карин Келлер-Зуттер үкіметтің бұл жағдайға байланысты тез арада шешім қабылдайтынын мәлімдеді.
Біздің басты назарымыз – елдің ұзақ мерзімді экономикалық мүдделерінде. Халықаралық құқыққа адалдық пен еркін сауда негізгі құндылықтарымыз болып қала береді, – деді ол Х әлеуметтік желісінде.
АҚШ-тың тарифтерін Еуропарламенттегі Еуропалық халық партиясының жетекшісі, Бавариядағы Христиан-әлеуметтік одағының мүшесі Манфред Вебер де сынға алды.
Бүгін біздің америкалық достарымыз үшін тәуелсіздік күні емес, реніш күні. Дональд Трамптың тарифтері әділ сауданы қорғамайды, олар оны үрейлене шабуылдап, екі жаққа да зиян келтіреді. Еуропа бірігіп, өз мүдделерін қорғауға дайын, бірақ әділ және берік келіссөздерге ашық, – деп жазды ол Х әлеуметтік желісінде.
Fitch рейтинг агенттігінің экономисі Олу Соноланың есебінше, АҚШ-тағы орташа импорттық баж салығы 2,5%-дан 22%-ға дейін өскен. Соңғы рет мұндай көрсеткіш 1910 жылы тіркелген.
Бұл өзгерістер тек АҚШ экономикасы үшін ғана емес, жаһандық экономика үшін де үлкен маңызға ие, – деді Сонола.
Көптеген елдер рецессияға ұшырауы мүмкін. Егер бұл тарифтер ұзақ уақыт сақталса, қазіргі экономикалық болжамдардың көбін жоққа шығаруға тура келеді, – деп ескертті ол.
Мьянмадағы жер сілкінісі: 3 мыңнан астам адам қаза тапты
Мьянмадағы жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 3085 адамға жетті, тағы 4715 адам жарақат алды. Бұл туралы 3 сәуір, бейсенбі күні Мьянма әскери хунтасы хабарлады. Елде 1 сәуірден бастап бір апталық аза тұту жарияланды.
AFP агенттігінің хабарлауынша, зілзаладан үш күн өткен соң үйінділер астында қалған адамдарды тірі табуға деген үміт өте аз. Құтқару жұмыстары аптап ыстыққа байланысты қиынға соғуда: ауа температурасы 40 градусқа дейін көтерілген.
Жер сілкінісі эпицентріне жақын орналасқан Мандалай қаласында қатты ыстық салдарынан қаза тапқандардың денелері тез ыдырай бастаған, бұл олардың жеке басын анықтауды қиындатуы мүмкін, деп жазады агенттік.
Tesla-ның тоқсандық сатылымы 13%-ға төмендеді
Электромобиль өндірушісі Tesla Inc. (Илон Маск) 2025 жылдың бірінші тоқсанында 336 681 автомобиль сатты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13%-ға аз. Бұл туралы компания 2 сәуір, сәрсенбі күні жариялаған баспасөз хабарламасында айтылды.
Bloomberg агенттігінің мәліметінше, бұл көрсеткіш соңғы үш жылдағы ең төменгі деңгей, яғни 2022 жылдың екінші тоқсанынан бергі ең нашар нәтиже. Агенттік сұхбат алған сарапшылар компаниядан кемінде 390 000 автокөлік сатуды күткен еді.
Tesla-ның 2025 жылдың басындағы өндірістік қиындықтары сатылымның құлдырауына әкелді. Компания бүкіл әлем бойынша зауыттарын жаңартылған Model Y моделін шығару үшін қайта жабдықтады, бұл өндірістік шығындарға әкелді.
Сонымен қатар, Илон Масктың АҚШ пен әлемдік саясатқа белсенді араласуы АҚШ пен Еуропада наразылық тудырып, бұл да Tesla-ның сатылымына кері әсерін тигізгенін Bloomberg атап өтті.