Әлемде: АҚШ-та жұмыссыздық көбейді, Мексикада ұшақ апатқа ұшырады, Италияда динозавр іздері табылды

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

АҚШ-та жұмыссыздық көбейді

АҚШ-та еңбек нарығының жағдайы нашарлап, жұмыссыздық деңгейі артты. Соңғы екі айда 41 мыңнан астам жұмыс орны қысқарып, жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ға жеткен. Бұл көрсеткіш 2021 жылдан бері тіркелген ең жоғары деңгей болып отыр.

gov.kz

Сарапшылардың пікірінше, 2025 жылдың жазынан бері еңбек нарығы айтарлықтай бәсеңдеп келеді. Жаңа кадрларды қабылдау қарқыны төмендеп, ұйымдар инфляция мен салықтың өсуінен туындаған қысымды ескере отырып, жұмысқа алу көлемін азайтқан. Сонымен қатар, ірі компаниялар жасанды интеллектінің дамуы әсерінен кейбір қызмет орындарын қысқартуда.

Қазан айында үкіметтік сектордағы жаппай қысқарту салдарынан АҚШ экономикасы 100 мыңнан астам жұмыс орнын жоғалтты. Бұл COVID-19 пандемиясынан кейінгі ең үлкен төмендеу болып саналады. 

Ал қараша айында жағдай сәл тұрақтанып, 64 мың жаңа жұмыс орны пайда болса да, жалпы еңбек нарығындағы алаңдатарлық үрдіс сақталып отыр.

Мексикада ұшақ апатқа ұшырады

Anadolu

Мексикада жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшырап, кемінде жеті адам қаза тапты. Әуе апаты Мехикодан шамамен 50 шақырым батыста, Толука халықаралық әуежайының маңында болған.

Мехико қаласының Азаматтық қорғаныс қызметінің үйлестірушісі Адриан Эрнандестің айтуынша, әуе кемесі апатты қону жасауға тырысқан кезде әуежайдан бес шақырым қашықтықта құлаған. Ұшақ ұшу-қону жолағына жете алмай, жерге соғылған.

Алдын ала мәліметтер бойынша, бортта сегіз жолаушы мен екі экипаж мүшесі болған. Қазіргі уақытта құтқарушылар жеті адамның мәйітін тапты. Қалған адамдардың тағдыры нақтылануда. 

Апаттың себептері анықталып жатыр, ресми тергеу басталды.

Италияда динозавр іздері табылды

pixabay

Италияның солтүстігіндегі Стельвио ұлттық паркінде ғалымдар жасы шамамен 210 миллион жыл деп бағаланатын мыңдаған динозавр ізін анықтады. Кейбір іздердің диаметрі 40 сантиметрге дейін жетеді, ал көпшілігінде саусақтар мен тырнақтардың ізі анық көрінеді.

Палеонтологтардың пікірінше, бұл іздерді ұзын мойынды, өткір тырнақты, ұзындығы 10 метрге дейін жетуі мүмкін, шөпқоректі динозаврлар - прозавроподтар қалдырған. Іздердің параллель қатар болып орналасуы олардың табынмен қозғалғанын көрсетеді.

Ғалымдар сондай-ақ мінез-құлықтың күрделірек белгілерін де байқаған. Атап айтқанда, жануарлар қорғану мақсатында шеңбер құрып жиналғаны болжанған.

Бұл ерекше орынды өткен жылдың қыркүйек айында әуесқой фотограф Элио Делла Феррера байқап, тік тау беткейіндегі түсініксіз іздерге назар аударған. Триас кезеңінде бұл аумақ жазық болған, кейін көтеріліп, Альп тауларының бір бөлігіне айналған. 

Палеонтолог Кристиано Даль Сассоның айтуынша, бұл олжа - «ғылым үшін орасан зор қазына».

Аталған аумақ қолжетімділігі қиын әрі туристік бағыттар жоқ болғандықтан, оны зерттеу үшін дрондар мен қашықтан зондтау технологияларын қолдану жоспарланып отыр. 

Стельвио ұлттық паркі келесі жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарының нысандарына жақын орналасқан. Италияның Мәдениет министрлігінің мәліметінше, бұл жаңалық планетаның ежелгі тарихын қазіргі заманғы оқиғалармен символдық түрде байланыстырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы