Әлемде: АҚШ-тың Білім министрлігі қызметкерлерінің жартысын қысқартпақ
BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.
АҚШ Білім министрлігі қызметкерлерінің жартысын қысқартпақ
АҚШ Білім министрлігі қызметкерлерді қысқарту рәсімін бастағанын мәлімдеді. Бұл шара АҚШ президенті Дональд Трамптың бюрократияны азайту және мемлекеттік аппаратты күтіп-ұстау шығындарын үнемдеу саясаты аясында қабылданды.
Бүгінгі қысқарту – білім министрлігінің тиімділік, есептілік қағидаттарына және ресурстарды ең маңызды бағыттарға – оқушыларға, ата-аналарға және мұғалімдерге бағыттауға деген ұстанымын көрсетеді, – деді АҚШ білім министрі Линда Макмэхон.
Министрлік таратқан мәлімдемеде қысқарту барлық бөлімдерге әсер ететіні және кейбірінің қайта құрылымдауды қажет ететіні атап өтілген.
Құжатқа сәйкес, Трамп қызметке кіріскен кезде министрлікте 4133 қызметкер болған. Соңғы айларда олардың 600-ге жуығы мерзімінен бұрын зейнетке шығуға келіскен. Қысқартудан кейін министрлікте 2183 қызметкер қалады деп күтілуде.
Пәкістанда сепаратистер 450-ден астам адамды кепілге алды
Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Белуджистан провинциясында қарулы сепаратистер пойызға шабуыл жасап, машинисті жаралап, 450-ден астам жолаушыны кепілге алды.
Пойыз Кветта қаласынан Хайбер-Пахтунхва провинциясына бара жатқан. Шабуылды "Белуджистан азаттық армиясы" тобы өз мойнына алды. Олар алты пәкістандық әскери қызметкерді өлтіргенін мәлімдеп, егер Пәкістан әскерилері операция бастаса, кепілге алынғандарды өлтіреміз деп қорқытты.
Белуджистан аймақтық үкіметінің өкілі Шахид Ринд билік төтенше шаралар қабылдағанын және барлық мекемелер жағдайды реттеу үшін жұмылдырылғанын айтты. Оқиға орнына қауіпсіздік күштері жіберілді.
Белуджистан – Иран таулы қыратының шығысындағы сирек қоныстанған аймақ. Онда негізінен сунниттік бағыттағы исламды ұстанатын белуджи халқы тұрады.
Бұл өңірдегі қақтығыс 1948 жылы Ұлыбритания аймақтан кеткеннен кейін басталды. Пәкістан құрылған кезде билік негізінен пенджаб ұлтының өкілдеріне өтті, ал белуджилар өз мемлекетіне ие бола алмады. Содан бері сепаратистік топтар Белуджистанның тәуелсіздігі үшін күресіп, үкімет қызметкерлері мен әскерилерге бірнеше рет шабуыл жасады.
ЕО миграциялық заңнаманы қатайтуға ниетті
Еуропалық комиссия (ЕК) баспана беруден бас тартылған адамдарды жеделдепортациялау жоспарын ұсынды. Бұл туралы ЕК ресми сайтында хабарланды.
Жоспарға сәйкес, билікпен ынтымақтасудан бас тартқан немесе жалған ақпарат берген мигранттарға қысым күшейтіледі. Оларға әлеуметтік жәрдемақыларды қысқарту қаупі төніп тұр.
Сондай-ақ қауіпсіздікке қатер төндіретін тұлғаларға қатысты қатаң ережелер енгізу ұсынылуда. Оларды ұстау және қамауда ұстау негіздері кеңейтілуі мүмкін.
Бұдан бөлек, депортация туралы шешімдерді ЕО елдері арасында өзара мойындау тетігін енгізу жоспарланып отыр, бұл процесті жеделдетуге мүмкіндік береді.