Әлемде: АҚШ-Иран шиеленісі, Қытайдағы тасқын, доллардың құлдырауы

BAQ.KZ тілшісі бір тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

АҚШ пен Иран: соққыдан кейін дипломатиялық жол қарастырылуда

2025 жылғы 27 маусымда Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролин Левитт Иранмен қазіргі уақытта ресми келіссөздер жоспарланбағанын, бірақ АҚШ тарапы "дипломатиялық жолмен" әрекет етіп жатқанын мәлімдеді.

Қазіргі сәтте Тегеранмен ресми келіссөздер кестеге қойылған жоқ, бірақ біз дипломатиялық бағыттамыз, — деді Левитт баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, Президент Трамптың командасы, оның ішінде Таяу Шығыс бойынша арнайы өкіл Стив Уиткофф ирандықтармен байланыс жасап жатыр. Бұған дейін Трамп пен Пит Хегсет Иранның уран қоры "толығымен жойылғанын" мәлімдеген еді.

pixabay.com

Қытай: Гуйчжоу провинциясындағы су тасқынынан 6 адам қаза тапты

Қытайдың оңтүстік-батысындағы Гуйчжоу провинциясының Жунцзян уезінде күшті су тасқыны салдарынан кемінде алты адам қаза тапты. Бұл туралы жергілікті су тасқындарына қарсы штабтың баспасөз қызметі хабарлады. Тасқын соңғы 50 жылдағы ең ірі апат ретінде тіркелді. Су деңгейі күрт көтеріліп, секундына 11 360 текше метрге жеткен. Төменгі аудандарды су басып, жол-көлік инфрақұрылымы мен байланыс жүйелері бұзылды.

Қазіргі таңда су деңгейі қауіпті межеден төмендеген. Арналарды тереңдету, дренаж, дезинфекция және іздеу-құтқару шаралары жүргізіліп жатыр.

Синьхуа

Доллардың құлдырауы

2025 жылдың алғашқы жартысында АҚШ долларының бағамы 10%-ға құлдырап, бұл 1973 жылдан бергі ең ірі төмендеу ретінде тіркелді. Бұл жағдайға Федералдық резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуі мүмкін деген болжам мен Трамптың ФРЖ-ға жаңа төраға тағайындау ниеті себеп болды.

Айта кетейік, 27 маусымда доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 518.34 USD/KZT.

BAQ.KZ - архив

Үндістанда діни мереке басталды

27 маусымда Үндістанда Rath Yatra деп аталатын діни мереке басталды. Тоғыз күнге созылатын шара кезінде бірнеше штатта түрлі мекемелер уақытша жабылып, қоғамдық қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мереке әсіресе Одиша штатының Пури қаласында кең көлемде аталып өтеді. Шараға миллиондаған қажы мен турист ағылады. Мерекеге байланысты бірнеше штатта банктер мен мекемелер уақытша жұмысын тоқтатты. Көлік қозғалысы шектеліп, арнайы медициналық және тәртіп сақшылары күшейтілген жұмыс режимінде жұмыс істеуде.

Бұл индуизмдегі ең маңызды діни шерулердің бірі саналады. Тікенекті жолмен қасиетті арбаларды тарту - күнәлардан тазару символы ретінде қабылданады.

Rath Yatra мерекесі -  Үндістан ғана емес, Непал, Бангладеш, тіпті Ұлыбритания мен АҚШ-тағы үнді диаспорасы арасында да атап өтілетін халықаралық маңызы бар рухани оқиға.

Францияда дауыл салдарынан екі адам көз жұмды

26 маусымда Парижде басталған нөсер жаңбыр мен күшті жел бірнеше ауданды істен шығарды. Қатты нөсер салдарынан 50 жастағы ер адам мен 12 жасар бала қаза тапты. Желдің жылдамдығы 100 км/сағ-тан асты. Ағаштар құлады, көліктер зақымдалды, метро станциялары жабылды, RER пойыздары тоқтады.

RATP мәліметінше, су басуына байланысты қала маңындағы теміржолдар қозғалысы тоқтаған. Қазір коммуналдық қызметтер тазалау және электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Marie-Laure Tirelle / Reuters
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы