Әлемде: АҚШ БҰҰ-дағы Украина бойынша қарарларда Ресейді қолдады

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жарияланған жаңалықтар топтамасын назарларыңызға ұсынады.

АҚШ БҰҰ-дағы Украина бойынша қарарларда Ресейді қолдады

Фото: REUTERS

АҚШ Ресейдің Украинаға басып кіруінің үшінші жылдығына арналған БҰҰ-дағы дауыс беру кезінде екі рет Ресейді қолдап, Трамп әкімшілігінің соғысқа қатысты ұстанымының өзгергенін көрсетті, деп хабарлайды ВВС агенттігі.

Алдымен екі ел Нью-Йорктегі БҰҰ Бас Ассамблеясында (БҰҰ БА) қабылданған, Мәскеудің әрекеттерін айыптап, Украинаның аумақтық тұтастығын қолдайтын Еуропа әзірлеген қарарға қарсы шықты.

Кейін олар АҚШ дайындаған, қақтығысты тоқтатуға шақыратын, бірақ Ресейге қатысты ешқандай сын айтылмаған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын қолдады.

Қауіпсіздік Кеңесінің қарары қабылданды, бірақ АҚШ-тың екі негізгі одақтасы – Ұлыбритания мен Франция, мәтінге түзетулер енгізу әрекеттері сәтсіз аяқталғаннан кейін, дауыс беруде қалыс қалды.

Бұл бәсекелес қарарлар Франция президенті Эммануэль Макрон Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесіп, соғысқа қатысты өткір келіспеушіліктерді реттеуге тырысқан кезде ұсынылды.

Бейсенбі күні Ұлыбритания премьер-министрі сэр Кир Стармер де жаңа америкалық көшбасшымен кездесу үшін сапар жасайды.

Трамптың Ақ үйі Мәскеуге жағымпаздана отырып және Американың Еуропа қауіпсіздігіне деген ұзақ мерзімді адалдығына күмән келтіріп, трансатлантикалық альянсты төңкеріп жіберді.

Бұл алауыздық дүйсенбі күні 193 мүшеден тұратын БҰҰ Бас Ассамблеясында айқын көрінді. АҚШ дипломаттары "Ресей-Украина қақтығысы" кезінде қаза тапқандарға көңіл айтып, оны тезірек тоқтатуға шақыратын шектеулі қарарын ұсынды.

Еуропалық дипломаттар Ресейдің кең ауқымды басып кіруін айыптап, Украинаның егемендігі мен аумақтық тұтастығын қолдайтын неғұрлым егжей-тегжейлі мәтінді енгізді.

Біз агрессияны айыптауымыз және оны қолдамауымыз керек, - деді Украинаның сыртқы істер министрінің орынбасары Марьяна Беца.

БҰҰ Бас Ассамблеясының мүшелері еуропалық қарарды 93 дауыспен қолдады, бірақ АҚШ әдеттегідей қалыс қалмай, керісінше, Ресей, Израиль, Солтүстік Корея, Судан, Беларусь, Венгрия және тағы 11 мемлекетпен бірге оған қарсы дауыс берді, 65 мемлекет қалыс қалды.

БҰҰ Бас Ассамблеясы АҚШ қарарын да қабылдады, бірақ оған Украинаға қолдау көрсететін түзетулер енгізілгеннен кейін ғана, бұл өзгерістерге байланысты АҚШ қалыс қалды.

Борис Джонсон Зеленскийге қатысты Трамптың "сұмдық" пікірлерін сынға алды

Фото: REUTERS/Amr Alfiky

Sky News агенттігінің мәліметінше, Борис Джонсон Украина президенті Владимир Зеленскийге қатысты Дональд Трамптың "сұмдық" пікірлерін сынға алды.

Дональд Трамптың Украина президенті Владимир Зеленскийге бағыттаған тіл тигізулері "жиренішті" және "толықтай жалған" деп мәлімдеді Борис Джонсон.

Ресейдің кең ауқымды соғысына қарсы Ұлыбританияның жауабын басқарған және көптеген украиндықтар қаһарман ретінде санайтын бұрынғы премьер-министр қақтығыстың әлі де жалғасып жатқаны "сұмдық" екенін айтты.

Мен Украина халқының қайғы-қасіреті үшін шын жүректен алаңдаймын, әсіресе олардың азабы мені қатты күйзелтеді, - деді ол.

Алайда ол Трамптың Зеленскийге қарсы бірнеше ауызша шабуылдарын, соның ішінде оны "сайлаусыз билік жүргізіп отырған диктатор" деп атауын және соғысқа Украинаны кінәлауын сынға алды.

Вашингтоннан соғысты кім бастады және [Украина президенті Владимир] Зеленский – диктатор деген пікірлерді есту – сұмдық! Біз бәріміз мұның толықтай жалған екенін білеміз, -  деп ашық айтты Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Борис Джонсон.

Дегенмен, бұрынғы премьер-министр АҚШ көшбасшысының әлі де Киевті қолдайтынына сенетінін және Ресей президенті Владимир Путиннің Украинаның болашағын айқындауына жол бергісі келмейтінін айтты.

Мен Украина мен оның жеңіске жету мүмкіндігіне қатысты әлі де оптимистік көзқарастамын, - деді ол.

Оңтүстік Корея соты Юн Сок Ёльдің импичменті бойынша қорытынды мәлімдемелерді тыңдайды

Фото: REUTERS

Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль сейсенбі күні Конституциялық сотта импичмент ісі бойынша қорытынды мәлімдеме жасайды деп күтілуде. Қоғамдық тыңдаулар аяқталуға жақын, ал оның саяси тағдыры сегіз судьяның қолында, деп хабарлайды Reuters.

Егер сот 2024 жылғы 3 желтоқсанда ешқандай заңды конституциялық негізсіз әскери жағдай енгізгені үшін айыптаған парламенттің импичментін қолдаса, Юн бес жылдық президенттік мерзімінің үш жылына жетпей-ақ қызметінен шеттетілуі мүмкін.

Президент сотта әскери жағдай жариялауға құқығы бар екенін, бірақ толық әскери басқаруды енгізуді ешқашан жоспарламағанын мәлімдеді. Ол мұны оппозициялық Демократиялық партияның парламенттегі көпшілікке ие болуын асыра пайдалануы мүмкін екендігіне ескерту ретінде жасағанын айтты.

Юн мен парламенттің әділет жөніндегі комитетінің төрағасы Чон Чон Рэ сейсенбі күні жергілікті уақытпен 14:00-де басталатын тыңдауда соңғы мәлімдемелерін жасайды. Судьялар оны қызметінен босату немесе қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдауға бірнеше күн жұмсауы мүмкін.

Сот барысында Юн әскери жағдайдың тек алты сағатқа созылғанын және ол жарлықты кері қайтарып үлгергенін айтты. Оның пікірінше, бұл сәтсіздік емес, тек ойлағанынан ерте аяқталған шара.

Сондай-ақ, ол әскери қолбасшыларға парламентке басып кіріп, әскери жағдайды жоюға жиналған заң шығарушыларды тарату туралы бұйрық берді деген айыптауларды жоққа шығарды. Оның айтуынша, "ештеңе болған жоқ" және ешкім зардап шеккен жоқ, сондықтан бұл мәселені талқылаудың қажеті жоқ.

Юнның уәждері парламент тарапынан сынға ұшырады. Парламент президенттің елде төтенше жағдайды анықтауға қабілетсіз екенін және егер ол қызметіне қайта оралса, әскери жағдайды тағы да енгізуге тырысуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы