Әлемде: АҚШ-Канада сауда соғысы, Панама-Қытай байланысы және USAID-тің жабылуы
BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.
АҚШ пен Канада баж салықтарын тоқтата тұрмақ
АҚШ пен Канада билігі жақында енгізілген өзара баж салығын уақытша алып тастады. Екі елдің көшбасшысы келісімге келді. Осылайша шектеулер екі күнге де жетпей күшін жойды.
Канада премьер-министрі Джастин Трюдо баж салығының уақытша тоқтатылғаны туралы бірінші болып хабарлады. Ол X әлеуметтік желісінде "президент Трамппен жақсы әңгімеден кейін" енгізілген тарифтер "кемінде 30 күнге тоқтатылатынын" жазды.
Артынан Дональд Трамп TruthSocial желісінде "сенбі күні жарияланған тарифтер 30 күнге тоқтатылады, бұл уақытта Канадамен түпкілікті экономикалық келісім жасау мүмкіндігі қарастырылады" деп мәлімдеді.
Екі көшбасшы сондай-ақ Оттаваның шекара қауіпсіздігіне 1,3 млрд АҚШ долларын инвестициялайтынын және трансшекаралық есірткі айналымына қарсы күресті күшейтетінін айтты.
Канада біздің солтүстік шекарамыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге келісті, – деп жазды Трамп.
Айта кетейік, 1 ақпанда Трамп Канада мен Мексикадан әкелінетін тауарларға 25% баж салығын енгізген еді. Сол күні Трюдо Оттаваның да АҚШ-тан импортталатын тауарларға 103 млрд еуро көлемінде 25% жауапты тариф енгізетінін мәлімдеді.
Ал 3 ақпан күні Мексика президенті Клаудия Шейнбаум АҚШ-Мексика шекарасына 10 мың сарбаз жіберуге уәде еткеннен кейін, Трамп мексикалықтарға салынған тарифтерді 1 айға кейінге шегерді.
USAID-тің штаб-пәтері жабылды
АҚШ-тың халықаралық даму агенттігінің (USAID) Вашингтондағы штаб-пәтері жабылды, ал қызметкерлерге жұмысқа шықпау туралы электрондық хат жіберілді. Бұл туралы CNN телеарнасы хабарлады.
Агенттік басшылығының нұсқауы бойынша Вашингтондағы Рональд Рейган ғимаратында орналасқан USAID штаб-пәтері 2025 жылдың 3 ақпанында агенттік қызметкерлері үшін жабық болады. Штаб-пәтерде жұмыс істейтін қызметкерлер қашықтан жұмыс істейді, ал ғимаратта негізгі қызметтерді атқаратын мамандармен жоғары басшылық жеке байланысады, – делінген CNN-нің қолына түскен электрондық хатта.
Телеарнаның мәліметінше, ғимараттың қабырғаларынан USAID қызметі туралы логотиптер мен фотосуреттер алынып тасталған. Агенттіктің ресми сайты мен X әлеуметтік желісіндегі аккаунты бір күн бұрын жұмысын тоқтатты.
Осыған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп USAID басшылығында өзгерістер болатынын мәлімдеген еді. Ол агенттікті "радикалдар мен ессіздер басқарады" деп айыптады.
Оларды жұмыстан босатамыз, содан кейін шешім қабылдаймыз", – деді Трамп.
БАҚ деректеріне сәйкес, агенттік кейбір қызметкерлерін ақысыз демалысқа жіберген немесе келісімшарттарын бұзған. Бұл әрекет президенттің басқа елдерге көмек бағдарламаларын уақытша тоқтату туралы жарлығын айналып өту әрекетіне байланысты болуы мүмкін.
Бұған дейін USAID-ті Илон Маск та сынға алған. АҚШ президенті оны мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру жөніндегі жаңа департаменттің басшыларының бірі етіп тағайындаған.
Tesla мен SpaceX компанияларының бас директоры USAID-ті "қылмыстық ұйым" деп атап, агенттікті биологиялық қару әзірлеуді және COVID-19-ды қаржыландырды деп айыптады. Алайда Маск бұл мәлімдемесін ешқандай дәлелдермен негіздеген жоқ.
Айта кетейік, USAID – азаматтық халықаралық көмек көрсету мен даму саласындағы ынтымақтастықты басқаратын тәуелсіз агенттік. Оның жылдық бюджеті 42,8 млрд долларды (41,9 млрд еуро) құрайды.
Панама Қытаймен бірлескен жобасын тоқтатады
Панама Қытайдың "Бір белдеу – бір жол" бастамасы аясындағы жобадан шығатын болды. Бұл жоба Панама каналы арқылы сауда қатынастарын дамытуға бағытталған еді. Бұл туралы ел президенті Хосе Рауль Мулино мәлімдеді.
Мен маңызды шешім қабылдап, сіздерге жеткізіп тұрмын. Менің үкіметім 2017 жылғы өзара түсіністік туралы меморандумды ұзартпайды. Сонымен қатар жобаны мерзімінен бұрын аяқтау мүмкіндігін қарастырамыз, – деді Мулино.
Оның бұл мәлімдемесі АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Марко Рубио қатысқан келіссөздерден кейін жасалды.
Президенттің айтуынша, Рубио Панама каналын АҚШ бақылауына қайтару немесе күш қолдану туралы нақты қауіп төндірмеген, бірақ Вашингтон Қытайдың бұл аймақтағы ықпалын АҚШ-Панама арасындағы келісімге қайшы келеді деп санайтынын жеткізген.
АҚШ-тың пікірінше, Қытайдың каналдағы үлесі оның "тұрақты бейтараптық" мәртебесін бұзады, сондықтан оны "жедел өзгерту қажет".
2 ақпанда өткен кездесуде Марко Рубио Панама каналына Қытайдың ықпалы күшейіп келе жатқанына наразылық білдірді.
Қалыптасқан жағдайды өзгерту керек, әйтпесе АҚШ өз мүдделерін қорғау үшін шара қолдануға мәжбүр болады, – деді АҚШ Мемлекеттік департаментінің баспасөз хатшысы Тэмми Брюс.
Мулино Вашингтондегі келіссөздерді "позитивті" деп атады. Ол Панама каналы елдің толық бақылауында қалады деп мәлімдеді. Сондай-ақ екі ел порттардағы жағдайды зерттеу үшін бірлескен техникалық топ құруға келісті.
Бұл келіссөздер Панамада наразылыққа ұласты. Ондаған адам Вашингтонның Панама каналына бақылау орнату әрекетіне қарсы шеруге шықты. Наразылықтың басты себебі – Дональд Трамптың АҚШ-тың каналға қайтадан бақылау орнату туралы мәлімдемесі.
Еуроодақ Босқындар туралы конвенцияны қайта қарастырмақ
Еуропалық Одақ (ЕО) БҰҰ-ның босқын мәртебесі туралы Конвенциясын қайта қарау жоспарын әзірлеуде. Бұл құжат баспана іздеушілерді өмірі мен бостандығына қауіп төнетін елге қайтаруға немесе шекарадан шығаруға тыйым салады. Бұл туралы The Times газеті қолына түскен құжатқа сілтеме жасап хабарлады.
Басылымның мәліметінше, ЕО-ға мүше елдердің көбі 1951 жылы қабылданған және 144 мемлекет қол қойған Конвенцияның қазіргі заманға сәйкес келмейтінін алға тартуда.
Бұл қағидалар Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі мүлде басқа геосаяси жағдайда әзірленгенін атап өту қажет, – делінген The Times зерттеген дипломатиялық құжатта.
Газет соңғы жылдары босқындарды қайтаруға тыйым салатын принцип жиі күмән тудырып жүргенін жазады. Себебі Еуропа елдері босқын мәртебесін беру туралы өтініштердің ағынын реттеуде қиындықтарға тап болуда.
The Times деректеріне сәйкес, 2024 жылы ЕО елдеріне 1 миллионнан астам баспана сұрау өтініші түскен. Бұл жағдай халықтың наразылығын күшейтіп, Еуропада ұлтшыл және радикалды-популистік партиялардың позициясын нығайтуда.