Әлемде: Абу-Дабиде шабуылдан кейін ірі зауыт өртенді, АҚШ-та 42 млрд шығын, Пәкістанда апаттан 45 адам қаза тапты
Абу-Дабиде шабуылдан кейін ірі зауытта өрт шықты, АҚШ миллиардтаған шығынға батты, ал Пәкістанда табиғи апат адам шығынына әкелді. Не болып жатыр?
Абу-Дабидегі шабуыл, АҚШ-тың миллиардтаған шығыны, Иран мәлімдемесі, Индонезиядағы жанартау және Пәкістандағы су тасқыны – әлемдегі соңғы оқиғаларға шолу. BAQ.KZ тілшісі әлемдегі басты оқиғаларға шолу жасап, назарларыңызға ұсынады.
Абу-Дабиде шабуылдан кейін ірі мұнай-химия зауыты өртенді
БАӘ астанасы Әбу-Дабидегі Borouge мұнай-химия кешеніне жасалған шабуылдан кейін өрт шықты. Әуе қорғаныс жүйелері шабуылды тойтарғанымен, құлаған сынықтар өндіріс аумағында бірнеше жерде өрттің тұтануына себеп болған. Оқиғадан кейін зауыт жұмысы тоқтатылып, шығын көлемі есептеліп жатыр. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ.
АҚШ Ирандағы операцияға 42 млрд доллардан астам қаржы жұмсаған
АҚШ-тың Ирандағы әскери операциясына небәрі 37 күн ішінде 42,1 млрд доллар жұмсалған. Есептеулерге сәйкес, алғашқы алты күннің өзінде 11,3 млрд доллар кеткен. Ал кейінгі кезеңде Вашингтон күн сайын шамамен 1 млрд доллар жұмсауды жоспарлаған. Бұл деректер арнайы мониторинг порталы арқылы жарияланды.
Иран парламенті Трампты «қауіпті ойыннан бас тартуға» шақырды
Иран парламентінің спикері Мохаммад Багер Галибаф Дональд Трамптың әрекеттерін қатаң сынға алды. Ол АҚШ саясатының салдары ауыр болатынын айтып, Трампты Израиль премьері Нетаньяхудың ықпалында әрекет етіп отыр деп айыптады. Сондай-ақ, Иран тарапынан «нақты шешім – халыққа құрмет көрсету және қауіпті саясаттан бас тарту» екені айтылды.
Индонезияда Семеру жанартауы қайта-қайта атқылап жатыр
Индонезиядағы ең белсенді жанартаулардың бірі – Семеру бірнеше рет атқылап, күлді 1000 метрге дейін көтерді. Атқылау кезінде ұзындығы 3,5 км-ге жететін пирокластикалық ағын тіркелген. Қауіптің үшінші деңгейі жарияланып, жанартауға жақын 5 км аумақта барлық қызмет шектелді.
Пәкістанда су тасқыны: ондаған адам қаза тапты
Пәкістанның Хайбер-Пахтунхва провинциясында нөсер жаңбыр салдарынан кемінде 45 адам қаза тауып, 105 адам жарақат алды. Табиғи апат 442 тұрғын үйге зиян келтіріп, оның 60-ы толық қираған. Билік алдағы күндері тағы да қатты жауын-шашын күтілетінін ескертіп, тұрғындарды қауіпті аймақтарға бармауға шақырды.