Әлемде 100-ден астам радиофармацевтикалық препарат тіркелген, бірақ бізде олардың екеуі ғана бар
Сенатор Айнұр Арғынбекова елімізде ядролық медицинаны дамыту үдерісін жеделдетуді ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ядролық медицина денсаулық сақтаудың негізгі бөлігіне айналып келеді. Бұл әсіресе қатерлі ісік пен жүрек-қан тамырлары ауруларымен күресуде аса маңызды. Сенатор Айнұр Арғынбекова Қазақстанда осы бағыттың дамуы туралы өзінің депутаттық сауалында жария етті.
Депутаттың айтуынша, бұл істе молекулалық диагностика технологиясы, оның ішінде компьютерлік томографиясы бар позитронды-эмиссиялық томография маңызды рөл атқарады. Олар патологиялық ошақтарда жиналатын мамандандырылған жабдықтар мен радиофармацевтикалық дәрілік препараттардың (РФДП) арқасында аурулардың өршуін анықтауға және бақылауға мүмкіндік береді.
Әлемде 100-ден астам радиофармацевтикалық дәрілік препараттар тіркелген, бірақ Қазақстанда олардың тек екеуі ғана бар, бұл тіркеу және лицензиялау ісіндегі шектеулерге байланысты. Бұл жағдай, бір жағынан біздегі өткізу нарығының аздығына, екінші жағынан, радиофармацевтикалық дәрілік препараттарды тіркеу және радионуклидтік диагностика қызметін лицензиялау ісінің тым күрделі рәсіміне байланысты. Осының бәрі, ядролық медицина қарыштап дамып бара жатқан бүкіл әлемнен айырмашылығы, бізде кешенді түрде қарағанда, соңғы онжылдықта радионуклидтік диагностика қызметінің саны мен аясы өзгеріссіз қалып отыр. Көптен бері жаңа препараттар да жасалған жоқ, - деді сенатор.
Сонымен қатар, Айнұр Арғынбекова пациенттердің жылдам сауығуы мен қызмет көрсету мүмкіндігін шектейтін ұзақ және қымбат тіркеу процесіне назар аударды. Мысалы, қазіргі уақытта циклотронның бұзылуы және тіркелген РФДП-ның болмауы нәтижесінде сырқаттарды зерттеу тоқтатылады, бұл медициналық көмекке мұқтаж көптеген адамдарға кезек пен күту уақытының көбеюіне әкеледі.
Осы проблемаларды жою үшін ядролық медицина орталықтарына радиофармацевтикалық дәрілік препараттарды мемлекеттік тіркеу және сараптау қағидаларын халықаралық медициналық практикада жақсы зерттелген препараттарды тіркеуді жеделдету және ультра қысқа өмір сүретін радиофармпрепараттарға арналған ұлттық рәсім аясында сараптама жүргізу жөнінде өзгерту қажет деп санаймын, - деді сенатор.