Әлемде: АҚШ-та қастандық, Йеменде шабуыл, Мексикада салық, Ресейде қатаң шаралар

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Саясаткерге қастандық: Дональд Трамп Чарли Кирктің қаза тапқанын хабарлады

АҚШ-тағы Юта штатында сөз сөйлеп тұрған сәтінде қастандыққа ұшыраған саясаткер әрі Трамптың жақтасы Чарли Кирк қаза тапты. Бұл туралы Дональд Трамп өзінің Truth Social парақшасында мәлімдеді.

facebook.com/realCharlieKirk

Ұлы әрі аңызға айналған Чарли Кирк енді жоқ. Ол жастарды керемет түсінді, барлығы оны жақсы көрді. Мелания екеуміз отбасы мен жұбайы Эрикаға көңіл айтамыз, – деп жазды АҚШ президенті.

31 жастағы Кирк танымал подкаст жүргізуші, сондай-ақ студенттік "Turning Point USA" қозғалысының негізін қалаушы еді. Ол мектептер мен университеттерде консервативтік құндылықтарды насихаттап келген. Кирктің АҚШ университеттеріндегі сөздері әдетте үлкен аудиторияны жинайтын.

Патриот Чарли Кирктің құрметіне мен Америка Құрама Штаттарындағы барлық туды төмен түсіруді бұйырамын, - деді Трамп Truth Social-дағы жазбасында.

Израиль Йеменге әуе соққысын жасады: 35 адам қаза тауып, 131-і жараланды

Reuters

Израиль қорғаныс армиясы Сана қаласы мен Эль-Джауф провинциясындағы хуситтер ("Ансар Алла") нысандарына әуе соққысын жасады. Әскери лагерьлер, ақпарат басқармасының штабы мен жанармай қоймасы жойылды.

Сананың орталығында Қорғаныс министрлігіне қарасты кеңсеге жасалған шабуылдан үш адам қаза тауып, жетеуі жараланды. Хуситтердің мәлімдеуінше, Израиль екі ірі газет – "Аль-Йемен" мен "26 қыркүйек" редакцияларына да соққы жасаған.

Йемен Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Анис әл-Асбахидің айтуынша, 35 адам қаза тауып, 131 жараланды. 

Қылмыстық агрессия салдарынан Сана мен Эль-Джауфқа бірнеше әуе соққысы жасалды. Нәтижесінде қаза тапқандар мен жараланғандардың саны 166-ға жетті, – деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Израиль бұл әрекетін хуситтердің дрондар мен зымырандар арқылы жасаған шабуылдарына жауап деп түсіндірді.

Мексика қатыгез видеойындарға салық енгізбек

pixabay.com

Мексика билігі қатыгез видеойындарға 8% салық салуды жоспарлап отыр. Қаржы министрлігінің мәліметінше, жиналған қаражат ойындарды шамадан тыс қолданудан туындайтын психологиялық және денсаулық мәселелерін емдеуге жұмсалады. Бұл шара 2026 жылғы бюджет жобасына енгізілген.

Министр Эдгар Амадордың айтуынша, жаңа салық денсаулық пен қауіпсіздікті қорғауға бағытталған және темекі мен тәтті сусындарға салынатын арнайы салықпен қатар қарастырылып отыр. 

Үкіметтің болжамынша, 2026 жылы шамамен 183 миллион песо (9,8 млн доллар) түсім түседі.

Қаржы министрлігіне сәйкес, зерттеулер қатыгез видеойындар мен жасөспірімдер арасындағы агрессияның артуы, оқшаулану және мазасыздық арасында байланыс барын көрсеткен. Вице-министр Карлос Лерма мұндай патологиялар жастардың әлеуетін ерте жастан шектеп, денсаулық сақтау жүйесіне үлкен салмақ түсіретінін атап өтті.

Бюджет жобасы қараша айына дейін Конгресте талқыланады.

Ресей заңсыз мигранттарды елден шығарады

pixabay.com

Ресей Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 11 қыркүйектен бастап ел аумағында заңды мәртебесін реттемеген шетелдіктерді мәжбүрлі түрде шығару басталады. Бұған дейін оларға құқықтық жағдайын өз еркімен реттеуге уақыт берілген болатын.

Заң бұзғандарға елден шығарылғанға дейін бірқатар шектеу қойылады. Атап айтқанда, Ресейге қайта кіруге тыйым салынады, сондай-ақ некеге тұруға, ажырасуға, балаларын мектепке немесе балабақшаға беруге, көлік басқаруға және күнделікті өмірде қажет бірнеше қызметті алуға рұқсат етілмейді.

ІІМ шетелдіктерге заңды мәртебесін реттеу үшін тұрғылықты жері бойынша паспорт-виза орталықтарына немесе көші-қон бөлімшелеріне жүгіну қажеттігін еске салды.

Ресми дерек бойынша, 1 қыркүйекке дейін Ресейде шамамен 770 мың шетелдік көші-қон ережесін сақтамаған. Тамыз айында бұл азаматтарға заңдастыруға бір ай уақыт берілгені хабарланған еді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы