Әлемде: АҚШ пен Ресей келіссөзі, Израиль мен ХАМАС бітімі, Илон Маск Зеленскийді айыптады

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.

АҚШ пен Ресей келіссөздері өтеді

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путин мен Украина президенті Владимир Зеленскийге бірігіп жұмыс істеу қажет екенін айтты.

Трамптың айтуынша, Ресеймен келісім жасасуға мүмкіндік бар, сондықтан АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздер 25 ақпанда Сауд Арабиясында өтеді. Сондай-ақ Трамп 9 мамырда Мәскеуде өтетін Жеңіс күні мерекесіне қатыспайтынын мәлімдеді.

Фото:depositphotos.com/ gints.ivuskans

Трамп АҚШ пен Украина пайдалы қазбаларды жеткізу туралы келісімге жақын екенін айтты. Алайда Зеленский АҚШ талабын орындаудан бас тартты. АҚШ Украинаға әскери көмек көрсеткені үшін 500 миллиард доллар тұратын минералдық ресурстарды беруді талап еткен. Зеленскийдің айтуынша, соғыс басталғалы бері АҚШ Украинаға 67 миллиард доллар қару-жарақ беріп, 31,5 миллиард доллар қаржылай көмек көрсеткен. Ал Трамп Ресеймен келісімге келуді көздеп отыр, бұл Украинадағы соғысқа әсер етуі мүмкін.

Илон Маск Зеленскийді айыптады

Америкалық кәсіпкер Илон Маск Украина президенті Владимир Зеленскийдің қаржылай көмек туралы айтқан сөздеріне пікір білдірді.

Масктың айтуынша, АҚШ-тың Украинаға бөлген қаржысының едәуір бөлігі америкалық саясаткерлер мен ұйымдардың қолына түскен, соның ішінде Демократиялық партияның Ұлттық комитеті мен кейбір республикалықтар да бар. Ол осы себептен Зеленский бөлінген қаражаттың тек жартысын ғана алғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ, Маск Зеленскийді “жеккөрінішті диктатор” деп атап, оны сайлаудан қашып отыр деп айыптап, Украина билігін жемқорлыққа батқан деп сынады. Оның айтуынша, бұл соғыс кейбір тұлғалардың байып кетуіне мүмкіндік беріп отыр.

Масктың бұл мәлімдемелері қоғамда үлкен пікірталас туғызып, әлеуметтік желілер мен БАҚ-та кеңінен талқылануда.

Израиль мен ХАМАС арасындағы бітім тағы бұзылуы мүмкін

Израиль мен ХАМАС арасындағы келіссөздер қайта шиеленісті. Себебі бейсенбі күні ХАМАС Израильге тұтқындардың төрт денесін қайтарғанымен, олардың денесі сәйкес келмеген.

ХАМАС Израильге 7 қазан шабуылы кезінде тұтқынға алынған төрт адамның денесін қайтарды. Олардың арасында 83 жастағы белсенді Одед Лифшиц пен 32 жастағы Шири Бибас және оның екі баласы – 4 жастағы Ариэль мен 10 айлық Кфир бар деп хабарланған.

Алайда Израиль сарапшылары тек үш адамның денесін дұрыс, ал Шири Бибасқа тиесілі болуы тиіс сүйектер басқа адамға тиесілі екенін анықтаған.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху ХАМАС-ты келісімді қасақана бұзды деп айыптады. Алайда олар бұл жағдайды қателік деп түсіндіріп, Израильдің әуе шабуылдары кезінде кейбір тұтқындардың да қаза тапқанын айтты.

Израиль мен ХАМАС арасында 33 тұтқынды 1900 палестиналық тұтқынға айырбастау туралы келісім бар. Бұған дейін 19 тұтқын қайтарылды, ал сегізі қайтыс болған.

Бүгін кезекті тұтқын алмасу өтуі тиіс, бірақ бұл оқиға келіссөздерге кері әсер етуі мүмкін.

Қазіргі уақытта ХАМАС бұл жағдайды зерттеуге уәде берді, ал Израиль тарапы мәселенің қаншалықты қасақана жасалғанын анықтауға тырысуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы