Әлемде: Аляскадағы әскери ұшақ апаты, Түркиядағы қонақүйдегі өрттің себебі

BAQ.KZ тілшісі әлемде соңғы тәулікте болған оқиғаларға шолу жасап, жария болған жаңалықтар топтамасын ұсынады.

Кореяда тағы ұшақ өртенді

Кимхэ халықаралық әуежайында жолаушылар ұшағы өртеніп кетті.

Оқиға Пусан қаласының халықаралық әуежайында болды. YTN басылымының мәліметінше, өрт сөндірушілер оқиға орнына шамамен 10 минутта жеткен. Өрт бір сағат ішінде сөндірілді, бірақ жалын қатты болғандықтан, ұшақтың көп бөлігі жанып кеткен.

Оқиға кезінде бортта 169 жолаушы мен жеті экипаж мүшесі болған. Барлығы өрт сөндірушілер келгенге дейін эвакуацияланды.

Үш жолаушы мен төрт экипаж мүшесі медициналық көмек алу үшін ауруханаға жеткізілді. Олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

Түркиядағы қонақүйдегі өрттің себептері жарияланды  

Болу қаласының прокуратурасы жүргізген тергеу материалдары мен күдіктілердің түсініктемелеріне сүйенген Sabah газеті өрт 21 қаңтар күні таңертең қонақүй мейрамханасының асханасында басталғанын хабарлады. Ол ғимараттың төменгі қабаттарының бірінде орналасқан.  

Таңғы ас дайындау кезінде бас аспаз Файсал Явер мен оның көмекшілері гриль пайдаланған. Сол сәтте қызып тұрған май кенеттен тұтанып кеткен. Қызметкерлер оны дұрыс сөндірудің орнына (қақпақпен жабу немесе арнайы өрт сөндіргіш қолдану), абдырап, майға су құя бастаған.  

Бұл жағдайды одан әрі ушықтырды: жанып жатқан май жан-жаққа шашырап, өрттің аумағы лезде ұлғайды. Жалын вентиляциялық құбырлар арқылы сорғыш жүйеге өтіп, бүкіл ғимаратқа тез таралды.  

Асхана қызметкерлері жағдайды бақылауда ұстай алмай, бөлмені тастап кеткен.  

Олардың қателіктері мен майдың тұтануын сөндіру жөніндегі білімінің болмауы өрттің бүкіл қонақүйді шарпуына және ауыр қайғылы жағдайға алып келуіне негізгі себеп болды, – делінген жарияланымда.  

Бұған дейін 78 адамның өмірін қиған бұл оқиғаға байланысты 15 адам күдікті деп танылған еді.

Палестиналықтар Газа секторына орала бастады

ВВС агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, өткізу бекеті ашылған екі сағаттың ішінде 200 мың адам өткен.

Белгілі болғандай, тұрғындарға Газаның солтүстік секторына жаяу өтуге рұқсат берілген.

Израиль палестиналықтарға ХАМАС тұтқынға алынған Арбель Йехудты босатқанға дейін Газа секторының солтүстігіне оралуға рұқсат бермеген. Кейінірек Израильдің премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудың кеңсесі бейсенбіде үш, сенбіде үш тұтқынды босату туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Олардың арасында Йехуд та бар.

ХАМАС адамдардың оралуын "палестиналықтардың жеңісі" деп атады.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 2023 жылғы 7 қазандағы шабуыл кезінде қолға түскен 251 тұтқынның ішінен Газада 87 адам қалды.

Әскери ұшақ апаты

Аляскада америкалық F-35 әскери жойғыш ұшағы апатқа ұшырады.  

AP News мәліметінше, әуе апаты "Эйлсон" базасынан ұшып шыққаннан кейін оқу-жаттығу ұшу кезінде болған. Бейнежазбалардан ұшақтың ауада айналып, жерге құлап, күшті жарылыс болғанын және оқиға орнында от бағанасы көтерілгенін көруге болады. Пилот катапультпен секіріп үлгерген, ол ауруханаға жеткізілді.  

Оқиғаның себептері анықталуда, тергеу жүргізіледі, – делінген хабарламада.  

Айта кетейік, F-35A – АҚШ армиясында F-16 Fighting Falcon мен A-10 Thunderbolt II ұшақтарының орнын басқан бесінші буынның заманауи жойғышы. Бір ұшақтың орташа бағасы шамамен 80 миллион доллар тұрады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы