Әлемде алғаш рет бір ел барлық азаматына ChatGPT Plus-ты тегін ұсынады
Арнайы курстан өткен тұрғындар ChatGPT Plus қызметін бір жыл тегін пайдалана алады
OpenAI америкалық компаниясы мен Мальта үкіметі осы елдің барлық азаматына ChatGPT Plus қызметін ұсынуға арналған әлемдегі алғашқы серіктестік жобасын жариялады.
Бұл туралы компанияның ресми сайтында хабарланды. Мәліметке сәйкес, азаматтар Мальта университеті әзірлеген арнайы курс арқылы жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолдануды үйрене алады. Курсты аяқтағаннан кейін ел тұрғындары ChatGPT Plus қызметін бір жыл бойы тегін пайдалану мүмкіндігіне ие болады.
Бағдарламаның алғашқы кезеңі мамыр айында басталады. Мальтаның цифрлық инновациялар басқармасы бағдарлама талаптарына сай келетін қатысушыларға қолжетімділік берумен айналысады. Болашақта курсқа қатысатын ел тұрғындары мен шетелдегі азаматтар саны көбейген сайын жоба ауқымы да кеңейтілмек.
Мальта мұндай ауқымдағы серіктестікті іске қосқан алғашқы мемлекет болды. Себебі біз цифрлық дәуірде азаматтарымыздың өзгелерден қалып қойғанын қаламаймыз. Біз халқымызды жаһандық өзгерістердің алдыңғы қатарына шығарып жатырмыз, – деді Сильвио Шембри.
Ал OpenAI компаниясы бұл серіктестіктің арқасында Мальтаның жасанды интеллектіге қолжетімділік ұсыну бойынша Еуропа мен әлемдегі көшбасшы елдердің біріне айналып отырғанын атап өтті. Компания өкілдері Мальтаның бастамасын басқа мемлекеттер де жалғастырады деген үміт білдірді.
Мальта – Оңтүстік Еуропада, Жерорта теңізінде орналасқан парламенттік республика. Арал мемлекетінің аумағы 320 шаршы шақырымды құрайды. Халқының саны 500 мыңнан асады.
Қазіргі уақытта ChatGPT Plus жазылымының құны айына 20 доллар болып отыр.