Әлемде: АҚШ-та Иран соғысын қолдамаған шенеунік отставкаға кетті, Грузия аза тұтты, Трамп даулы мәлімдеме жасады
BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты оқиғаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.
АҚШ-та шенеунік Иранға қатысты ұстанымы үшін қызметтен кетті, Грузияда патриарх қайтыс болып аза тұту жарияланды, Шри-Ланкада төрт күндік жұмыс аптасы енгізілді, Трамп НАТО-ға қатысты мәлімдеме жасады, Лондонда менингит өршіді. BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты оқиғаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.
АҚШ-тағы дау: Иранға қарсы соғысқа келіспеген шенеунік қызметтен кетті
АҚШ-тың Ұлттық контртеррористік орталығының директоры Джо Кент Иранға қатысты әскери саясатпен келіспей, қызметінен кететінін мәлімдеді. Ол бұл шешімін президент Дональд Трампқа арнап X желісінде жариялаған. Кенттің айтуынша, Иран АҚШ-қа тікелей қауіп төндірмейді және соғыс Израиль мен АҚШ-тағы ықпалды топтардың қысымымен басталған.
Ал Ақ үй бұл ұстанымды қолдамады. Ұлттық барлау директоры Талси Габбард президенттің шешімі ұлттық қауіпсіздікке негізделгенін айтты. Дональд Трамп өз кезегінде Кенттің кетуін «дұрыс қадам» деп бағалап, оны әлсіз әрі көрегендігі жоқ тұлға ретінде сынға алды.
Грузияда қаралы күн: православ әлемінің көшбасшысы өмірден өтті
Грузияда Католикос-Патриарх Илия II-нің қайтыс болуына байланысты ұлттық аза тұту жарияланды. Ел бойынша мемлекеттік тулар төмен түсіріліп, қаралы шаралар басталды.
94 жастағы рухани көшбасшы Тбилисидегі медициналық орталықта көз жұмды. Оның өмірден өтуі бүкіл православ әлемі үшін ауыр қайғы ретінде бағаланып отыр.
Дәрігерлердің мәліметінше, патриархтың өліміне жүрек, өкпе және бүйрек жеткіліксіздігі себеп болған. Қазір оның денесі Қасиетті Үштік соборына қойылып, жерлеу рәсіміне дайындық жүргізілуде.
Шри-Ланкада дағдарыс: төрт күндік жұмыс аптасы енгізілді
Шри-Ланка үкіметі жанармай тапшылығының ушығуына байланысты елде төрт күндік жұмыс аптасын енгізді. Енді мемлекеттік мекемелер, мектептер мен университеттер аптасына бір күн қосымша демалады.
Бұл шешім Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайдың ушығуы салдарынан туындаған отын дағдарысына байланысты қабылданған. Елде жанармай құю бекеттерінде ұзын-сонар кезек пайда болып, отын бағасы да 8%-ға өсті.
Президент Анура Кумара Диссанаяке қазіргі жағдай өзгермесе, елде электр энергиясы тек екі айға ғана жетуі мүмкін екенін ескертті.
Трамп мәлімдемесі: АҚШ-қа енді НАТО көмегі қажет емес
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы әскери операция толық аяқталғанын және Вашингтон енді НАТО көмегіне мұқтаж емес екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Иранның әскери әлеуеті айтарлықтай әлсіреген.
Трамп НАТО елдерінің көпшілігі операцияға қатысудан бас тартқанымен, АҚШ әрекеттерін қолдағанын атап өтті. Сонымен қатар, ол альянсты «біржақты жұмыс істейтін құрылым» деп сынға алды.
Президенттің пікірінше, АҚШ енді тек НАТО емес, Жапония, Австралия және Оңтүстік Корея сияқты серіктестердің әскери көмегіне де тәуелді емес.
Лондонда қауіп: менингит өршіп, жастар арасында өлім тіркелді
Ұлыбританияның Кент графтығында менингиттің өршуі салдарынан екі адам қайтыс болып, тағы 11 адам ауруханаға түсті. Барлық науқастар – 18-21 жас аралығындағы жастар.
Дәрігерлер анықтаған вирус – MenB тобына жататын қауіпті инфекция. Алдын ала мәлімет бойынша, індет ошағы студенттер жиі жиналатын түнгі клуб болуы мүмкін.
Қазір науқастармен байланыста болған адамдар толық бақылауға алынып, эпидемиологиялық тексеріс жүргізіліп жатыр.