Әлемде 2022-2023 жылдары азық-түлік бағасы қымбаттайды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Азық-түліктің әлемдік бағасы 2022 жылы да, 2023 жылы да жоғары деңгейде қалады деп күтілуде.
Бұл туралы ҚР Ұлттық банк Төрағасы Ғалымжан Пірматовтың мәлімдеді.
Сыртқы секторда инфляцияның жаһандық деңгейде қарқын алуы үздіксіз жалғасып келеді. Оның өсуіне азық-түліктің қымбаттауы айтарлықтай үлес қосады. Биыл наурызда ФАО азық-түлік бағаларының индексі 1990 жылдан бері ең жоғары деңгейге жетті. Өткен жылдың өзінде ол 33,6%-ға өсті. Азық-түліктің әлемдік бағасы 2022 жылы да, 2023 жылы да жоғары деңгейде қалады деп күтілуде, - деді Пірматов Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме бойынша қабылдаған шешімі туралы баспасөз мәслихатында.
Ол азық-түлік пен шикізаттың негізгі нарықтарындағы сұраныс пен ұсыныс арасында дисбаланс байқалатынын атап өтті.
Бұл геосаяси дағдарыс, тыңайтқыштардың жоғары бағасы, сондай-ақ тауар жеткізу жолдарындағы проблемалар аясында орын алып отыр.Мұнай бағасы да жоғары деңгейде қалып отыр. Әлемдік нарықта болжамдар аздап төмендеу жағына қарай қайта қаралуда. Бұл ретте, сарапшылардың болжамы бойынша, мұнай бағасы 2022-2023 жылдары орташа есеппен 90-100 доллар аралығында қалыптасады. Осындай болжамның әсерінен дамыған экономикаларда және негізгі сауда әріптес елдерінде инфляция айтарлықтай өсті, бұл импортталатын инфляцияның көтерілуіне ықпал етеді, - деп мәлімдеді ол.
Ғ.Пірматовтың айтуынша, тұтынушылық белсенділіктің оң серпіні кезінде сұраныс пен ұсыныстың алшақтығы күшейеді.
Бұл жоғары жаһандық инфляцияның басты себептерінің бірі болып саналады. Халықаралық валюта қорының болжамы бойынша, 2022 жылы жаһандық инфляция жоғары болып қалады. Дамыған елдерде инфляцияның өсуі бойынша болжамдық көрсеткіш 3,9%-дан 5,7%-ға дейін, ал дамушы елдерде – 5,9%-дан 8,7%-ға дейін артады. Инфляцияның жоғары деңгейде орнығу тәуекелдерінің артуы бойынша дамыған елдер өздерінің алдағы іс-әрекетіне қатысты ақша-кредит талаптары мен риториканы күшейтуде, - деді Ұлттық банк төрағасы.