Әлемде 160 млн бала жұмысқа заңсыз тартылған
12 маусым – Дүниежүзілік балалар еңбегіне қарсы күрес күні. Бұл күн бүкіл әлемде оқудың орнына жұмыс істеуге мәжбүр болған миллиондаған балаларға назар аударуды мақсат етеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
БҰҰ мәліметі бойынша 160 млн бала еңбекке тартылған. Бұл - әлемдегі әрбір оныншы бала жұмыс істейді дегенді көрсетеді.
Биыл Балалар еңбегіне қарсы күрес күні - Балалар еңбегінің ең нашар түрлеріне тыйым салу және жою жөніндегі шұғыл шаралар туралы конвенцияның қабылданғанына 25 жыл толуына арналды.
Айта кетейік, Қазақстан бұл Конвенцияны 2002 жылы ратификациялаған, сондай-ақ жұмысқа орналасу үшін ең төменгі жас туралы конвенция да қабылданған болатын. Осыған қарамастан, жасөспірімдерді заңсыз жұмысқа тарту фактілері әлі де орын алуда. Сондықтан бұған қарсы жүйелі, салмақты күрес жүргізу қажет. Балалар еңбегі жеткіншектерімізді құқығынан айырады және олардың болашағына қауіп төндіреді.
Балалар еңбегін жою жөніндегі жұмыс бірлескен күш-жігерді қажет етеді әрі білім беру мен әлеуметтік қызметтерден бастап құқық қорғау ұйымдарына дейінгі барлық деңгейде жүргізілуі керек. Олардың қауіпті жұмыс орындарында жұмыс жасауына жол бермеу және қауіпсіз мектептер мен сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін әлі де біраз жұмыс істеу қажет. Ал бала еңбек жасына жеткен жағдайда, оған қауіпсіз еңбек жағдайларын жасау біздің парызымыз. Біз бірге бұл мәселенің алдын аламыз. Егер сіздің айналаңызда денсаулығына, қауіпсіздігіне немесе моральдық қасиеттеріне қауіп төнген балалар болса, құзырлы органдарға хабарлаңыз, бей-жай қарап қалмаңыз. Қауіпсіз, бақытты болашақты, балалық шақты бірге жасайық!, - деді Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев.