Әлемде: АҚШ енді Украинаға көмектеспейді, Израильдегі теракт және Мысырда перғауынның жаңа қабірі табылды
BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.
АҚШ Конгресі Украинаға енді көмектеспейді
АҚШ Конгресі Украинаға жаңа көмекті мақұлдамайды, деп мәлімдеді Өкілдер палатасының спикері Майк Джонсон Newsmax телеарнасында.
Ол Украинаға қосымша көмек көрсетуге қызығушылықтың жоқ екенін және қаржы бөлуді тоқтату керектігін айтты, өйткені "бұл мәселе тым ұзаққа созылып кетті".
Республикалық партия өкілі Джонсон бұл мәселеге ешкімнің "құлқы жоқ" екенін атап өтті. Оның айтуынша, алдымен Украинадағы соғысты аяқтау қажет.
Біздің еуропалық одақтастарымыз да мұны түсінеді, – деді ол.
Reuters агенттігінің мәліметінше, АҚШ-та бюджет мәселелерін ең алдымен Өкілдер палатасы шешеді. Онда ел президенті Дональд Трамптың саясатын қолдайтын республикалықтар көпшілікке ие.
Израильде автобустардағы жарылыстар бойынша тергеу жүріп жатыр
Израильдің Бат-Ям қаласында, Тель-Авивтің оңтүстігінде тұрақта тұрған үш автобус жарылды. Израильдік БАҚ-тың хабарлауынша, тағы екі жарылғыш құрылғы залалсыздандырылды. Алдын ала мәлімет бойынша қаза тапқандар мен жараланғандар жоқ.
Бат-Ям билігінің мәліметінше, автобустар "жарылыс болмай тұрып тұраққа келіп үлгерген" деп хабарлайды The Times of Israel. Басылымның дерегінше, 5 бомбаның таймерлері 21 ақпан таңында бір мезетте іске қосылатындай бағдарламаланған. Әр құрылғыда 5 келі жарылғыш зат болған. Кейін полиция Бат-Ям мен Холон қалаларындағы автобустардан тағы төрт жарылғыш құрылғы тапқанын мәлімдеді.
Израиль билігі бұл оқиғаны "стратегиялық теракт жасау әрекеті" деп бағалады. Тергеуге Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) мен Шин-Бет қауіпсіздік қызметі қатысып жатыр.
Испания футбол федерациясының экс-басшысы сотталды
Испанияның Корольдік футбол федерациясының (RFEF) бұрынғы басшысы Луис Рубиалес 2023 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионатында жартылай қорғаушы Дженнифер Эрмосоны оның келісімінсіз сүйгені үшін сексуалды зорлық бойынша кінәлі деп танылды. Бұл туралы The Guardian басылымы хабарлады.
Сот шешімі бойынша, бұрынғы футбол басшысы 13 000 еуродан астам айыппұл мен өтемақы төлеуге міндеттелді. Сондай-ақ оған бір жыл бойы Эрмосоға 200 метрге дейін жақындауға және онымен қандай да бір байланыс орнатуға тыйым салынды.
Әйелді ернінен сүю – айқын сексуалды астары бар әрекет және ол адамдардың жақын қарым-қатынаста емес жандарға білдіретін сәлемдесу түрі емес, – деп атап өтті судья.
Рубиалес өз әрекетін ақтап, "мен оның рұқсат бергеніне толық сенімдімін" деп мәлімдеді. Ол үкімге қарсы апелляция беретінін айтты.
Өз кезегінде Дженнифер Эрмосо "мұндай нәрсе болмауы керек еді" деп мәлімдеп, ол кезде өз бастық болған адамның оны мәжбүрлегенін растады.
Мысырда 100 жылдан бері алғаш рет перғауынның қабірі табылды
Мысыр мен Ұлыбритания зерттеушілерінің тобы шамамен 3500 жыл бұрын билік еткен перғауын Тутмос II-нің қабірін тапты. Алғашында археологтар бұл жерден перғауынның әйелдерінің бірінің жерленген орнын табамыз деп ойлаған, бірақ бұл тікелей перғауынның өзіне тиесілі екені анықталды. Бұл – 1922 жылы Тутанхамон-ның қабірі табылғаннан бергі алғашқы осындай ірі жаңалық.
Қазба жұмыстары Фиван некрополінің батыс бөлігінде, Луксор қаласына жақын маңда жүргізілді. Ғалымдар XVIII әулет перғауындарының жерлеу бөлмелері одан екі шақырымнан астам қашықтықта, Патшалар аңғарында орналасқан деп есептеген. Мысырдың Туризм және көне жәдігерлер министрлігі қабірдің кіреберісі 2022 жылы анықталғанын хабарлады. Алғашында ғалымдар оның бір перғауын әйелінің жерлеу орнына апаратынын болжаған.
Алайда олар қабір ішіне кіргенде көгілдір түске боялған төбені көрді – бұл перғауындарға тән белгі.
Төбенің бір бөлігі бүлінбей сақталған: ол көгілдір түске боялып, сары жұлдыздармен безендірілген. Мұндай төбе тек перғауындардың қабірлерінде кездеседі. Мұндай сәтте сезінетін эмоциялар – абсолютті таңданыс, себебі күтпеген жаңалыққа кезігесің, бұл өте күшті сезім. Мен жерлеу бөлмесінен шыққанда, әйелім сыртта күтіп тұрды. Бар істегенім – жылап жіберу болды, – деді қазба жұмыстарының жетекшісі Пирс Литерленд BBC-ге берген сұхбатында.