Әлемде: Ақ үй жанындағы атыс, Гонконгтағы өрт, Батыс Африкадағы төңкеріс

BAQ.KZ тілшісі соңғы тәулік ішінде болған маңызды халықаралық жаңалықтар топтамасын ұсынады. Бұл шолуда әлемдегі жалпы жағдайды көрсететін оқиғалар қамтылды.

Вашингтондағы Ақ үй жанында атыс

Вашингтон орталығында Ақ үйдің жанында атыс болды. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрі Кристи Ноэмнің Twitter (X) желісіндегі хабарламасына сәйкес, оқиға салдарынан ұлттық гвардияның екі қызметкері зардап шекті.

Жасанды интеллект/BAQ.KZ

Колумбия округінің полициясы бір күдіктінің ұсталғанын және оқиға орнын құқық қорғау органдары бақылап тұрғанын мәлімдеді. Қала тұрғындары мен қонақтаына атыс болған аймаққа бармау ұсынылды.

Ақ үйдің баспасөз хатшысы Кэролайн Ливитт АҚШ президентіне оқиға туралы хабарланғанын, ал федералдық қызметтердің жағдайды бақылауда ұстап отырғанын айтты. 

Гонконгтағы өрт: 44 адам қаза тапты

Reuters

Гонконгтың солтүстігіндегі Wang Fuk Court тұрғын үй кешенінде болған өрттен 44 адам қайтыс болды. Жүздеген тұрғын әлі де із-түзсіз жоғалған.

Билік өрт кезінде ғимаратта жөндеу жүргізген құрылыс компаниясына қатысты үш адамды, яғни екі фирма басшысы мен инженер-консультантты ұстады. Оларға абайсызда адам өлтіру күдігі бойынша айып тағылуда. Полиция ғимарат қабырғаларынан отқа төзімсіз материалдарды тапты.

Өрт сегіз ғимараттың жетісін қамтып, оны сөндіруге 700-ден астам өрт сөндіруші жұмылдырылды. Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз, бірақ ол жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде басталғаны белгілі.

Өрт жергілікті уақыт бойынша сәрсенбі күні 14:51-де басталды және өртке ең жоғары бесінші қауіп деңгейі берілді.

Бразилия: Болсонару түрмеде жазасын өтей бастады

BAQ.KZ

Бразилияның бұрынғы президенті Жаир Болсонару төңкеріс жасауға әрекет жасағаны үшін сотталғаннан кейін 27 жылдық түрме жазасын өтей бастады. Ол Федералдық полицияның штаб-пәтерінде теледидар, мини-тоңазытқыш және кондиционері бар кіші камерада қамауда отыр.

Сот апелляцияны қабылдамады. Болсонару 2022 жылғы сайлаудан кейін президенттікке келуге кедергі жасауға бағытталған жасырын жоспар құрғаны үшін кінәлі деп танылды. 

Прокурорлар төңкеріс әрекеті жоғары әскери басшылықтың қолдауы болмағандықтан сәтсіз болғанын атап өтті.

Ұсталғанға дейін Болсонару үйқамақта болды. Сол кезде ол электронды білезікті зақымдауға әрекет жасады. 

Гвинея-Бисауда төңкеріс

Батыс Африкадағы Гвинея-Бисауда президент сайлауы өткеннен кейін үш күн ішінде төңкеріс болды. Президент Умаро Сиссоко Эмбало әскерилер тарапынан ұсталып, Қарулы күштер Бас штабының басшысы, орынбасары және Ішкі істер министрі де қамауға алынды.

Әскерилер «Тәртіпті қалпына келтірудің Жоғарғы әскери штабын» құрып, ел шекараларын жауып, халықты сабыр сақтауға шақырды.

Куәгерлер астанадағы президент сарайы мен Орталық сайлау комиссиясы ғимараты жанында атыс болғанын хабарлады. 

Әскер формасын киген адамдар сарайға апаратын жолдардағы стратегиялық нүктелерді бақылауға алды.

Президент пен парламент сайлауы 23 қарашада өтті. Ресми нәтижелер 27 қарашада жариялануы тиіс еді. Гвинея-Бисауда халық саны шамамен екі миллионға жетті. 

Соңғы 55 жылда елде тоғыз рет төңкеріс жасау әрекеті болды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы