Әлемде: АҚШ пен Үндістан келісімі, Венгрияның ЕО-ға шағымы және Ирандағы қауіп
АҚШ пен Үндістан сауда келісімі, Венгрияның ЕО-мен дауы, Ирандағы ықтимал наразылықтар, Ыстамбұлдағы метро апаты және ДДҰ-ның дағдарысы – BAQ.KZ тілшісі әлемдегі маңызды бес жаңалыққа шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.
АҚШ пен Үндістан ірі сауда келісіміне келді: тарифтер төмендеп, мұнай импорты өзгереді
АҚШ президенті Дональд Трамп Үндістан премьер-министрі Нарендра Модимен телефон арқылы сөйлескеннен кейін екі ел арасында сауда келісіміне қол жеткізілгенін мәлімдеді. Келісімге сәйкес, АҚШ Үндістан тауарларына салынатын баж салығын 25 пайыздан 18 пайызға дейін төмендетеді. Ал Үндістан америкалық тауарларға қатысты тарифтік және тарифтік емес кедергілерді нөлге дейін қысқартуға келіскен.
Трамптың айтуынша, Үндістан Ресей мұнайын сатып алуды тоқтатады. Осыған байланысты Делиге Ресей мұнайын импорттағаны үшін енгізілген қосымша 25 пайыздық алым алынып тасталады. Үндістан енді АҚШ-тан және мүмкін Венесуэладан мұнай сатып алуды арттырмақ. Сонымен қатар, Үндістан АҚШ-тан энергия ресурстары, технология, ауыл шаруашылығы өнімдері мен көмірді қоса алғанда, 500 миллиард доллардан асатын тауар сатып алуға міндеттеме алған.
Венгрия ЕО-ның Ресей газына тыйым салу шешімін сотта дауламақ
Венгрия билігі Ресейден энергия ресурстарын импорттауға тыйым салатын REPowerEU ережесінің күшін жоюды талап етіп, Еуропалық Одақ сотына арыз түсірді. Сыртқы істер министрі Питер Сийяртоның айтуынша, бұл шешім ЕО шарттарына қайшы.
Оның сөзінше, энергия импортына шектеу тек барлық мүше елдердің бірауызды келісімімен қабылданатын санкциялар арқылы енгізілуі тиіс. Ал REPowerEU сауда саясаты аясында бекітілген. Сондай-ақ, әр мемлекет энергия жеткізушілерін өз бетінше таңдауға құқылы. Венгрия бұл шешім елді қымбат әрі сенімсіз баламаларға тәуелді етеді деп есептейді.
Reuters: АҚШ соққысы Иранда жаңа наразылықтарға түрткі болуы мүмкін
Reuters агенттігіне пікір білдірген ирандық шенеуніктер АҚШ тарапынан болуы мүмкін әскери соққы ел ішінде жаңа жаппай наразылықтарды тұтатуы ықтимал екенін айтты. Олардың мәліметінше, қаңтардағы қанды қуғын-сүргіннен кейін қоғамдағы ашу-ыза күшейіп, халықтың қорқынышы азайған.
Дереккөздердің бірі «Қорқыныш қабырғасы құлады» деп мәлімдеген. Иран билігі шетелдік қысым мен ішкі наразылықтың қатар күшеюі жағдайды ушықтырып, жаңа зорлық-зомбылыққа әкелуі мүмкін деп алаңдайды.
Ыстамбұлда метро пойызы рельстен шықты, зардап шеккендер жоқ
2 ақпанда Ыстамбұлдың Эсенлер ауданында метро пойызы белгісіз себептермен рельстен шығып кетті. Оқиға Эсенлер автобус терминалы маңында болған.
Барлық жолаушылар дер кезінде эвакуацияланып, зардап шеккендер тіркелмеді. Қазіргі уақытта апат орнында төтенше жағдай қызметі мен техникалық мамандар жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның нақты себебі анықталуда.
ДДСҰ басшысы: 2025 жыл ұйым тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адан Гебрейюс 2025 жылды ұйым үшін ең күрделі кезеңдердің бірі деп атады. Қаржыландырудың қысқаруы салдарынан ДДСҰ қызметкерлер санын азайтуға мәжбүр болған.
Соған қарамастан, ұйым басшысы бұл жағдайды ДДҰ-ны қайта құрылымдап, негізгі миссиясына шоғырлануға мүмкіндік беретін кезең ретінде бағалады. 2–7 ақпан аралығында Женевада өтетін Атқару комитетінің 158-сессиясында реформалар мен АҚШ-тың ұйым құрамынан шығуына байланысты ахуал талқыланбақ.